Жұқа мата, жеңіл силуэт және нәзік түс. Маусымның өзекті образдары көктемнің келгенін еске салады. Көктеммен бірге романтика да, бекзат әйел болмысы да келіп жетті.
Париждің қақ ортасында, V Георг даңғылы мен Елисей алаңының қиылысында Hôtel Barrière Fouquet’s Paris тұр. Бұл отель бірнеше жылдан бері art de vivre, яғни «өмір сүру өнерінің» нышаны аталып келеді. Tatler Kazakhstan-ның наурыз айындағы нөміріне арнап әзірленген «Романтизм дәуірі» атты талғампаз фотосессия дәл осы Париждегі отельдің жаңа бөлмелерінің бірі – фирмалық Arc de Triomphe сьютінде өтті. Ауданы 135 шаршы метрді құрайтын османдық стильдегі кең апартамент салтанатты декорацияға айнала кетті. Шырша пішінінде төселген паркет, мәрмәр алауошақтар және дизайнер Жак Гарсияның қымбат маталары интерьерді одан әрі жайната түсті. Сьюттің төртінші қабатынан Елисей алаңын, Салтанат қақпасын және Эйфель мұнарасын көруге болады. Ғажап көрініс!