Арада он жыл өткенде Gen.T үміт күттіретін жас таланттардың қатардағы тізімінен аймақтағы жаңа буын көшбасшыларына арналған ең ықпалды платформалардың біріне айналды. Осы уақыт ішінде жоба шеңберінен жүздеген бизнесмен, жаңашылдар, ғалымдар, спортшылар, суретшілер мен қоғам қайраткерлері өтті. Олардың идеялары мен бастамалары бүгінде бүкіл Азия бойынша миллиондаған адамның өмірін өзгертіп жатыр. 2026-жылы Gen.T аймақтағы он нарықтың көшбасшыларын біріктіріп отыр. Бұл жай ғана рейтинг емес, қайта кәсіпкерлік, мәдениет, технология, спорт және әлеуметтік өзгерістер тоғысатын толыққанды қауымдастық.
Gen.T-дің мерейтойлық оныншы жылы Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. Еліміз тұңғыш рет осы жалпыазиялық платформаға қосылып, он жыл бойы бүкіл аймақтағы жаңа есімдер мен тың идеялардың пайда болуын тіркеп келе жатқан қауымдастықтың бір бөлшегіне айналды. Қазақстанның бұл тізімге қосылуы – жоба ауқымының жай ғана кеңеюі емес. Бұл – Орталық Азияда ықпалы ұлттық шекарадан әлдеқайда асып түсетін кәсіпкерлердің, спортшылардың, ғалымдардың, өнер адамдары мен визионерлердің тұтас бір буыны қалыптасқанының айқын дәлелі. Gen.T жобасының Қазақстанға келуі – «нағыз табыс дегеніміз не?» деген тақырыпта жаңаша ой өрбітуге үндеу. Өйткені қазіргі басты мәселе адамның қандай биікті бағындырғанында ғана емес, оның арқасында әлемде ненің өзгергенінде жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Gen.T дегеніміз не – Қазақстанда тұңғыш рет іске қосылған Tatler Asia жобасы
Tatler ешқашан Gen.T-ді жай ғана тізім демейді. Ресми сипаттамаларда ол үнемі platform, community platform немесе ecosystem ретінде аталады. Тізім – бұл мұрағат. Ал платформа – инфрақұрылым. 2016 жылы жоба алғаш іске қосылғанда, ол расымен де азиялық кәсіпкерлер мен креативті көшбасшылардың жаңа буынын тіркеп алу тәсілі сияқты көрінетін. Алайда өте қысқа уақыт ішінде бұл бастама үлкен экожүйеге ұласты. Tatler жас көшбасшыларды тауып қана қоймай, оларды түрлі іс-шаралар, редакциялық жобалар, серіктестіктер және аймақтық байланыс желісі арқылы өзара табыстыра бастады. Мұндай тәсіл орасан зор, қарқынды дамып келе жатқан, бірақ тарихи тұрғыдан бытыраңқы Азия аймағы үшін өте ұтымды шешім болып шықты. Сингапурлік жас кәсіпкердің Бангкоктан келген дизайнермен немесе Гонконгтегі технологиялық компанияның негізін қалаушымен бір кәсіби ортада кездесуі сирек құбылыс екені жасырын емес. Ал Gen.T дәл осындай байланыстар орнайтын кеңістік ұсына алды.
Сондықтан бүгінде Tatler таланттар тізімі туралы емес, бір-бірінің ықпалын арттыруға қауқарлы адамдар қауымдастығы туралы айтады. Бұл соңғы он жылда көшбасшылық ұғымының өзі қалай өзгергенін анық көрсетеді. Егер бұрын табыс жеке бастың жетістігі ретінде ғана қабылданса, қазір адамдардың басын біріктіріп, ұжымдық өзгерістерге мұрындық болу қабілеті әлдеқайда жоғары бағаланады.
