«Jacquemus ательесінің бір күні». La Croisière топтамасының Apple-мен бірлескен науқаны жайлы оқи отырыңыз.
Атақты сән үйлерінің «сахна сыртындағы» өмірін көруді армандап па едіңіз? Ендеше ол арманыңызды Jacquemus пен Apple орындады. «Дуэт» француз бренді ательесінің кәдімгі бір күнін шынайы кейіпте көрсетуге тырысқан. Онысын Instagram-да жарияланған бір минуттық роликтен тамашалай аласыз. Бұл жоба – биыл қаңтарда басталған Jacquemus пен Apple арасындағы серіктестіктің жалғасы. La Croisière көктемгі топтамасының көрсетілімі iPhone-ның баяулатып түсіру (4K120 fps Dolby Vision) мүмкіндігін пайдалана отырып, тікелей эфирде түсірілген болатын. Сондай-ақ подиумдағы кадрлар да iPhone арқылы жасалған.
Бейнероликте iPhone 16 Pro Max зумы мен қосымша жабдықтардың көмегімен шеберханадағы күнделікті жұмыс процесі көрсетіледі: қызметкерлер асығыс, тіпті біреудің туған күнін атап өтіп жатыр, ал модельдер La Croisière топтамасындағы киімдерді киіп көріп, қарбалас тіршіліктің атмосферасы сезіледі. Сюрреализм болмаса, Симон «Симон» бола ма? Шеберханада бейқам ұйықтап жатқан мысықтар, мысықша бүктеліп жатқан адам және алтын түске дейін үтіктелген тост тілімдері – осы шығармашылық бейберекет аясында сатылымға шығып үлгерген кейбір бұйымдар да көзге түседі. Мысалы, Turismo bowling сөмкесі, Rond Carré клатчі және қосбортты Fernando пиджагін бірден байқайсыз.
Не десек те, тамаша маркетингілік қадам болғаны көрініп тұр. Бәрекелді, Симон!