IMAGE BIG BANG MECA-10 CAMPAIGN 2025

LVMH Watch Week 2025 көрмесінде сағат индустриясының жаңа топтамалары мен шығарылымдары ұсынылды.

21-22 қаңтар аралығында Нью-Йоркте алтыншы LVMH Watch Week 2025 сағат көрмесі өтті. LVMH-ке кіретін тоғыз сән үйі (Bvlgari, Hublot, TAG Heuer, Zenith, Daniel Roth, Gérald Genta, Louis Vuitton, Tiffany & Co. және L’Epée) өздерінің ең жаңа туындыларын көпшілік назарына ұсынды. 

LVMH Watch Week көрмесі Манхэттеннің қақ ортасындағы әйгілі Tiffany & Co. The Landmark флагмандық бутигінде және Louis Vuitton мен Bvlgari дүкендерінде өтті. Сонымен қатар 30-31 қаңтар күндері іс-шара Парижде жалғасады. Қонақтарды Cheval Blanc Paris қонақ үйі мен сән үйлерінің бутиктері қарсы алады. Мақаламыздан бізді ерекше таңғалдырған сағаттар жайлы оқи отырыңыз.

Bvlgari Serpenti Seduttori және Tubogas Automatic

Бұдан былай Serpenti топтамасының жүрегі Lady Solotempo BVS100 механизмінің ырғағымен соғады. Бұл – Bvlgari шеберлері жасаған жаңа мануфактуралық автоматты механизм. Оның пайда болуы сән үйі үшін аса маңызды болып отыр. Себебі нарықта Serpenti-дің бірегей пішіні мен көлеміне мінсіз үйлесетін механизм осы уақытқа дейін болмаған.

Жылан жылы құрметіне Lady Solotempo BVS100 механизмі Serpenti Seduttori және Tubogas модельдерінің гипноздық әсерін еселеп арттыруға барын салғанын байқауға болады. Олар үйлесімді сағат, минут және секунд көрсеткіштерімен жабдықталған. Циферблатта «Automatiс» белгісі қойылған. Бұл оның техникалық тұрғыда жетілдірілгенін білдіреді. Сондай-ақ сағаттың безел сақинасы гауһар тастармен көмкерілген. Ал мөлдір сапфирлі артқы қақпақтан тербелмелі ротордың көздің жауын алатын қозғалысын тамашалауға болады. Дәл сол ротордың бетінде «жыл иесі» жыланның жеті қабыршағы бейнеленген. Анықтап қарасаңыз, Serpenti корпусына да жаңаша форма берілген. Оның иілмелі, жұмсақ сызықтары әйелге тән нәзіктікті айшықтай түскендей. Ал сағатты қолмен бұрап жүргізетін тетікшеге орнатылған дөңгелек пішіндес рубеллит механизмнің ішіндегі шедеврмен бейнебір ұштастырып тұрғандай. 

Tatler Asia
IMAGE Bvlgari Serpentine Seduttori | Bvlgari
Tatler Asia
Tatler Asia
IMAGE Bvlgari Serpentine Tubogas | Bvlgari
Tatler Asia

Hublot Big Bang MECA-10

Ерекше механизмдік құрылымы бар бұл модель алғаш рет 2016 жылы таныстырылған. Он жылдан кейін Hublot MECA-10 моделін жаңартылған калибрмен, ықшамдалған 42 мм корпуста қайта ұсынды. Сағат King Gold, титан және металл жылтырынсыз кейіптегі көміртек материалдарынан жасалған. Бұл жолы дәстүрлі циферблат алынып, оның орнына бұрын жасырын болған механизмдік элементтер айқын көрінетіндей үлгі орнатылды. Ашық, үйлесімді дизайны классикалық құрылымын сақтап, жаңа әрі сәндік элементтермен толықтырылды. 

Бұл сағаттың қуаты 10 күнге жетеді. Энергия деңгейі цифрлық индикаторда көрсетіледі. Мұндай дәлдікке механикалық сағаттарда сирек кездесетін rémaillère редуктор жүйесі жауап береді. Қолмен бұрау жүйесі қуат резерві көрсеткіші мен серіппелі барабанның керілу деңгейінің дәл синхрондалуын қамтамасыз етеді. Парамагнитті кремнийден жасалған анкерлі дөңгелек қосымша майлауды қажет етіп, иесін әурелемейді. Ал уақытты дәл баптағыңыз келгенде, жай ғана секунд тілін тоқтататын механизмді қолдансаңыз болды. Бәрі жап-жаңа, тұп-тура қалыпта қайта «тықылдай» жөнеледі.

