Салтанатты әшекей бұйымдардан ерекше интерьер элементіне дейін: біздің wishlist шырша астына қояр сыйлықты таңдауға көмектеседі
Жаңа жылдық мінсіз сыйлық таңдау оңай шаруа емес. Дүниесі түгел адамды қалай таңқалдыруға болады? Бұл сұрақтың жауабы этикет не психология оқулықтарынан табылмағанымен, люкс брендтері арасынан шығып қалуы әбден мүмкін: сағат-құлаққаптар, інжу вазалар, алтын тарақтар. Бұл брендтер жыл сайын бір-бірімен тапқырлық жағынан жарысып, талғампаздығыңызды айқындайтын ғажап сыйлықтар ұсынады. Мәселені жеңілдету үшін сіздерге арнап сыйлықтар wishlist-н әзірлеп қойдық. Салтанатты әрі стильді не креативті де ерекше сыйлық іздеп жүрген болсаңыз, жаныңызға жақын адамдарды қуантуға қажет идеялардың бәрі осында жинақталған.
Chanel PREMIÈRE SOUND сағат-құлаққаптары


Сымды құлаққаптар ескілеу болып көрінгенімен, сағат, зергерлік бұйым және заманауи технологиялар үйлесім тапқан Chanel PREMIÈRE SOUND құлаққаптарының жайы бөлек. Ерекше құрылғыны бренд амбассадоры Лили-Роуз Депптің мойнынан көргенде, сіз де оны бірден сатып алғыңыз келері сөзсіз. Кварцтық механизммен жабдықталған сағаты 18 караттық сары алтынмен қапталған болаттан жасалған. Қара түсті құлаққап сымына жалғанған, ұзын алқа-сотуар да тура сол материалдан дайындалған. Мұндай құлаққаппен Лана Дель Рейдің әндерін тыңдау концертке барғандай әсер қалдыратын болар.