Жоба өмір сүрген он жыл ішінде көшбасшылықтың мәні де өзгерді. Алғашқы жылдары назар көбіне кәсіпкерліктегі табыс пен инновацияларға аударылса, бүгінде іріктеудің басты критерийі – ықпал ету күші. Gen.T жай ғана озық нәтижелерге жетіп қоймай, өзгелер үшін жаңа мүмкіндіктер жасайтын, нақты мәселелерді шешіп, неғұрлым тұрақты, инклюзивті әрі прогрессивті болашақты қалыптастыратын тұлғаларды іздейді.
Үміткерлер қалай таңдалады?
Gen.T қатарына ену ешқашан жай ғана табысты болуды білдірген емес. Сарапшылар ең алдымен impact-ты – адамның өз индустриясын, қауымдастығын немесе жалпы қоғамды өзгерту қабілетін бағалайды. Бұл ретте «сіз қандай жетістікке жеттіңіз?» деген емес, «сіздің арқаңызда не өзгерді?» деген сұрақ алдыңғы орынға шығады. Бұл жаңа бизнес, мәдени бастама, білім беру жобасы, ғылыми жаңалық немесе әлеуметтік кәсіпорын болуы мүмкін. Ең бастысы – жеке табыс шеңберінен шығатын нақты нәтиженің болуы.
Тағы бір маңызды фактор – көшбасшылық. Tatler бұл ұғымды басшының формалды мәртебесінен әлдеқайда кең түсінеді. Мұндағы басты өлшем – өзгелерді шабыттандыру, команда құру, даму бағытын айқындау және өз кәсіби ортасы үшін бағдар бола білу.
Әлеуетке де айрықша назар аударылады. Gen.T қазірдің өзінде таңғаларлық нәтижелерге жеткендерді ғана емес, сарапшылардың пікірінше, болашақта ықпалы арта түсетін жандарды да іздейді. Тізімде үлкен жолдың басында тұрған жастардың жиі кездесетіні де сондықтан.
Жауапкершілік пен тұрақтылыққа да үлкен мән беріледі. Соңғы жылдары Gen.T қатысушыларының арасында экология, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени мұра және әлеуметтік өзгерістер бағытында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің қарасы айтарлықтай көбейді. Бұл – табыс ұғымының жаһандық деңгейде өзгергенінің белгісі. Қазір жай ғана құндылық жасау жеткіліксіз, сол жасаған дүниеңнің қоғамға қандай әсер ететінін түсіну әлдеқайда маңызды.
Осылайша, Gen.T Азиядағы ең бай, танымал немесе беделді жастардың тізбегі болудан қалды. Бұл – бүгіннің өзінде ойын ережесін өзгерте бастаған идеялары, жобалары мен бастамалары арқылы аймақтың болашағын қалыптастырып жатқан тұлғаларды анықтауға бағытталған талпыныс.
Тұңғыш рет Tatler Kazakhstan редакциясы Tatler Asia командасымен бірлесіп, елдегі және аймақтағы бүгінгі өзгерістерді бейнелейтін жаңа буынның он көшбасшысынан тұратын тізімді ұсынып отыр.
Барлық үміткерлер көпсатылы іріктеуден өтіп, оларды Tatler Asia редакциялық командасы бекітті. Жобаның мерейтойлық жылында қазақстандық ондық тұңғыш рет жалпыазиялық Gen.T платформасының бір бөлшегіне айналып, аймақтың басқа елдерінен шыққан көшбасшылармен қатар халықаралық аудиторияға таныстырылмақ. Олар – спорт, ғылым, мәдениет, кәсіпкерлік және креативті индустрия сияқты түрлі саланың өкілдері. Бұл жандарды мамандықтары немесе бизнесінің ауқымы емес, олардың ықпал ету күші, жаңа мүмкіндіктер жасау қабілеті, қалыптасқан ойын ережелерін өзгертіп, Қазақстанның ертеңі қандай болатыны туралы жаңа түсінік қалыптастыру ұмтылысы біріктіреді.
