Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған қымыз, шағын барға әдейілеп баруға себеп болатын тіл үйірер чебурек және құрт қосылған балмұздақ... Бұл тізімді винил әуенімен үйлескен паста, жапондық омакасе және әйгілі «Наполеон» торты толықтырады. Мұндай ерекше дәмдер үшін күнделікті бағытыңызды өзгертіп, жолдан арнайы бұрылуға әбден болады.
Тізімді әліпби бойынша немесе дәл қазір тәбетіңіз тартып тұрған тағамнан бастай беріңіз. Тек «Мұнда неге бешбармақ жоқ?» деп сұрамаңыз. Өйткені ең дәмді бешбармақ тек өз үйіңізде жасалады.
Unapasta-дағы алио олио
Шарап пен тамақтың мінсіз үйлесімін табу – керемет дүние. Бірақ оған селекторлық винил музыкасын қоссаңыз, атмосфералық кешкі ас үшін таптырмас орын шыға келеді. Мұнда тек паста үшін ғана емес (алио олио мен вонголе қосылған спагетти – нағыз топ), сондай-ақ музыкалық қонақжайдағы пластинкалардың жылы аналогтық дыбысынан ләззат алу үшін де келеміз.
Bitanga-дағы борщ
Bitanga жабылған кезде көптеген алматылықтар уайымдап қалғаны рас, бірақ бағымызға орай, мекеме жай ғана жаңа орынға – Dostyk Plaza-ға көшті. Онда сол баяғы сүйікті борщ күтіп тұр: жаңа піскен пампушка, қаймақ және сарымсақ майымен бірге ұсынылады.
«Восточка»
Алматылық үшін «Восточкаға барайықша» деген сөз ешқандай қосымша түсіндіруді қажет етпейтін толыққанды ұсыныс. Үстелде нақты не тұратыны – лағман, мәнті, палау, кәуап немесе бәрі бірге – ол екінші кезектегі мәселе. Бастысы, бұл сөз әлдеқашан баршаға түсінікті тамақ жанрының жиынтық атауына айналған: ыстық, құнарлы, дәмдеуіштері мол және ол үшін қаланың екінші шетіне баруға да ерінбейсіз.
Atash Doner-дегі донер
Еліміздегі ең танымал стритфуд: арзан әрі қарын тойдырады. Егер оны йогурт соусымен алсаңыз, мұны салауатты тамақтануға жақын деп өзіңізді сендіруге де болады. Atash Doner-де донерді алма ағашының отынына пісіреді. Бәрі қағида бойынша: лавашта картоп фриі жоқ – тек ет, көкөністер мен фирмалық соус қана қосылады.
the Burger
Алматыға баяғыдан бері өзінің сапалы бургер орталығы қажет еді. Оны көбі дәл осы the Burger-ден тапқан сияқты. Қолмен жеуге ыңғайлы шағын көлем, картоп нанына ұқсайтын жұмсақ, сәл тәтті тоқаш, шырынды котлет, ірімшік және соус. Ешқандай артық қоспа жоқ, барлық ингредиенттің мінсіз үйлесімі. Пропорциясы дәл табылғандықтан, біріншісінен кейін міндетті түрде екіншісін жегіңіз келіп тұрады.
Ибрагим
Ибрагим есімі сізге бірдеңе айта ма? Алматылықтарға көп нәрсе айтады. Ибрагим – Көк базардың тірі аңыздарының бірі. Қала тұрғындары жылдар бойы қазы, шұжық және қонақ шақыруға ұялмайтын дастарханға қажеттінің бәрін дәл осы кісіден сатып алады. Оған адамдар арнайы іздеп барады, достарына кеңес береді, ал оның сөресі көптеген алматылықтар үшін туған үйіндей болып кеткен.
Yurta-дағы қымыз-бар
Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен – Жамбыл, Семей және Шыңғыстау далаларынан әкелінген жаңа сауылған табиғи қымыз, шұбат пен саумалдың 20-дан астам түрі жинақталған. Кезінде мұндай сусындар көшпенділердің жолдағы және той-думандағы серігі болып, рухтардың сыйы саналған әрі ең қадірлі қонақтарға ұсынылатын. Ал бүгінде оларды тек алау басында тостағаннан ғана емес, заманауи бар форматында да татып көруге болады. Қымыз-сомелье (сөздікқорымызға енген тағы бір жаңа сөз) бір өңірдің сусыны екіншісінен несімен ерекшеленетінін, уақыт оның дәмін қалай өзгертетінін және оны қандай тамақпен ішу керектігін айтып береді. Ол үшін барда арнайы мәзір де ойластырылған. Қымыз бен басқа да жергілікті сусындармен тамаша үйлесетін 15-тен астам ет деликатесі бар.
