Gen.T|Leadership

Gen.T дегеніміз не: Қазақстанда алғаш рет іске қосылған Tatler Asia жобасы

АвторыАнастасия Стаханова
02.06.2026
Tatler мұрағатынан
IMAGE Tatler мұрағатынан
Tatler Kazakhstan журналы жас көшбасшылардың басын біріктіретін Азиядағы ең беделді бастамалардың бірі – Gen.T Leaders of Tomorrow жобасын іске қоспақ. Бұл қатардағы рейтинг немесе танымал жұлдыздардың тізімі емес, қайта идеялары мен жетістіктері ертеңгі күнді қалыптастыратын жаңашыл жастардың, яғни кәсіпкерлердің, ғалымдар мен креативті индустрия өкілдерінің жабық қауымдастығы

Алғаш рет 2016 жылы құрылған бұл жоба он жыл ішінде Tatler басылымы шығатын тоғыз елде (Гонконг, Сингапур, Малайзия, Тайланд, Филиппин, Индонезия, Тайвань, құрлықтық Қытай және Вьетнам) жүзеге асты. Енді міне, 2026 жылы Қазақстан осы жаһандық желіге қосылып, жобаның оныншы нарығына айналып отыр.

Уақыт өте келе бұл тізімге ілігу үлкен табысқа жетудің кепіліне айналды. Өйткені осы жылдар ішінде Gen.T қатарына талай дарынды жастар қабылданған болатын. Олардың арасында «жалғызмүйізді» (капитализациясы 1 миллиард доллардан асатын стартаптар) компаниялардың негізін қалаушылар, ірі корпорация басшылары, миллиондаған инвестиция тартқан кәсіпкерлер мен мәдениет қайраткерлері бар. Кезінде осы іріктеуден өткен жастар бүгінде өз саласының нағыз майталмандарына айналып, елдегі ең ықпалды тұлғалардың қатарын толықтырды.

Қауымдастыққа кімдер ене алады?

Жобаның басты мақсаты – өз буынының көшбасшыларын қалыптасу кезеңінде тауып, олардың одан әрі дамуына қолдау көрсету. Үміткерлер қатарына 20-дан 45-жасқа дейінгі компания құрылтайшылары, топ-менеджерлер, спортшылар, инженерлер және өнер адамдары кіре алады.

Басты шарт – танымалдылық емес, соңғы 18 ай ішінде жеткен нақты нәтиже. Ол жаңа өнім шығару, бизнесті кеңейту, халықаралық нарыққа шығу, ірі келісімшарт жасау немесе елеулі әлеуметтік жоба болуы мүмкін. Мұнда адамның атақ-дәрежесіне емес, фактілермен расталған, өлшеуге болатын жетістігіне басымдық беріледі.

Барлық елде үміткерлердің алғашқы тізімі бірнеше кезеңмен жасалады. Оған редакциямен қатар сала сарапшылары мен Tatler Most Influential лауреаттары да атсалысады. Сонымен бірге, кез келген адам Tatler сайтындағы ашық форма арқылы өз кандидатурасын ұсына алады. Алайда, алғашқы тізімге кімнің енетінін әрдайым аймақтық редакция шешеді, ал финалистер қатарын бүкіл Азия бойынша жобаға жетекшілік ететін Сингапурдағы Tatler Asia-ның жаһандық тобы анықтайды.

Қазақстандағы алғашқы жылы Tatler Kazakhstan редакциясы үміткерлер тізімін өздігінен жасап шықты. Енді, міне, жаһандық топ Қазақстанның болашағын қалыптастырып жатқан 2026 жылдың он лауреатын іріктеп алды. Олардың есімдері 25 маусымда сатылымға шығатын журналдың маусым-шілде айларындағы нөмірінде жарияланады. Алдағы жылдары іріктеуге сарапшылар кеңесі қосылып, өтінім қабылдайтын ашық форма іске қосылады.

Неліктен бұл жай ғана марапат емес?

Gen.T Leaders of Tomorrow – бүкіл Азия аймағында серіктестер мен пікірлестер табуға мүмкіндік беретін кәсіби экожүйе. Қауымдастыққа қабылданғандар шекараға қарамастан бір-бірімен тәжірибе алмасып, инвестиция тартып, бірлескен жобалар жасайтын көшбасшылардың ортасына енеді. Олардың жетістіктері tatlerasia.kz сайтындағы арнайы List бөлімінде көрініс тауып, ортақ платформаға біріктірілсе, қатысушылардың өздері Tatler ұйымдастыратын халықаралық жабық іс-шараларға шақырту алады.

2026 жылғы лауреаттар анықталғаннан кейін Tatler қауымдастық мүшелеріне арнап бірқатар іс-шаралар өткізеді. Оның ең бастысы – бизнес көшбасшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысатын аймақтық форум. Дәл осы жиында жаңа лауреаттарды ұлықтау рәсімі өтеді.

Жыл бойы Tatler қатысушыларды жабық кешкі астар мен арнайы кездесулер арқылы осы экожүйеге тарта отырып, іскерлік байланыстарын кеңейтуге мол мүмкіндік береді. Мәселен, 2025 жылы мұндай іс-шаралар Сингапур, Манила, Куала-Лумпур және Гонконгта өткен болатын. Сондай-ақ жобаның тағы бір маңызды бөлігі ретінде Tatler Asia жыл бойы өз алаңдарында қауымдастық мүшелерімен сұхбат жасап, арнайы жобалар арқылы олардың кәсіби жолындағы маңызды кезеңдеріне жұртшылық назарын аударып отырады.