Dining|Food

Асқар Байтасов халықаралық сыйлықтың нұсқасы бойынша «Жыл рестораторы» атанды

АвторыTatler Kazakhstan
15.04.2026
Асқар Байтасов | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Асқар Байтасов | Баспасөз қызметінің мұрағаты
Оның AUYL мейрамханасы да ТМД аумағындағы үздік ондықтан көрінді

WHERETOEAT International 2026 халықаралық мейрамхана сыйлығының алғашқы марапаттау рәсімінде «Жыл рестораторы» құрметті номинациясының жеңімпазы анықталды. Бұл атаққа қазақстандық ABR мейрамханалар холдингінің негізін қалаушы әрі бас директоры (CEO) Асқар Байтасов лайық деп танылды.

Марапатты табыстау туралы шешімді сыйлықтың сарапшылар алқасы жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша қабылдаған. Қазылар алқасының құрамына бүкіл Еуразия аумағындағы мейрамхана, қонақүй және шарап бизнесінің жүздеген өкілі, сондай-ақ жетекші салалық БАҚ мамандары кірді.

Асқар Байтасов халықаралық сыйлықтың нұсқасы бойынша «Жыл рестораторы» атанды

Холдинг басшысының жеке марапатынан бөлек, ABR құрамындағы AUYL мейрамханасы да үлкен жетістікке жетіп, ел мерейін үстем етті. Бұл жоба жыл сайынғы WHERETOEAT International ең үздік мейрамханалар рейтингіне еніп, беделді тізімнің сегізінші сатысына жайғасты. Осылайша ол тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі жетекші гастрономиялық орындардың бірі ретіндегі мәртебесін дәлелдеді.

Айта кетейік, бұл AUYL мейрамханасының халықаралық деңгейдегі алғашқы жетістігі емес. Бұған дейін жоба беделді The New York Times басылымының 52 Places to Go айдарына еніп, ЮНЕСКО-ның Prix Versailles сәулет сыйлығының нұсқасы бойынша әлемдегі ең әдемі 16 мейрамхананың қатарынан табылған.

Асқар Байтасовтың есімі Қазақстанның заманауи мейрамхана индустриясымен тығыз байланысты. Оның кәсіпкерлік жолы 2002 жылы алматылықтардың сүйікті орнына айналған «Бочонок» мекемесін ашудан басталған. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде ол өз командасымен бірге 15-тен астам бірегей концепция жасап шығарып, 50-ге жуық мейрамхана ашты. Бүгінде ABR холдингі тек қоғамдық тамақтану орындарының желісін ғана емес, сонымен қатар ABR Meat ет өндірісін, ABR Logistik логистикалық орталығын және abr+ қосымшасын әзірлейтін ABR Tech компаниясын біріктіріп отыр.