Dining|Food

Таңғы аспен уылдырық пен шампан ұсынатын Алматының 7 мейрамханасы

Автор Виктория Лебедева
23.12.2025
Таңғы аспен уылдырық пен шампан ұсынатын Алматының 7 мейрамханасы
Сіздер үшін қызыл уылдырықтан дайындалған ең дәмді әрі көз тартарлық жеңіл таңғы ас ұсынатын Алматының үздік мекендерін іріктеп алдық

Жаңа жыл табалдырығымыздан аттағалы тұр: қала көшелері түрлі-түсті шамдармен нұрланып, ауада мандариннің хош иісі аңқиды. Осынау мерекелік көңіл-күйдің ажырамас бөлшегіне айналған, таңдай қақтырар дәмнің бірі – қызыл уылдырық жағылған нан мен салқын көпіршікті шарап. Бұл дәм болмаса, мерекенің сәні де, мәні де толықпайтындай көрінеді. Алматының заманауи аспаздық өнері бұл классикалық дәмді жаңа биікке көтеріп, үйреншікті нан мен майды нәзік эклерге, үлпілдек бриошь пен хош иісті тартинге айналдырды

Қызыл уылдырықпен көмкерілген зәулім эклер, Café Alma

Мекенжайлары:

  • MEGA Alma-Ata, Розыбакиева көш., 263
  • Қабанбай батыр көш., 79
  • Almaty Museum of Arts, Әл-Фараби даңғылы, 28

Alma дәмханасы тағамның сыртқы келбетіне ерекше мән берген. Мұнда үйреншікті нанның орнына іші салмаға толы, үстіне қызыл уылдырық молынан себілген ерекше эклер ұсынылады. Сыртынан қарағанда тәтті десертке ұқсағанымен, алғашқы тілімнен-ақ нағыз мерекелік сезім сыйлайды. Көпіршікті шараппен үйлескен бұл тағам дастарханыңыздың көркі болып қана қоймай, әлеуметтік желідегі парақшаңыздың да сәнін ашатыны сөзсіз.

Көпіртілген сары май мен уылдырық қосылған бриошь, «Огонек»

Мекенжайы: Панфилова көш., 125

«Огонек» – бұл жылылық пен сағынышқа толы, үй тойының заманауи үлгідегі көрінісі. Мұндағы аспаздар таныс дәмдерді құбылтуды жақсы көреді. Жұп-жумсақ бриошь нанына жағылған көпіртілген май мен қызыл уылдырықтың үйлесімі балалық шақтың мерекелік дастарханын еске түсіреді. Артық ештеңе жоқ: тек қаймақтай еритін нәзіктік пен уылдырықтың жағымды ащы дәмі ғана.

«Нуазет» майы мен қызыл уылдырық үйлесімі, Renée

Мекенжайы: Назарбаев даңғылы, 220/3

Renée мейрамханасының бас аспазы классикалық дәмге жоғары талғаммен қараған. Мұнда әрбір бөлшек пен дәмнің тереңдігі маңызды. Жаңғақ иісі аңқитын «нуазет» майы жағылған бриошь наны – қызыл уылдырықтың асыл дәмін айқындай түсетін мінсіз негіз. Ал бір бокал шампан бұл гастрономиялық композицияны толықтырып, теңіз дәмін паш етеді.

Крем-чиз бен қызыл уылдырық қосылған «Желабо», Six Coffee + Wine

Мекенжайлары:

  • Абай даңғылы, 17
  • Бөгенбай батыр көш., 117

Мұнда Жаңа жылдық дәстүр заманауи қалалық бистро форматымен астасқан. Нанның орнына сырты қытырлақ, іші үлпілдек келген круассан қамырынан жасалған «желабо» пайдаланылады. Крем-чиз тағамға ерекше жұмсақтық сыйласа, қызыл уылдырық мерекелік леп береді. Бұл – асықпай ішетін таңғы асқа, күндізгі кездесулерге немесе кешкі шараппен бірге татуға арналған таптырмас дәм.

Классикалық уылдырық наны, Astra

Мекенжайы: Әл-Фараби даңғылы, 140а/3

Astra мейрамханасының аспаздары түрлі тәжірибеден гөрі, өнімнің сапасы мен дәмнің тепе-теңдігіне басымдық берген. Қызыл уылдырық салынған дәстүрлі нан – бұл ескі әдетке деген құрмет. Артық сипаттауды қажет етпейтін, бірден Жаңа жылдық көңіл-күйге бөлейтін таныс дәм.

Көпіртілген май мен уылдырық қосылған «Хоккайдо», Fika

Мекенжайы: Қабанбай батыр көш., 104

Fika дәмханасы мерекелік классиканы скандинавиялық жайлылық тұрғысынан пайымдайды. Мамықтай жеңіл «Хоккайдо» сүтті наны көпіртілген маймен және тұзды уылдырықпен бірігіп, өте нәзік әрі үйлесімді дәм құрайды. Бұл тағамнан қыстың шуақты таңының тыныштығы мен алдағы ұзақ мерекелік күндердің жылуы еседі.

Тартин наны мен қызыл уылдырық, Aroma

Мекенжайы: Абылай хан даңғылы, 113

Aroma мейрамханасы табиғи өнімдерге ден қойған. Ашытқымен әзірленген, өзіне тән сәл қышқыл дәмі бар тартин наны – көпіртілген май мен қызыл уылдырық үшін берік әрі дәмді негіз. Артық әшекейсіз-ақ өзіндік мінезі бар, кемеліне келген теңдессіз дәм.

Оқи отырыңыз: «Оливье» салатымен таңғалдыратын Алматының 10 мейрамханасы.