Boucheron Untamed Nature Жоғары зергерлік өнер коллекциясынан шалғын көбелегі, қызылжидек және басқа да табиғи образдарды байқауға болады
1878-1906 жылдар аралығындағы Boucheron мұрағатында табиғи мақам көп. Бұл таңғаларлық жайт емес, өйткені Зергерлік үйдің негізін қалаушы Фредерик Бушерон шынайы әрі ырық бермейтін мінезі бар табиғатқа ғашық болған екен. Шырмауық, түйетікен, сұлы, қырыққұлақ, шыбын, ара, қоңыз, инелік – мұның бәрі шебердің креативті ойын бала кезінен бастап құнарландырған-ды.
Оның бірегей көзқарасы Histoire de Style цикліне тиесілі, биылғы Untamed Nature коллекциясынан көрініс тапты. Коллекцияны әзірлеу жұмысын Boucheron креативті директоры Клер Шуан басқарды. Шуан еңбегі арқылы табиғат концепциясын мадақтап, қайта жаңғыртып, оған жаңа леп әкелгендей көрінеді. Boucheron Untamed Nature коллекциясын жанды Жоғары зергерлік өнер энциклопедиясы деуге болады. Құрамында дайындауға мыңдаған сағат жұмсалған 28 бірегей әшекей бар.


Ақ алтын, тау хрусталі, гауһар сынды асыл материалдардан жасалған бұйымдарды екіге бөлуге болады: өсімдіктер мен жәндіктер. Boucheron Untamed Nature коллекциясы аясында алқалар, басқа тағатын әшекейлер, танамоншақтар, сақиналар, салпыншақты сырғалар, білезік және қыспа ұсынылған. Мысалы, Papillon de nuit танамоншағы қанаты ақ және сұр түсті седептен жасалған шалғын көбелегі пішінінде жасалған. Airelles алқасы – гауһармен көмкерілген қызылжидек бұтағы. Сабағын танамоншық қылып бөлек тағуға да болады.