Балет туралы әзілдер
Тимоти Шаламемен болған жанжалдан кейін балет пен опера туралы әзілдердің айтылатынына еш күмәнданбаған едік. Тура солай болып шықты: салтанатты кештің жүргізушісі Конан О’Брайен бұл мүмкіндікті жіберіп алмай, өзінің монологының алғашқы минуттарында-ақ «Marty Supreme» жұлдызын қағытып өтті.
«Бүгін қауіпсіздік шаралары өте қатаң», – деп бастаған О’Брайеннің сөзі алғашында ФБР-дың ирандық ұшқышсыз аппараттардың ықтимал шабуылы туралы ескертуіне қатысты айтылғандай көрінді. Бірақ кейін ол: «Ұйымдастырушылар маған бәрінен бұрын опера және балет ұжымдарының шабуылынан қорқатынын жеткізді», – деп қалжыңдады. Тимоти Шаламе мен оның серігі Кайли Дженнер бұған күліп жіберді. Жүргізуші: «Олардың бар реніші джаздың назардан тыс қалғанында болып тұр ғой!» – деп қосты.

Шаламе үшін мұнымен «көпшілік алдындағы таяқ жеу» аяқталған жоқ: актер кеш бойы өткір әзілдер мен сынның нысанасына айналды. Мәселен, оркестр құрамына музыканттар адам бөксесі пішініндегі барабанды алып шығып, оны пинг-понг ракеткаларымен сабап ойнады. Ал Майлз Кейтонның блюз нөмірі кезінде музыкантқа бишілер қосылды, олардың арасында жақын арада ғана актерді сынаған тарихтағы тұңғыш афроамерикалық прима-балерина Мисти Коупленд те болды. Жағдайды одан сайын шиеленістіре түскені – бұл көріністің «Күнәһарлар» фильмін таныстыруға арналған қойылымның бір бөлігі болғаны еді. Кейінірек дәл осы туындыда ойнаған актер Майкл Б. Джордан «Үздік ер адам рөлі» номинациясында Тимоти Шаламені шаң қаптырып, «Оскарды» иеленіп кетті.

Миранда Пристли бейнесіндегі Анна Винтур
Дәл қазір 2026 жылдың 1 мамырында үлкен экрандарға жол тартатын «The Devil Wears Prada – 2» фильмін жарнамалау науқаны қызып тұрған шақ. Продюсерлер «Оскар» алаңын туындыға деген қызығушылықты одан әрі арттыру үшін пайдалануды ұйғарыпты. Үздік костюм дизайны, сондай-ақ үздік грим және шаш үлгісі номинацияларының жеңімпаздарын жариялауға сахнаға актриса Энн Хэтэуэй мен Миранда Пристли кейіпкерінің прототипі саналатын Vogue журналының аты аңызға айналған бас редакторы Анна Винтур шықты.
Олар көрермен алдында фильм рухына сай көрініс қойды: Хэтэуэй Винтурдан өзінің образын бағалауды сұрағанда (айтпақшы, Энн үстіне Valentino брендінің гүлді принті бар көйлегін киіп шыққан екен – бұдан фильмдегі аты аңызға айналған «Көктемге арналған гүлдер ме? Өте ерекше» деген сөзге жасалған ишараны аңғару қиын емес еді), Винтур Миранданың стиліне басып, оны жай ғана елемей қойды. Ал Энн Аннадан номинанттар тізімін оқығысы келе ме деп сұрағанда, Винтур Хэтэуэйді оның фильмдегі әріптесі Эмили Блантпен әдейі шатастырып: «Рақмет, Эмили», – деп жауап берді

Залдағы Балақай Йода
Салтанатты кештің ең сүйкімді қонағы – «The Mandalorian» сериалындағы Грогу болды. Залда актриса Кейт Хадсонның қасында жайғасқан Балақай Йодаға актрисаның қол шапалақтауды үйретіп әлек болып отырғаны көзге түсті. Сигурни Уивер мен Педро Паскаль сахнаға шыққанда, камера Кейттің қасындағы Грогуды іліп әкетті. Уивер «Alien» фильміндегі көпшілікке жатқа айналған сөзін айтудың сәті түскенін қалт жібермей, Хадсонға қарата: «Одан аулақ кет, қаншық!» – деп айқай салды.

Кештің ең жарқын қайта қауышулары
«Оскар» жұлдыздардың салтанатты түрде бас қосуын ұйымдастырғанды жақсы көретіні белгілі еді. Мәселен, бұл кеште Marvel суперқаһармандары Роберт Дауни-кіші мен Крис Эванс бір сахнада кездесті – әзілге құрылған көрініс барысында Дауни Эвансқа Ченнинг Татумның «Magic Mike» фильмінде киген жылтыр іш киімін тосыннан сыйға тартты. Көрермендер залында отырған Татумның өзі бұған үн қатып, бұл іш киімнің түсірілімдер үшін өзіне әлі де қажет болатынын айтып айқайлады.

