IMAGE Essential Lines Cartier алқасы | Фото: cartier.com

«Отчаянные домохозяйки» сериалын көріп отырып жарқ-жұрқ еткен rivière алқалары жайлы қалам сермеуді жөн көрдік

Биыл «Отчаянные домохозяйки» сериалының 20 жылдығы. Осыған орай, желіде сериалдың қанатты сөздеріне толы мыңдаған жазбаны кездестіруге болады. Әсіресе, олардың дені хас сұлу Ева Лонгория сомдаған Габриэль Солистің аузынан шыққан. «Габи үш нәрсені жақсы білді: оған қызыл түс жарасатынын, гауһар тас кез келген киімге үйлесетінін және еркек кіндіктің бәрі бірдей екенін анық білді» дейтіні есіңізде шығар? Қызыл түс пен еркектер жайлы таңды таңға жалғап дауласса болады-ау. Алайда гауһарлар жайлы еш күмән жоқ – әсіресе, қазір сөз таластыра қоймассыз. Себебі олар күнделікті өмірдің де, салтанатты сәттердің де сәніне айналған.

Гауһар – әрдайым талғам талқысына түсетін дүние. Әнеу бір жылдары классикалық еуропалық bonne ton қағидаларына сай күндіз гауһар тағу жаман талғам белгісі болатын. Мұндай әдетті көбіне Рублевканың ханымдары мен Таяу Шығыстың ханшайымдарына таңып келгеніміз жасырын емес. Бірақ оларда өйтпеске амал бар ма? Есебіңіз түзу болсын десеңіз, бір бармағыңыз бүгулі жүру керек қой. Күйеуі аяқ асты “талақ” деп қалса, дереу үйден кетуге мәжбүр болған әйел үстіндегі гауһар тастан басқа небір құнды бұйымын талғажау етеді? Ал еуропалық бикештерде мұндай сипат һәм уайым жоқ болғандықтан ба, күмісті қанағат тұтатын. Бұл, бір жағынан, әулет бюджетін, барымталы байлығын көзге ұрып көрсетпейтін. Бірақ біздің нысанамыз қазіргі трендтерді мүлт жіберсін бе? Арулар кешкі ас пен той-томалақ былай тұрсын, түскі шай мен балабақшаға бала апарарда да гауһармен әрленуді әдетке айналдырды.

Аталмыш трендті шығарып жүрген дат дизайнері София Билль Брау дейтіндер аз емес. 2018 жылы теннис білезігіне ұқсатып, өз бестселлерін – rivière деп аталатын алқа түрін жұрт назарына ұсынды. Идеясы қарапайым болғанмен болмысы тамаша. Қаз-қатар тізілген гауһар тастар. Мөп-мөлдір. Тұп-тұнық. Бұлақ суының тамшылары ма дерсіз. Өлшемдері де біп-бірдей, шап-шағын болғандықтан киімнің кез-келгенімен үндесе кетеді. Бұл идея оған әжесінен дарыған деседі. Аян болып емес, әрине. Кейуананың да осыған ұқсас алқасы болыпты. Ерекшелігі - пошымында. Тек гауһар тастар үлкенінен кішісіне қарай тізілген. Содан София оны жаңартып, заманауи үлгіде жасауға бел буған. Rivière идеясы, негізі, бұрын да болған. Мұндай алқалар XVIII ғасырда Еуропада кең таралған. Кейін 1870-жылдары Оңтүстік Африкадағы алмас кен орындары ашылған соң, осы стильге арналған қолмен өңделген көптеген тастар пайда болды. Мысалы, 1937 жылы король V Георгтің жары Мария Текская ұлы VI Георгтің таққа отыру рәсімінде жеті гауһар алқадан тұратын rivière-мен суретке түскен.

arrow left arrow left
arrow right arrow right
Фото 1 из 2 "Parure" гауһарлы алқа
Фото 2 из 2 "Parure" гауһарлы алқа

Бүгінгі таңда гауһар тастарды жарқыратып көрсету үшін себептердің азайғаны сонша, зергерлер бұл дизайнды заманауи талаптарға сай бейімдеуге мәжбүр болып отыр. Rivière стильіндегі гауһарлар әдетте көлемі кішірек, классикалық теннис білезіктеріндегі тастарға ұқсас келеді. Тейлор Свифт, Белла Хадид және Хейли Бибер rivière алқаларын өз образдарына қосып, оларды қызыл кілемде де, күнделікті өмірде де тағып, neckmess трендін жалғастырып келеді. Сондағысы – бірнеше алқа мен кулонды қабаттап тағып, сәнді әрі әсерлі тандемді жасау ғана.

Ал лондондық зергер Джессика МакКормак өз rivière алқаларын жасарда, Георгий дәуірінің көне дизайнынан шабыттанғанын айтады. Ол кішісінен үлкеніне қарай ретімен қоюдың орнына, әртүрлі өлшемдегі тастарды кездейсоқ ретпен тізіп шығуды мақсат еткен. «Мойын маңайына шашылып түскен гауһар тастардың әсерін беретіндіктен, көзге өте жайлы көрінеді», – дейді ол The New York Times басылымына берген сұхбатында. 

Tatler Asia
IMAGE Тейлор Свифт | Фото: Getty Images
Tatler Asia
IMAGE Зои Кравиц | Фото: Getty Images

Rivière алқалары шынымен де кез келген дүниемен жақсы үйлеседі. Ең тартымды нұсқасы – ақ футболка мен алқаның тандемі. Себебі rivière алқасының ерекшелігі – бұғананы дәл әрлейтін ұзындық өлшемінде. Ал егер мойын маңайын тағы біраз караттармен сәндегіңіз келсе, мархабат, бірнеше алқаны қатар тағуға болатыны әрдайым есіңізде болсын.

Бұл тренд casual diamonds концепциясын насихаттайтын зергерлік брендтермен байланысты. Мысалы, итальяндық Crivelli маркасы гауһар тастардың кез келген нәрсемен үйлесетінін және тіпті балаларды мектептен алуға барғанда да тағуға болатынын тілге тиек етеді. Ал Messika атымен танымал француздық алмаз дилерлері гауһар тастарды күнделікті өмірде қолдануға байланысты мынадай сиқырлы формуланы ұсынып отыр: Кофе, круассан, сигарет және гауһар тас – ажарыңның ажырамас тандемі. Бұған қарап, ең ұстамды деген француздадың да гаухарманиямен «дертті» болғанын байқауға болады.

Зергерлердің бәрі бір ауыздан «егер сіз гауһар тастарға қомақты қаражат жұмсасаңыз, олар сізді қуантуға тиіс» дегенді алға тартады. Бұл идеямен келіспеу қиын, әрине. Әсіресе, гауһар тастардың жарқырауы жанарыңыздың жалынымен лезде үйлесе кеткен кезде.

Темы