Тильда Суинтон және трикотаж, Шайтан Казуяның көзілдірігі, Tyler, The Creator капсуласы — биылдың ең қызық коллаборациялары
Сән коллаборациялары — брендтер үшін елді таңқалдырып, жаңа аудиторияны тартатын әрі шын мәнінде құнды өнім жасау мүмкіндігі. Мұнда спорт пен кутюр үйлесім тауып, люкс көше стилімен ұштасып, маркетинг мамандары елдің көңілінен шығатын, жаңа әдіс табуға тырысады. Бұл жобаларды сәтті жүзеге асыру — нағыз өнер. Коллаборация жасау үшін тек дұрыс серіктес қана емес, сонымен қатар екі стильден біртұтас әрі сенім ұялататын образ жасайтын идея табу қажет. Әр коллаборация мәнді болып, екі жақтың да даралығын көрсетіп, аудиторияның тілін табуы тиіс. 2024 жылы құрылған одақтар арасынан елдің назарын аударумен қатар сән бағытын бергендерін іріктеп алдық.
Bode x Nike

Америкалық Bode бренді ерлер сәніне деген қолөнер әдістерін, винтаж материалдарды және заманауи дизайнды қамтитын, экология тұрғысынан оң көзқарасымен танымал. Cондықтан да брендтің аты шулы архивтік кроссовка үлгілеріне қайта жан беру шебері — Nike компаниясымен бірге жасаған коллаборациясының табысты болуы — орынды жайт.
«Nike архивіне алғаш барған кезде спорт әлемін өзгерткен силуэттерге назар аудардым. Әсіресе, Astrograbber моделі ерекше әсер берді», – деп атап өткен екен Bode негізін қалаушы Эмили Адамс Боде. Дәл осы модель қара және крем түстес капсуланың басты элементіне айналды. Коллекцияға сонымен қатар 70-жылдар стиліндегі бантикпен және ретро түйреуіштермен безендірілген футболкалар, спорттық шалбарлар, легинстер, сондай-ақ Nike логотипі бар курткалар енді. Коллаборация Bode-нің ностальгиялық эстетикасын Nike-тың технологиялық жаңашылдығымен ұштастырып, ерекше спорттық киім синтезін жасады.