IMAGE Rolex «Domino's» Oyster Perpetual Air-king Ref. 14000 | Фото: windvintage.com

Сағат пішінді пицца болды ма, әлде пицца 12 тілімге бөлініп сағат бетіне бедерленді ме? Мақаладан біліңіз!

Rolex дәстүрге берік, консервативті компания ретінде жұрт арасында белгілі. Жаңа модельдерді сирек шығарады және бір реттік жылтырлақ коллаборациялардан бойларын аулақ ұстауға тырысады. Бар абыройды асығыс эксперименттермен былғаудың қажеті жоқ шығар деген болу керек. Алайда, бұл ережелердің де бұзылатын кезі бар екен. Rolex-тің ең танымал сирек модельдерінің бірі – Air-King пен Domino’s Pizza арасындағы коллаборация сағатсүйер қауымның назарын өзіне бірден аударды. Бұл сағаттардың техникалық және эстетикалық тұрғыдан әу бастағы Air-King модельдерінен еш айырмашылығы жоқ. Ерекшелігі – циферблаттағы қызыл-көк түсті домино формасындағы Domino’s Pizza логотипі ғана. Бастапқыда бұл модель үздік қызметкерлерге берілетін марапат ретінде шығарылған. Бірақ уақыт өте келе, бұл топтама сағат коллекционерлерінің аңдып жүріп сатып алатын аңсарына айналды.

Rolex сағаттарының сирек үлгілерін анықтау үшін қағидалар жеткілікті-ақ. Солардың бірқатары мыналар: бастиек қорғауынсыз шыққан Submariner; қызыл жазуы бар Sea-Dweller; күміс циферблатты Serti; «Mercedes» пішіндес сағат тілдері жоқ модельдер; Day-Date үлгісіндегі гильоше өрнегі, немесе пиццерия логотипі бар қарапайым Rolex. Соңғысының тарихы сонау 1970 жылдары басталған. Domino’s Pizza негізін қалаушы Том Монаган өз менеджерлеріне аптасына 20 000 доллардан астам табыс тапқаны үшін сағат сыйлауды шығарады. Алғашында бұл сағаттар Seiko брендінен болса, кейін оларды Rolex Air-King сериясына ауыстырған. Қызметкерлер арасында бұл үлкен ынта туғызған деседі. Идентификациялық нөмірі 5500 болатын алғашқы Air-King сағаттары 1957 жылдан 1980 жылға дейін шығарылған. Кейінірек Том тапсырманы күрделендіріп, аптасына 25 000 доллар табыс табуды талап етеді. Әрі бұл көрсеткіш төрт апта бойы сақталуы керек болады.

Tatler Asia
IMAGE 1981 Rolex Oyster Perpetual "Domino's" Air King Модель 5500 | Фото: hqmilton.com

Шын мәнінде, бұл оқиға анау айтқандай соншалықты бірегей дүние емес-ті. Rolex сағаттарын Coca-Cola сияқты басқа компаниялардың логотиптерімен де табуға болады. Себебі 1970-80 жылдары Rolex жеке тапсырыстар деңгейінде белсенді түрде коллаборациялар жүргізген. Әгәрәки, Domino’s Pizza-мен болған коллаборациясы ерекше танымал болды. Былай қарап тұрсаңыз, майлы фастфуд пиццасының бренді элиталы Rolex-тің беделді бейнесімен мүлде үйлеспейтіндей көрінеді. Алайда, доминолар басылып шыққан Air-King моделі «бастапқы» модель ретінде жұрт арасында кеңінен таралған (сол кезде бағасы $1000-$1500 арасында болды). Жыл сайын Domino’s логотипімен бірнеше жүз сағат шығарылған көрінеді. 1990 жылдары адамдар бұл сағаттарды тіпті ломбардтардан тауып алатынды шығарды. Көптеген компаниялар қызметкерлерін пиццамен ынталандырса, пиццериялар өз қызметкерлерін жаңа Rolex-пен шабыттандырған болу керек. Болжам бойынша, бұл сағаттардың культ статусына ие болуына дәл осы парадокс әсер еткен болу керек. 

Темы