IMAGE Max Mara x Butterful & Creamorous (B&C) | Фото: Max Mara

Louis Vuitton шоколадынан Макс Мара круассандарына дейін: бізді сән-салтанат әлеміне жақындатқан десерттер

Fendi сөмкесінің не KAYALI әтірінің дәмін татып көріп жатырмын деп елестетіңізші. Оғаштау сияқты ма? Бірақ шын мәнінде, бұл өте дәмді дүниелер. Өнер, сән және гастрономия арасындағы шекаралар жойылған кезде, стильді әрі дәмді коллаборациялар пайда болады. Мұның дәлелі – Gentle Monster брендімен NUDAKE брендінің бірге жасаған естен тандыратын десерттері және Louis Vuitton-ға қарап дайындалған шоколад өнімдері. Тағы қандай сәнді десерттерден люкс әлемінің дәмін шығуы мүмкін? Толығырақ материалдан оқыңыз.

Nudake by Gentle Monster

Сеулдегі HAUS Dosan ғимаратының жер асты лабиринтінде NUDAKE жасырылған – бұл қарапайым кондитерлік дүкен емес, тәттілердің сюрреалистік әлеміне есік ашатын портал. Gentle Monster жасаған бұл бренд тағам, өнер мен сәнді біріктіреді. Десерттер ерекше пішіндер мен қара, ақ және жасыл түстерде ұсынылған. Ең танымал ұсыныстарының ішінде – матча кремімен жасалған қатпарлы қара Peak Cake пен крем, зәйтүн және жұмыртқадан тұратын цилиндрлі торт FOG.

Жақында NUDAKE BLACKPINK тобындағы Дженнимен коллаборация жасады. Десерттер топтамасы ішінде Rouge Heel атты алтын ром суфлесі (аяқ киім түрінде), Дженнидің портреті бейнеленген Cameo бисквиті, екі түрлі дәмдегі Cotta панна-коттасы және роза хош иісі, жидекті кремі және K-pop иконасының бренд лентасы бар үш қабатты Jennierubyjane торты бар.

Kith Treats x Chips Ahoy!

2023 жылдың желтоқсанында Kith брендіне тиесілі Kith Treats гастрономиялық бөлімшесі Chips Ahoy! брендімен бірге десерттер мен аксессуарлардың шектеулі топтамасын жасады. Мәзірге Chips Ahoy! печеньесіне қарап жасалған тоғыз түрлі балмұздақ сэндвичі кірді. Ең ерекшелері – зефир, брауни және қос балмұздақтан тұратын The Fiegster Chip пен фундук вафлиі мен шоколад-жаңғақ глазурі бар The Wifey Chip. Ал аксессуарлар топтамасы балмұздақ рожогінің пішінінде жасалған печенье ыдысы мен сэндвич жасауға арналған жиынтықтардан тұрады. Сондай-ақ Kith және Chips Ahoy! логотиптерімен екі винтаждық футболка ұсынылған.

24S x Tal Spiegel

2022 жылдың желтоқсанында LVMH тобының 24S атты люкстік онлайн-платформасы Парижде Pâtisserie 24S атты уақытша кондитерлік дүкенін ашты. Кондитер әрі инфлюенсер Таль Шпигель жеті түрлі десерт жасап, оларды белгілі сәнді аксессуарларға арнаған. Мысалы, Fendi First сөмкесі каштан-фисташкалы меренгеде, Acne Studios шапкасы көкжидек-бадам жаңғағы бар тәттіге айналды. Balmain жакеті таңқурай финансьесіне, Burberry Arthur кроссовкалары ванильді мусс пен карамельге, ал Coperni Swipe сөмкесі жаңғақ пастасынан жасалды. Бұл десерттерді небәрі 8 еуроға сатып алуға болады.

Figaret x Jeffrey Cagnes

2022 жылдың желтоқсанында жейде шығарумен танымал Figaret бренді кондитер Джеффри Каньеспен бірлесіп ерекше коллекция ұсынды. Олар 160 фланель мен қара молескиннен жасалған жейде-күртеше дайындады. Әрқайсысының қалтасында Figaret шоколад десертінің рецепті мен сол десертті Париждегі Каньес кондитерлік дүкендерінде тегін алуға мүмкіндік беретін ваучер болды. Десерттің өзі қара шоколад, какао, мусковадо мен жеуге болатын алтыннан жасалған өнер туындысы еді.

