Dining|Food

«Оскар» салтанаты: Голливуд жұлдыздарының дастарқанында не болды?

АвторыВиктория Лебедева
17.03.2026
«Оскар» салтанаты: Голливуд жұлдыздарының дастарқанында не болды?
Жексенбі күні Голливуд аспанында «Оскар» сыйлығын табыстаудың алауы 98-ші мәрте жағылды. Салтанатты шара аяқталған соң, жұлдызды меймандар дәстүр бойынша Губернатор балына бет алды. Отыз екі жылдан бері бұл кештің ас мәзіріне аты аңызға айналған шеф-аспаз Вольфганг Пак жауап беріп келеді. Биыл аспаз командасы қонақтарға Киноакадемияның өзі «кино өнерінің халықаралық рухын паш ететін» ерекше тарту деп бағалаған мәзірді ұсынды

Кеш форматы бұрынғыша еркін қалыпта сақталды: қатаң ресми кешкі ас орнына ашық асүйлер мен фуршет ұйымдастырылды. Кешкі көйлектер мен смокинг киген қонақтар өзара еркін араласып, жеңіл тағамдардан дәм татты. Мәселен, биылғы суши бұрышында бес аспаз ролдар мен нигирилерді тікелей қонақтардың көз алдында дайындап, шеберліктерін көрсетті.

Пак салтанатты шара басталмай тұрып-ақ, өзінің Instagram парақшасында алдағы мәзірдің құпиясын бөліскен еді. Оның айтуынша, биылғы тізім екі бөліктен тұрады: жылдар бойы «Оскардың» символына айналған классикалық ас түрлері және су жаңа дәмдер. Нәтижесінде дастарқанда уылдырық себілген картоп фриі, көктемгі гаспачо, үйрек етінен жасалған пельменилер, ысталған албырт қосылған лаваш, тауық бәліші, ірімшік пен трюфель араласқан макарондар тізілді.

Алайда тағамдардың түр-түсінен бөлек, оған жұмсалған азық-түлік мөлшері де таңғалдырмай қоймады. Пактің командасы 1600 мейманды күту үшін қанша өнім кеткенін жариялады:

120 аспаз 272 келі балықтан түрлі ас әзірлеген. Оның ішінде ысталған албырт, сушиге арналған тунец және бағалы чавыча бар. Сонымен қатар, мәрмәрлігімен әйгілі 160 келі А5 санатындағы жапондық вагю сиыр еті арнайы алдырылды. Тағы 90 келі ет рибай-стейктерге, шамамен дәл сондай мөлшердегі Snake River Farms-тың «Забутон» кесіндісіне жұмсалды.

Дәмнің әрін келтіру үшін 13,6 келі калуга уылдырығы, 90 келі жабайы саңырауқұлақ және сушиге арналған 90 келі күріш пайдаланылған. Ал сән-салтанат үшін 7,5 литр сұйық 24 караттық алтын қолданылыпты. Ол алтынмен десерттер мен «Оскар» мүсіні түріндегі шоколадтар қапталған.

Бар мәзірінде классикалық Piper-Heidsieck шампанынан бөлек, Clarendelle шараптары, Dassai Blue сакесі және балғын шөптер мен цитрустар қосылған коктейльдер болды. Олармен бірге шағын бургерлер, тако және картоп фриі ұсынылды.

Тәттілерге арналған аймақтар бөлек жабдықталды. Онда балмұздақ пен джелато тікелей сол жерде дайындалып жатты. Пактің өзі қара трюфель қосылған пармезан балмұздағын ерекше ұнататынын айтты. Бұдан бөлек, қонақтар шағын чизкейктер мен парфеден дәм татып, макарон печеньелерінен тұрғызылған мұнараларға куә болды. Бірақ кештің басты символы – басына алтын жалатылған шоколад мүсіншелер. Өйткені бұл тәттілерсіз «Оскардың» сәні де, мәні де толық болмасы анық.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Оскар-2026» рәсімінің ең үздiк сәттері