«Moulin Rouge!» фильмінің жұлдыздары Николь Кидман мен Юэн Макгрегор үздік фильм үшін марапатты табыстау мақсатында араға 25 жыл салып сахнада қайта қауышты.
Бірақ ең ауқымды қайта қауышу «Bridesmaids» актрисаларының қатысуымен өтті: сахнада Мелисса Маккарти, Кристен Уиг, Майя Рудольф, Элли Кемпер және «Үздік әйел рөлі» номинациясына үміткер Роуз Бирн тағы да бірге көрінді.

Бакли Грейс Келли бейнесіне құрмет көрсетсе, Кайли Дженнер – Джессика Рэббитке
«Hamnet» жұлдызы Джесси Бакли өзінің жеңісті кешіне Chanel сән үйінен арнайы тігілген киімді таңдапты. Сахнаға аңсарлы мүсіншені алуға көтерілген актрисаның үстіндегі қызыл атлас жамылғысы бар, ақшыл қызғылт шифоннан тігілген бюстье-көйлегі – 1956 жылғы «Оскар» кешінде Монако ханшайымы Грейс Келли киген образды айнытпай қайталап, оның рухына тағзым еткендей болды.


Қалыптасқан дәстүр бойынша «Оскардың» қызыл кілемінен қалыс қалған Кайли Дженнер Тимоти Шаламеге тікелей залда барып қосылды. Үздік ер адам рөліне таласып жатқан жігітіне қолдау көрсетуге келген ол арқасы ашық және кеудесінде кілт тесігі пішініндегі ойығы бар қызыл Schiaparelli көйлегін киіп алған болатын. Инстаграмда өзінің образы бейнеленген видеоны Кайли «Джессика кім?» деп жазып, «Who Framed Roger Rabbit» («Кто подставил кролика Роджера») фильмінің кейіпкеріне тұспал жасады әрі хейтерлерге кейіпкердің: «Мен жаман емеспін, мені жай ғана осылай салып қойған» деген танымал сөзімен жауап бергендей болды.

Мұңайма, Тимоти: бұл жолы «Оскар» басқаға бұйырғанымен, есесіне сенің өз Джессика Рэббитің бар екен.

Достық жеңді
Осы «Оскар» рәсімінде өте сирек кездесетін оқиға орын алды. Актер Кумэйл Нанджиани «Үздік қысқаметражды көркем фильм» үшін марапатты табыстауға шығып, конвертті ашқан соң: «Тең түсті», – деп жариялады. Көрермендер мұны алғашында әзіл деп қабылдағанымен, бәрі шындық болып шықты. Залдан тыныштық сақтауды өтінген Нанджиани алдымен бір жеңімпазды жариялап, оған марапатты алуға мүмкіндік беретінін, содан кейін ғана екіншісін атайтынын түсіндірді. Сонымен қатар, ол: «Оскарды» қысқаметражды фильмге табыстаудың енді екі есе көп уақыт алатыны нағыз ирония болды», – деп қалжыңдады.
Қорытындысында марапатты екі картина – «The Singers» және «Two People Exchanging Saliva» өзара бөлісті. Бұл – Америкалық киноакадемия тарихында бір номинацияда бірден екі үміткер жеңіске жеткен небәрі жетінші жағдай еді.


Кештің ең ерекше әрі ең қымбат әшекейі
«Marty Supreme» фильмінде билікқұмар әрі есепшіл магнаттың рөлін сомдаған канадалық бизнесмен, тележүргізуші және актер Кевин О’Лири (ең көп талқыланған көріністердің бірінде Тимоти Шаламені бөкседен ұратын кейіпкер) эпатажды персонажының беделін қызыл кілемде де қолдап шығуды жөн көрді.
О’Лири лағыл және гауһар тастармен молынан көмкерілген Tiffany & Co. зергерлік үйінің футляры түріндегі әшекеймен көпшілік алдына шықты. Алайда басты тосынсый ішінде жасырылған еді: ақ алтыннан жасалған футлярда NBA аңыздары – Майкл Джордан, Коби Брайант және Леброн Джеймстің жапсырмалары бар коллекциялық карточкалар жатты.
Бұл әшекей шамамен 25-30 миллион долларға бағаланды, бұл оны қызыл кілемде осы күнге дейін көрсетілген ең қымбат аксессуарлардың біріне айналдырды.

