Гауһар тас салынған бургер, нефрит зәйтүн және алтын сіріңке — ең ерекше зергерлік өнер туындылары
Зергерлік өнер — асыл металдар мен тастарды талғампаз әшекейге айналдыру шеберлігі. Алайда бүгінде дизайнерлер даралық іздеп, балалық шаққа деген ностальгияны қуалап, дәстүрлі сән-салтанат түсінігіне қарсы шығатын болды. Гауһар тас салынған бургер, ойыншық машиналардан жасалған алқа, коктейль таяқшасына шаншылған зәйтүн, алтын сіріңке — бұл ерекше әшекей бұйымдар өздерінің дизайнымен ерекшеленумен қатар күнделікті заттарға жаңа көзқараспен қарауға итермелейді. Сіздерге арнап қарапайым заттарды өнер туындысына айналдырған, ең жарқын брендтердің тізімін жасадық.
Jowita Doroszko
Jowita Doroszko — Франциядан шыққан зергер-дизайнер, бренді ирониялық көзқарасымен, сондай-ақ ерекше әшекей бұйым жасау әдістерімен танымал. Йовита қала маңындағы қарапайым өмірден шабыт алып, жай заттарды асыл тастардан жасалған өнер туындыларына айналдырады. Ең ерекше әшекейлерінің бірі деп темекі тұқылы бейнелейтін мойын алқаны атауға болады. Дизайнер осылайша қарапайым, кейде тіпті жағымсыз затты сәнді аксессуарға айналдырады. Қымбат металдардан жасалған бұл әшекей — автордың заманауи мәдениетке және өмір салтына қатысты, иронияға толы пікірі.