Құрт қосылған шоколад (Petit)
«Рахат» фабрикасы шығаратын «Қазақстан» шоколады ұлттық феномен, мәдени символ және еліміздің басты гастрономиялық кәдесийы екенімен ешкім таласпайды. Бірақ бір сәт жаңалық іздесеңіз, құрт қосылған бельгиялық қара шоколадты татып көріңіз. Ал егер сыйлыққа алсаңыз, «Қазақстан» қонақүйі пішініндегі шоколадты таңдауға болады.
Жазғы алаңдар
Алматылықтар қала көшелерінде жаңа жылдық әшекейлер ілінген кезде ғана жазғы террасаларда отырмайды дейді. Қалған уақытта «Алтын шаршыдан» даладағы бос үстелді табу – нағыз миссия. Алғашқы жылы кеш түсісімен қала халқы жаппай жазғы алаңдарға көшеді. Бұл жерге жай ғана кешкі ас ішуге келіп, үш сағаттан кейін әлі сол террасада отырғаныңызды байқамай қалуыңыз әбден мүмкін: күн батып кеткен, көрші үстелде екінші бөтелкеге тапсырыс берілген, бірақ ешкім үйіне қайтуға асығар емес.
Umami балмұздағы
Егер сіз әлі күнге дейін Алматыдағы ең дәмді балмұздақ «Льдинка» кафесінде немесе «Рамстордағы» Baskin Robbins-те болды деп ойласаңыз, гастрономиялық көкжиегіңізді кеңейтетін кез келді. Umami-де тек үйреншікті тәттілер ғана емес, ерекше дәмдегі балмұздақтар да жасалады: «кілегейлі құрт», «талқан мен тары», «балқаймақ пен ірімшік». Ал Tatler Gen T кешінде Umami қонақтарға Дуа Липаның рецепті бойынша – зәйтүн майы мен теңіз тұзы қосылған балмұздақ ұсынды. Енді бұл дәмнің негізгі мәзірде пайда болуын күтіп жүрміз.
«Шефтегі» наливкалар
Наливка = «Шеф». Бұл жанрдың табынушылары үшін бұл формула ешқандай дәлелді қажет етпейді. Ал күн суытқанда ол тіпті терапевтік сипатқа ие болады: аяздан кіріп, сетке тапсырыс бересіз (маракуйя қосылған ром, шие қосылған коньяк, қарақат қосылған джин, лимончелло) – сөйтіп бірте-бірте бойыңыз жыли бастайды.
Bal Bakery-дегі «Наполеон»
Bal Bakery Алматыдағы ең дәмді «Наполеон» дайындалатын орын ретінде бедел жинады. Бұл жұп-жұқа, қытырлақ қатпарлы наны мен пломбирдің дәмін еске салатын жұмсақ, аса тәтті емес кремі бар әйгілі десерт. Дегенмен, соңғы кездері наубайхананың өзінде оған көкнәр тоқашы үлкен бәсекелес болып жүр. Себебі оның ішіне салмасы өте мол салынады.
Akami-дегі омакасе
Бұл мәзірді ашпай, жайғасып отырып: «Шеф, мені таңғалдыршы», – дейтін сәт. Жапондық омакaсе шамамен осыны білдіреді. Сіз тағам таңдауды аспазға тапсырасыз, ал ол сізді жаңа дәмдер әлеміне жетелейді. Әрі қарай ең жаңа маусымдық өнімдерге сүйене отырып, нені, қандай ретпен және қандай мөлшерде ұсыну керектігін ол өзі шешеді. Үйреншікті кешкі астың орнына гастрономиялық спектакльге куә боласыз. Шеф арнайы сіз үшін бірегей сет жинайды. Ол табаққа не салынғанын, өнімнің қайдан келгенін және неге бүгін дәл осылай дайындалғанын әңгімелеп береді.
Fika-дағы бәліштер
Fika-да Sunday Pie дәстүрін ойлап тапқан. Демалыс күндері мұнда әр жолы жаңа рецептпен бір үлкен бәліш (немесе көптеген кішкентай бәліштер) пісіріледі. Оған Көк базардың маусымдық көкөністері мен жемістері және жергілікті мамандар іске қосылады. Есіңізде ме, Fika-да пісірілген ягодзянки – бетіне тау етіп жаңа піскен көкжидек салынған дәстүрлі поляк ашытқы тоқаштары үшін адамдар құр қалмауға тырысып, таңертең ашылысымен кезекке тұратын.
Sumosan роллдары
Біз жаңа буынның жапон асханасына – талғампаз нигири, сашими, хэнд-роллдарға әлдеқашан үйреніп қалдық. Бірақ кейде осы гастрономиялық саналылықтың бәрін жиып қойып, Sumosan-ның дәу роллдарын жегіңіз келетін кездер болады. Бұл қаладағы ең алғашқы нағыз культтік роллдардың бірі. Олар мол, көзге тартымды, ешқандай минимализмсіз дайындалады. Бұл тағамды талдап, әр нюансын бағалағың келмейді. Оны тек көптеп әрі шын тәбетпен жегіңіз келеді.
