IMAGE Vacheron Constantin 222 | Фото: Vacheron Constantin

Сағат жасау өнеріндегі нео-ретро революциясы қайта оралған классикалық үлгілердің заманауи инновациялармен үйлесетінін көрсетеді

Соңғы он жылдай уақыт ішінде сағат брендтері өздерінің атақты дизайндарына қайта орала бастады. Идеялардың жетіспеушілігі дейсіз бе? Олай емес. Ностальгия толқынына мінген сағат шеберлері өткен жылдары шыққан, табысты коллекцияларды қайта өңдеп, заманауи тұтынушыға түсінікті мазмұн құруда.

Мысалы, Tag Heuer: 2003-2004 жылдары Monaco және Carrera модельдерін қайта шығарған бренд осылайша маңызды қадам жасады. Классикалық стильге қайта оралу, оны қазіргі заман талғамына дұрыс бейімдесе, аса тиімді шешім болуы мүмкін. Биыл шыққан сағаттар арасынан алтыннан жасалған Carrera Skipper моделі ерекше көзге түседі. 1968 жылы алғаш шыққанда бұл модель болаттан жасалған еді.

Tatler Asia
IMAGE Tag Heuer Carrera Skipper | Фото: TAG Heuer

Blancpain де 2003 жылы аты аңызға айналған Fifty Fathoms үлгісін қайта жаңғыртты. Ең соңғы модель — 42 мм нұсқасы, қызыл алтыннан не титаннан жасалған корпусымен ерекшеленеді.

Cartier де Panthère, Baignoire және Santos-Dumont сияқты коллекцияларын қайта жаңғырту дәстүрін жалғастырып, еш қалар емес. Ең жарқын мысалдардың бірі — биылғы Watches & Wonders көрмесінде ел алдына шығарылған Cartier Privé Tortue Monopoussoir Chronograph моделі.

Сағатты жақсарту үшін қажет элементтерді енгізу барысында классика рухын сақтау — сағат шеберлері үшін үлкен сынақ. Vacheron Constantin бұл тепе-теңдікті ұстай алды. 2022 жылы бренд 1970 жылдары сән символы болған 222 моделін нарыққа қайта әкелді. Piaget те Polo 79 моделін (түпнұсқалық 34 мм диаметрінен) 38 мм-ге дейін үлкейтіп, кварц механизмін автоматты жүргізу механизміне ауыстырған болатын.

Tatler Asia
IMAGE Piaget Polo 79 | Фото: Piaget

Revival атты Zenith коллекциясы, әсіресе Watches & Wonders 2024 көрмесінде ел алдына шығарылған Defy Revival A3648 үлгісі — 1969 жылғы 14 қырлы безелі бар, диаметрі 37 мм құрайтын моделіне деген құрметтің көрінісі.

Tatler Asia
IMAGE Zenith Defy Revival A3648 | Фото: Zenith

Сағат брендтері тарихи дәлдік пен XXI ғасырға тән креативті шебер үйлестіруде. Alpina 140 жылдық мерейтойына орай қалпына келтірілген 1938 жылғы AL-490 механизмдері мен сапфир артқы қақпақ сияқты заманауи элементтер орнатылған, екі саны шектеулі Heritage Carrée Mechanical 140 Years моделін ұсынған болатын.

Audemars Piguet бас директоры Илария Ресто былай дейді: «Audemars Piguet — өткен-кеткеніне әрдайым жақын болғанымен, болашаққа көз тіккен бренд». 1963 жылғы бруталистік әрі асимметриялық модельден шабыт ала отырып жасалған [RE]Master02 моделі бұл философияны құмды алтыннан жасалған, ультражіңішке механизм мен қиғашталған, жақұт әйнек түрінде айқындайды.

Tatler Asia
IMAGE Alpina Heritage Carrée Mechanical 140 Years | Фото: Alpina

Сағат өнеріндегі уақытқа саяхат өткен дәуірді сағынумен шектелмейді. Бұл — дәстүр мен инновациялардың динамикалық үйлесімі. Брендтер өз мұрасына құрмет көрсетумен қатар өткен дәуір мен қазіргі заманды үйлестіруге болатынын көрсетіп, сағат шеберлігінің жаңа стандарттарын орнатуда.

Мари де Пимоданның осы мақаласы алғаш рет 2024 жылдың 18 қыркүйегінде ағылшын тілінде жарияланған, Tatler KZ үшін қазақ тіліне 2024 жылдың 4 желтоқсанында аударып, жаңартқан – Әмір Салықбай.

Темы