«Ешқашан қателеспейтін көшбасшы өте тез жалғыз қалады – оның жанында тек үндемеуді және бас шұлғуды үйренгендер ғана жүреді»
Басшылардың көпшілігі команда алдында қателесіп қалудан қатты қорқады. Ал меніңше, бәрі керісінше, қате екеніңді мойныдау – саған шындықты айтатын адамдарды сақтап қалудың жалғыз жолы. Мен серіктес таңдауда қателестім, қыруар қаржы құйылған жобаларды тоқтаттым, жағдайды дұрыс бағамдай алмадым – бірақ мұның бәрін жабық есік артында емес, командама ашық айтып отырдым. Себебі, өзгелерден жақсы нәтижелерді талап ету үшін алдымен өз кемшілігіңді мойындай білуің қажет. Көшбасшы өзін мінсізбін деп санаған сәттен бастап, командасы оған жаман жаңалықтарды жеткізуді доғарады. Бірақ саған жетпеген жаман жаңалықтар ешқайда жоғалып кетпейді. Олар үнсіздік ішінде өсіп-өніп, түбінде үлкен апатқа ұласады.
«Жалаң сын – іс тындырмай-ақ, өзіңді ақылды етіп көрсетудің айласы. Бұлыңғырлық қанша жерден әдемі көрінгенімен, оған сүйеніп іргетас қалай алмайсың»
Мен бірден танитын жиналыстардың бір түрі бар: бәрі «жағдай қиын» екенімен келіседі, жиыннан бір маңызды шаруа тындырғандай тарайды – бірақ іс жүзінде ештеңе өзгермейді. Біреуден «жүйелі мәселе» немесе «ресурс жоқ» дегенді естігенде, бір ғана нәрсені сұраймын: дәл қазір маған ертең-ақ кірісуге болатын нақты он қадамды атап берші. Сонда жаңа ғана «бұл мүлдем мүмкін емес» деп отырған адам, бір минуттан соң нақты шешімдерді тізе бастайды. Мәселе расымен бар – тек ешкім оның анық-қанығына жетуге тырыспаған. Кез келген жиналыс жақсы көңіл күймен емес, нақты тізіммен аяқталуы тиіс: кім, нені, қашан жасайтыны тайға таңба басқандай жазылуы керек.
«Компанияның сапа деңгейі – бірінші басшының қандай кемшілікке көз жұма қарайтынымен өлшенеді»
Ішкі ережелерде сапа туралы қанша керемет жазсаң да өз еркің. Бірақ шындық бір ғана жерде сыналады: клиентке қызмет көрсету барысында келеңсіздік туындағанда не істейміз? Нағыз сапа деңгейі дәл сол соңғы межеде айқындалады. Мен кез келген олқылықты минуттап талдауға, басқа жолдарын іздеуге, тәсілді өзгертуге дайынмын. Өйткені бедел жылдар бойы жиналып, бір-ақ түнде жойылып кетуі мүмкін. Егер компанияның бірінші басшысына клиенттің қандай нәтиже алатыны бәрібір болса, көп ұзамай қалған қызметкерлер де сондай күйге түседі. Сапаның биік деңгейін қағаздағы ережелер емес, басшының жұмыс соңындағы шалағайлыққа деген төзбеушілігі айқындайды.
«Корпоративтік мәдениет құрғақ ұранмен емес, нақты жүйемен қалыптасады»
Кез келген дағдарысты жағдайларды өз басымнан өткердім: көлеңкелі схемалар, саботаж, «бұрыннан солай қалыптасқан» деген сылтаулар. Соның арқасында бір нәрсені анық түсіндім: мұндай келеңсіздіктерді «құндылық» туралы құрғақ ұрандармен жеңе алмайсың. Адамдар өздерін айналадағы ережелер мен ынталандыру жүйесі қалай құрылса, солай ұстайды. Егер әділетсіздік жазасыз қалып, одан пайда түсіп тұрса – ерте ме, кеш пе ұтыласың. Сондықтан көшбасшының міндеті – мораль оқу емес, жүйені қайта құру: қулық жасағаннан гөрі, адал жұмыс істеудің әлдеқайда тиімді екенін іс жүзінде көрсету. Айқын бонустар, қателіктің нақты құны, ұзақмерзімді мақсатты көздейтіндер үшін ресурстардың қолжетімділігі. Жақсы жүйе адал адамдарды мықтырақ етіп, өзгелерге еш мүмкіндік қалдырмайды.
«Көшбасшы – бәрін бақылауда ұстайтын адам емес, керісінше, нені өзгеге тапсырып, нені ешқашан қолынан шығармау керектігін нақты білетін тұлға»
Мен бір уақытта бірнеше бизнесті қатар алып жүрмін, ал мұндайда батып кетпеудің жалғыз жолы – көзбояушылық жасамай, құзыретті толық сеніп тапсыра білу. Бірақ мен ешқашан бұзбайтын қатаң шекара бар. Кері қайтаруға болмайтын шешімдер – негізгі мамандарды таңдау, стратегиялық бағыттар мен шешуші сәттер – тек менің құзырымда қалады. Қалғанының бәрі менсіз әрі өте жылдам жүзеге асуы тиіс. Созбалаңға салынған шешім әдетте қате шешімнен де қымбатқа түседі: мінсіздікке ұмтылып жүргенде, уақыт пен мүмкіндік қолдан сырғып кетеді. Сондықтан мен тым кеш қабылданған «дұрыс» әрі баяу шешімнен гөрі, кейін түзеуге болатын жылдам шешімді құп көремін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Tatler Kazakhstan Алматыда ел тарихындағы тұңғыш Gen.T Leaders of Tomorrow форумын өткізеді