Auyl-дағы тары қосылған дала шайы
Әрине, Auyl-ға адамдар толыққанды дастарханнан дәм тату үшін барады – әсіресе Шымбұлақта сырғанағаннан немесе Медеуде серуендегеннен кейін. Бұл заманауи алматылық асхананың визит карточкаларының бірі, сонымен қатар көптеген гастрономиялық тізімдердің, оның ішінде Tatler Best Kazakhstan 2025 жүлдегері. Мұнда ашық отта: тандырда, маңғалда, қазанда табиғи, қарапайым тамақ дайындайды. Бірақ бұл гастрономиялық саяхаттың нүктесін міндетті түрде тары қосылған дала шайымен қою керек. Ал оның жанына балқаймақ жағылған ыстық бауырсақ алсаңыз – тәнге де, жанға да ерекше жылулық сыйлайды.

Aqqu-дағы вафельді түтікше
Қайта жаңғырған аты аңызға айналған «Аққу» кафесінің интерьерінде – 1960 жылдардағы модернизмнің заманауи интерпретациясы көрініс тапқан. Мәзірді де барынша түпнұсқаға жақын етіп сақтауға тырысқан. Мұнда үйреншікті кеңестік десерттер бар: белок кремі қосылған түтікшелер, қоюландырылған сүті бар жаңғақтар, «МЕМСТ бойынша» жасалған балмұздақ және шұжық қосылған бутерброд. Балалық шақты еске салатын, ішіне қайнатылған қоюландырылған сүт салынған вафельді түтікшеден кім бас тарта алсын?
«Сёсё»-дегі фо-нгуа
Көк базарға жақын жерде орналасқан бұл мекеме сырт көзге қарапайым ғана көрінеді. Бірақ ішінде нағыз азиялық атмосфера бар және үнемі лық толы. «Жанға жайлы азиялық асхана» – негізін қалаушылар өз жобасын осылай атайды. 2025 жылы бұл орын Tatler Best Kazakhstan тізіміне енді. Мұнда адамдар токпокки, карааге тауығы мен сычуань лағманы үшін келеді. Ал біз әйгілі фо-боны, дәлірек айтсақ, дәстүрлі вьетнам сорпасының жылқы етінен жасалған түрі – фо-нгуаны татып көруді ұсынамыз.
Molli Kitchen-дегі хот-догтар
Алматыда арнайы іздеп жүріп жеуге тұратын хот-догтар бар. Олар дәлірек айтсақ, крабдогтар деп аталады. Molli Kitchen бастапқыда қаланың әр бұрышында және фестивальдерде пайда болатын шағын вагоннан басталған. Ал қазір дарк-китчен форматында жұмыс істеп, жеткізу қызметі арқылы тапсырыс қабылдайды. Жұмсақ бриошь нанының ішіндегі крабтың бірінші фалангасы, сарымсақ айолиі, сарымай, сибулет пиязы және тұздалған қияр – бұл жай ғана стритфуд емес, жоғары деңгейдегі өнер.
«Светлое будущее» барындағы чебуректер
Жергілікті чебуректер – аты аңызға айналған тағам. Оларды оттан түсе салып, ыстықтай ұсынады: сырты қытырлақ, іші шырынды. Ет қосылған классикалық түрін таңдауға немесе сәл батылдық танытып, жұмыртқа мен жусай немесе асшаян қосылған салманы байқап көруге болады. Қысқасы, чебурек жеу үшін шағын барға арнайы бас сұғудың өзі не тұрады!

«Арасандағы» сорпа
Бұл – алматылық монша ритуалының маңызды бөлігі. Бу бөлмесі, массаж және толықтай жаңарудан өткен бірнеше сағаттан кейінгі жол тек дастарханға апарады. Кез келген нәрсеге тапсырыс беруге болады. Бірақ өзін сыйлайтын әрбір алматылықтың дастарханында міндетті түрде сорпа тұрады. Ол дәл осы сәтте жер бетіндегі ең дәмді тамақтай көрінетін ыстық әрі құнарлы тағам. Шындық өте қарапайым: «Арасаннан» тек тазарып қана емес, қарныңызды тойдырып шығу керек.
Кәуап
Қаладағы ең күшті кәуап қайда пісіріледі деген дау-дамайдың қанша рет болғанын санау мүмкін емес шығар. Әр алматылықтың өз жауабы болады – және ең сүйікті мекенін сізге бірден айта қоюы екіталай. Мұнда жақсы кәуапханалар мұра сияқты ұрпақтан-ұрпаққа, ауыздан-ауызға және тек өз адамдары арасында ғана беріледі. Өйткені қала тұрғындары кейбір құпияларымен көпшілікпен бөлісуге дайын болса, ал кейбіреуін қатаң құпияда ұстағанды жөн көреді