Kujten x Dalloyau

2023 жылдың қаңтар айында кашемир киімдерін жасайтын Kujten бренді мен Dalloyau кондитерлік үйі ерекше десерт – galette des rois (французшадан аударғанда “патша торты” дегенді білдіретін десертті христиандардың Эпифания мерекесінде дайындайды) тәттісін дайындады. Шеф-кондитер Жереми Дель Валь бұл пирогты Kujten негізін қалаушы Стефани Эрикссонның Эпифания күнімен тұспа-тұс келген туған күніне орай дайындаған. Пирог қымбат сары маймен дайындалған қатпарлы қамырдан, ваниль қосылған бадам және жержаңғақ кремінен, жержаңғақ пралинесі мен сүтті шоколадты салмадан жасалған. Бағасы 49 евро. Алты-сегіз адамға арналған. 15 пирогтың ішіне Kujten логотипі бейнеленген шағын фигуралар да жасырылған. Сол фигураларды тапқандарға 85 евролық тұратын кашемир бандана ұтып алу мүмкінді түсті.

Louis Vuitton x Maxime Frédéric

2022 жылдың қараша айында Louis Vuitton Парижде жаңа мәдени кеңістік – LV Dream орнын ашты. Ең маңызды оқиғалардың бірі ретінде танымал кондитер Максим Фредерикпен коллаборация есте қалды. LV Dream Сена жағалауындағы бұрынғы La Belle Jardinière әмбебап дүкенінің тарихи ғимаратында орналасты. Бірінші қабатта Louis Vuitton шығармашылық серіктестіктеріне арналған ауқымды көрме өтсе, екінші қабатта Максим Фредериктің кафесі мен шоколад бутигі ашылды. Gault & Millau 2022 нұсқасы бойынша «жыл кондитері» атанған Фредерик Louis Vuitton үшін брендтің культке айналған монограммасы бар шоколад конфеттер коллекциясын жасады. Бұл тәттілер әйгілі Louis Vuitton-ның апельсин түсті қораптарында ұсынылды.

 

Margaux x KAYALI

Әулие Валентин күніне орай Jumeirah Mina A'Salam қонақүйіндегі Margaux кондитерлік үйі парфюмерлік KAYALI брендімен бірлесіп, ерекше десерттер ұсынды. Бұл коллаборацияда KAYALI-дің танымал хош иістері тәттілерге айналды. Мысалы, Invite Only Amber – шоколадты мусс, шиенің нәзік ноталары және жеңіл түтін хош иісімен болса, Eden Juicy Apple – жылтыр глазурьмен жабылған, алма мен жидектерден жасалған десерт күйінде ұсынылды. Vanilla Royale Sugared Patchouli – крем-брюле ноталары бар ванильді-бұршақты десерт боп шыға келді. Ерекше назар аударатыны – десерттердің сыртқы келбеті еді. Олардың әрқайсысы KAYALI парфюмериясының флаконы сияқты безендірілді.

Tatler Asia
IMAGE Margaux x KAYALI | Фото: margauxdubai

Max Mara x Butterful & Creamorous (B&C)

2024 жылы Max Mara кореялық Butterful & Creamorous (B&C) наубайханасымен бірлесіп гастрономия әлеміне нық қадам басты. Химиялық Майяр реакциясы негізіндегі жоба қарапайым ингредиенттерді аспаздық өнер туындыларына айналдырады. Мұндай әдіс өнімдерге қуыру және карамелизация арқылы қанық дәм береді. Коллаборация мәзіріне круассандар, карамельді латте және кремді салмасы бар төрт шағын круассаннан тұратын жинақ кірді. Сонымен қатар, B&C төл жасыл пакеттеріндегі & символы Max Mara-ның танымал қоңыр түсіне боялған.

Tatler Asia
IMAGE Max Mara x Butterful & Creamorous (B&C) | Фото: Max Mara

Темы