IMAGE Zenith G.F.J.

Шектеулі топтамаға Zenith-тің көк түсті таңдаулы модельдері енді

160 жылдық мерейтойына орай Zenith ерекше көк түстегі хронографтар трилогиясын жария етті. CHRONOMASTER Sport, DEFY Skyline және PILOT Chronograph модельдерінен тұратын топтаманың әрбір нұсқасы жүз алпыс дана көлемінде ғана шығарылып, шеберлік пен инновацияның үйлесімін паш етеді.

Шексіз аспанның символы іспетті көк түс Zenith үшін фирмалық түске айналды. Zenith Watches компаниясының бас директоры Бенуа де Клерк атап өткендей, көк түс әрқашан да Zenith бірегейлігінің анықтаушы элементі болған: ол брендтің аспанмен байланысымен қоса, 160 жыл бойы алға итермелеп келе жатқан жаңашыл рухты білдіреді.

Pilot Big Date Flyback 160 жылдық мерейтой шығарылымы

Бұл модельдің теңіз толқынын еске салатын терең көк түсті денесі микроағынды өңдеуден өткен керамикадан жасалған. Сағат диаметрі – 42,5 мм. Ішіне күн көрсеткіш және flyback функцияларымен жабдықталған El Primero 3652 калибрі (қозғалтқышы) орнатылған. Cordura матасына еліктеп жасалған екі резеңке белдік қолға ыңғайлылық сыйлайды.

Tatler Asia
Tatler Asia

Defy Skyline Chronograph 160 жылдық мерейтой шығарылымы

Defy Skyline хронографы Zenith тарихындағы тұтастай көк керамикадан жасалған алғашқы сағат. 42 миллиметрлік корпус пен белдікшеде Zenith-тің бес ұшты жұлдызынан шабыт алған геометриялық өрнектер бейнеленген. Defy Skyline Chronograph сағаты дәлдігі секундтың оннан бір бөлігін құрайтын El Primero 3600 калибрімен жабдықталған. Бірегей дизайнды керамикалық және резеңке белдіктер толықтырады.

Tatler Asia
Tatler Asia

Chronomaster Sport 160 жылдық мерейтой шығарылымы

Chronomaster Sport та алғаш рет көк керамикада ұсынылған. 41 миллиметрлік сағат денесі күңгірт және жылтыр бетті болып келіп, градиентті көк циферблатпен толықтырылған. Ішкі қозғалтқыш ретінде ондық секунд дәлдігімен жұмыс істейтін El Primero 3600 механизмі пайдаланылған. Сағат керамикалық және спорттық резеңке белдіктермен жабдықталған.

Tatler Asia

Аңызға айналған G.F.J. моделі

Өз мерейтойына орай Zenith атақты «135-ші» калибрін қайта жандандырған классикалық G.F.J. моделін де жариялады. Модель сағат өнерінің жаңашылы Жорж Фавр-Жаконың құрметіне «G.F.J.» деп аталған. Calibre 135-O хронометриялық жарыстарға арнайы жасалып, дәлдігі үшін рекордтық 235 марапатқа ие болды. Жаңа нұсқасы түпнұсқаның өлшемдері мен сәулетін дәл сақтай отырып, заманауи инженерлік шешімдермен толықтырылды.

Calibre 135-O заманауи жетілдірулеріне ұлғайтылған 72 сағаттық қуат резерві, оңтайландырылған трансмиссия және Бреге спиралі бар баланс дөңгелегі кіреді. Ал жүрістің дәлдігі COSC сертификатымен расталған, тәулігіне +/- 2 секундтай. Сағаттың дизайны Zenith мануфактурасының қасбетінен шабыт алып, платинадан жасалған корпуспен және ляпис-лазуриттен жасалған фирмалық көк циферблатпен ерекшеленеді. 

Tatler Asia
Tatler Asia