Tatler Kazakhstan ұйымдастыруымен ел тарихында тұңғыш рет Gen.T Leaders of Tomorrow форумы өтеді. Бұл – Азияның мәдени кодын қалыптастырушылардың, жаңашылдар мен кәсіпкерлердің, сондай-ақ жаңа буын көшбасшыларының басын бір алаңда тоғыстыратын ауқымды халықаралық іс-шара.
Жиын 25 маусым күні Алматыдағы Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтында өтіп, Gen.T Leaders of Tomorrow платформасының Қазақстандағы ресми бастамасы болмақ. Іс-шараның бас серіктесі – Freedom Telecom компаниясы.
Форум бүгінгі Орталық Азияның болашағын жасап жатқан бизнес, креативті индустрия, ғылым және IT өкілдері арасындағы тиімді диалог алаңына айналмақ. Спикерлер қатарында Invictus Group CEO-сы Шыңғыс Танеке, Freedom SuperApp CEO-сы Вячеслав Ким, Astana Hub негізін қалаушы әрі CEO-сы Мағжан Мәдиев, «Целинный» қоры мен «АТЦ-Галереясының» құрылтайшысы Алима Қайрат, сондай-ақ жасанды интеллект, технология, мәдениет және бизнес саласындағы ондаған сарапшы бар. Бағдарламада жалпы саны 35-ке жуық спикер сөз сөйлейді, ал олардың толық тізімімен Gen.T сайтында танысуға болады.
Іс-шара барысында қатысушылар кәсіпкерлік, технология, өнер, инновация және көшбасшылық тақырыптарына арналған панельдік пікірталастарға, шеберлік сабақтары мен воркшоптарға қатыса алады.
Форумның ең басты жаңалықтарының бірі – Gen.T Leaders of Tomorrow Kazakhstan лауреаттарының алғашқы тізімін жариялау. Бұл тізімге жетістіктері қазірдің өзінде ел дамуына айтарлықтай ықпал етіп, болашағын қалыптастыруға үлес қосып жүрген он жас маман мен кәсіпкер енеді.
Іс-шараның толық бағдарламасы мен форумға қатысты өзге де мәліметтер мына сілтеме бойынша қолжетімді. Билеттер тек Freedom Ticketon платформасында сатылады.
Gen.T Leaders of Tomorrow жаһандық платформасы 2016 жылы іске қосылған. Ал 2026 жылы Қазақстан оның мерейтойлық нарығына айналып отыр. Біздің елден бөлек, Gen.T платформасы Гонконг, Индонезия, Малайзия, Филиппин, Сингапур, Тайвань, Таиланд және Вьетнам мемлекеттерінде жұмыс істейді.
