IMAGE Instagram @asayjurek

Алматыдағы винтаж дүкендерінің тізімі

Қазіргі заманғы технологиялар сауданы бұрын-соңды болмағандай қолжетімді етті: бар болғаны бірнеше рет телефонның экранын бассаңыз болды, тауар қоймадан келе жатыр деген хабарлама келеді. Алайда, бұл ыңғайлылық елеулі экологиялық шығындарды тудырып жатыр. Жылдам жеткізу, Black Friday секілді тұрақты жеңілдіктер, бірін-бірі алмастырып жататын fast fashion маусымдары және трендтерге ілесу жарысы – мұның бәрі планетаның ресурстарын сарқуда.

Бұл циклдың экологиялық және әлеуметтік құны барған сайын айқын көрінуде. Ресурстардың шексіз еместігін түсініп, бірдеңе өзгерту қажеттілігі туындады.

Жақсы жаңалықтар да бар: көптеген адамдар саналы тұтынуды таңдай бастады. Енді сәнде тек жаңа коллекциялар емес, жеке тұлғаның ерекшелігін көрсететін жеке стиль құру трендке айналуда. Жаңалыққа ұмтылудың орнына, шынайы және мәнді заттарға қызығушылық артып келеді. Сол себепті винтаж дүкендеріне сұраныс қайта жанданды. Бұл тек экологиялық тұрғыдан пайдалы емес, сонымен бірге ерекше стиль қалыптастырып, тарихы бар ерекше бейне жасауға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – бұл еңбекті және ресурстарды құрметтейтін саналы тұтынуға қосқан үлес.

Саналы тұтынудың жақтастары жаңа зат сатып алмас бұрын, алдымен секонд-хенд дүкендеріне барады. Бұл бірнеше себепке байланысты: экологиялық мәселелер, этикалық өндіріс және үнемдеу. Сонымен қатар, олар стильді болып қала береді және сәнді бірдеңе сатып алу ниетінен бас тартпайды. Осылайша, винтажды шопинг барлық осы талаптарды біріктіретін ерекше шешімге айналуда.

Мысалы, Карли Клосс уақыт сынынан өткен винтажды Burberry тренчін таңдайды. Бұл киім алғаш рет 20-шы ғасырдың басында Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде солдаттарға арналған су өткізбейтін плащ ретінде жасалған. Ал Кендалл Дженнер мен басқа жұлдыздар алғаш рет Мэрилин Монро киіп шыққан культтік Levi's 501 джинсын қалайды. Тағы бір қалаулы зат – Dr. Martens 1460 етігі, ол Роберт Паттинсон, Аврил Лавин және Белла Хадид секілді жұлдыздар арасында стиль белгісіне айналды.

Алматыда аутентикалық винтаж заттарын ұсынатын бірнеше дүкен бар. Ескі заттардың эстетикасын іздейтін және сатып алуларға саналырақ қарағысы келетіндер үшін ерекше дүкендердің тізімін ұсынамыз.

Asaý Júrek

Selected second hand

Атауы құдды Дэвид Линчтің 1990 жылы шыққан культті «Wild At Heart» фильмінің қазақша тәржімасындай онлайн дүкеннен экран арқылы да нағыз жақұттар атмосферасын кәміл сезіне аласыз. Бұл жерден жай ғана сәнқой жасөспірімнен бастап, асқан интеллектуал театр сыншысына дейін өзіне керегін таба алады. Аталған винтаж дүкен иелері түрлі арт шараларда өнерпаздардың киім үлгісін құрап, жиі-жиі pop-up store ұйымдастырады.

ReBirth Vintage Shop

ReBirth Vintage Shop атауы айтып тұрғандай кез келген ескі дүниеге жаңа дем береді. Кеңістік негізін қалаушылар апсайклиң арқылы феникстің қайта жаралуы іспетті сиқырға толы өндірісті әлеуметтік желі парақшаларында бөлісіп отырады. Онымен қоса, Еуропа, Америка, Жапония сынды әлемнің түкпір-түкпіріндегі flea market-терден ерекше экземплярдарды саралау үдерісінің куәгері бола аласыз.

Artemida Store

Artemida Store ассортиментінде жабайы Батыс стиліндегі дүниелер басым.  Бұл жерден АҚШ-тан әкелінген мотоциклист күртелері, былғары шалбарлар, казак етіктер ​​мен кең жиек қалпақтарды таба аласыз. Кинематография, кескіндеме, музыка және басқа да өнер салалары wild west мәдениетіне қайта-қайта оралады. Сондықтан бұл бағыттағы киімдердің гардеробыңызда болуы артық етпейді. Ковбойлар мен родеоны еске салатын сөре толы киімді өлшеп болғанша құлағыңыздан «Bang bang, he shot me down, Bang bang, I hit the ground...» әуені өшпей қояды.

Grechka Vintage

Нағыз «demure and mindful» шоппиң үлгісіндей бұл кеңістік жоғарыда атап өткен Burberry тренчін де, Levi's деним шалбарын да ұсынады. Тіпті құнттап қарасаңыз, 1935 жылы Скиапарелли ұсынғанымен, Галлианоның ықпалымен 2000 жылдары қайта сәнге келген газет принтіндегі винтаж жакет те табасыз. Бұл қалаған адам базалық гардеробқа татырлық киімнен бөлек statement-бұйымның да түр-түрін таба алатынын көрсетеді емес пе?! Ал оны кейін қайта сатам десеңіз де, бағасы тек арта түседі. Инвестицияның бұл үлгісі нағыз өнер секілді, солай емес пе?

Бұл дүкендердің ассортименті винтаж тек тренд қана емес, өмір салтына айналғанын анық көрсетеді. Өткенді сақтау идеясы қазақ мәдениетіне де жақын. «Көненің көзі» концепциясы отбасы мұраларында көрініс табады. Бір әулеттің  арғы атасының күміс ертоқымын әлі күнге ат үстінен түспесе, екінші шаңырақ әжесінен қалған фарфор шәйнек тұрған үстелді жағалай күнде бас қосады. 

Демек винтаж дүние артында тұтас тарих жатыр.

 

Темы