Tatler Asia
IMAGE Big Bang MECA-10 King Gold | Hublot
Tatler Asia
IMAGE Big Bang MECA CAMPAIGN 2025

Louis Vuitton Tambour Taiko Spin Time

Spin Time – Louis Vuitton-ның аңызға айналған моделі. Оның алғашқы нұсқасы 2009 жылы жарық көрген. Ал су жаңа Tambour Taiko Spin Time болса, оның жаңартылған нұсқасы ретінде көпшілікке ұсынылды. Spin Time Air жүйесі әуежайдағы кесте тақталарына ұқсатып жасалған. Топтамадағы модельдер саны алтау ғана және барлығы LFT ST13.01 автоматты механизмінде жұмыс істейді. Бұл калибр La Fabrique du Temps Louis Vuitton шеберханасында арнайы жасалған. Механизм 18 караттық ақ алтын корпусқа орнатылған. Радиалды өңдеуден өткен циферблаттың сұр түсті реңкі ерекше талғамнан хабар беріп тұрғандай. Ұсынылған өлшем екі нұсқада болмақ: 39,5 мм және 42,5 мм. Кіші модельдің артқы қақпақшасы жабық, ал үлкенінде мөлдір қақпақ арқылы механизмнің жұмысын қызықтауға болады.

Tatler Asia
IMAGE Tambour Taiko Spin Time Air, Automatic, 42.5mm | Louis Vuitton
Tatler Asia

TAG Heuer Formula 1 Chronograph

Heuer автоспортқа тікелей байланысы бар алғашқы сағат бренді ретінде танымал. 1986 жылы жарық көрген TAG Heuer Formula 1 коллекциясы – бренд пен автоспорт арасындағы ұзақ мерзімді байланыстың айғағы. LVMH Watch Week 2025 көрмесінде төрт жаңа хронограф моделі және Oracle Red Bull Racing командасына арналған арнайы нұсқа таныстырылды. Сағат корпусы жеңіл титаннан жасалған, ал оның дизайны Формула-1 болидтерінің күрделі геометриясына негізделген. Аса ұсақ өлшемде тесілген безель мен қара алмаз тәрізді көміртекті жабын жылдам автокөліктердің тежегіш дискілерін еске түсіреді. Сол безельге тахиметрлік шкаласы бар алюминийлік сақина орнатылған.

Tatler Asia
IMAGE TAG Heuer Formula 1 Chronograph | TAG Heuer
Tatler Asia

Jean Schlumberger by Tiffany Bird on a Rock

Бұл бұйымның бойынан Tiffany & Co. тарихындағы ең жарқын дизайнерлердің бірі Жан Шлюмберженің қолтаңбасын аңғарасыз. Оның аты аңызға айналған Bird on a Rock атты әшекейі дәл осы сағаттың басты көзіріне айналып отыр. Бұл жолы гауһар таспен көмкерілген құс сағаттың циферблатына «қонған». Сыртқы сақинаға бекітілген қанатты әшекей білектің қозғалысымен бірге айналып тұрады. Сары какаду бейнесінен шабыт алған құс алтыннан, гауһар тас пен қызғылт сапфирден жасалған. Оның әр данасы үшін 24 сағаттан аса уақыт жұмсалған деседі. 

Бір қызығы, LVMH Watch Week 2025 аясында Bird on a Rock моделінің екі нұсқасы ұсынылды. Оның бірі – Bird on a Rock Full Pavé Diamond. 36 мм корпусы мен білезігі ақ алтыннан құйылған. Шеңберлі формада дайындалған 1318 гауһар тасы тағы бар. Онысының өзі сегіз каратқа жуықтайды. Ал циферблаттың ортасы қар инкрустациясы техникасында орындалған. Бұл әдіс әртүрлі өлшемдегі гауһар тастарды металдың минималды көрінуімен ерекше жарқырау әсерін беру үшін орналастыруды білдіреді. Сыртқы сақинасына 30 багет пішінді аквамарин орнатылған. Артқы қақпағына Floral Arrows түйреуішін еске түсіретін күн сәулесі формасы қашалған.

Tatler Asia
IMAGE Tiffany & Co. Bird on a Rock | katerinaperez.com
Tatler Asia

Zenith Chronomaster Sport Rainbow

Zenith-тің флагмандық хронографы жоғары дәлдіктегі сағат үлгісі ретінде көптің қызығушылығын тудырған. Бұл сағат 18 караттық ақ алтыннан жасалған. 41 мм корпусы радиустық сапфирлер мен он багет қырлы гауһар таспен көмкерілген безельмен ерекшеленеді. Лакталған қара циферблат кемпірқосақ түстес сағат белгілерімен және үш түрлі-түсті шағын есептегіштермен безендірілген. Super-LumiNova қаптамасы қараңғыда да көрсеткіштердің анықтығын қамтамасыз етеді. Ал El Primero 3600 механизмі 1/10 секунд дәлдіктегі хронограф функциясымен жабдықталған.

Tatler Asia
IMAGE Zenith Chronomaster Sport Rainbow | ZENIHT
Tatler Asia

Темы