Ақ футболка тарихын ақтарып, гардеробыңызға қосуға болатын үздік нұсқалар туралы әңгімелейміз.
«Blue Jeans, White Shirt», – деп ән салады Лана Дель Рей. Мұндағы меңзегені – Джеймс Диннің Rebel Without a Cause фильміндегі образы. Ақ футболка мен джинс шалбарынан тұратын комбинация нағыз сән классикасына айналды. Жақында ғана пайда болған мысал – The Bear сериалындағы Карми есімді эмоция тұрғысынан тұрақсыздау шефтің вирустық сипатқа ие болған ақ футболкасы. Бір кезде утилитарлық зат болған киім қалайша гардеробтың мастхэвіне айналды?
Футболканың «Т» әрпі тәріздес пішініне негізделген T-Shirt термині алғаш рет Ф. Скотт Фицджеральдтің This Side of Paradise атты еңбегінде қолданылды. Жаппай өндіріске Уильям Коттонның (1864) тоқыма машиналары сеп болды. 1901 жылы P. Hanes Knitting Company Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан сарбаздар киген, қазіргі футболкаға келетін іш киім топтамасын шығарды.
50-жылдары Голливудтың арқасында футболка киім киіс элементі ретінде танымал бола бастады. Мысалы, A Streetcar Named Desire фильмінде бұлшықетін жақсы айқындайтын, қонымды майка киіген Марлон Брандо секс-символға айналды. Іш киімге маскулиндік қасиет дарытқан дәл осы образ еді. Rebel Without a Cause фильміндегі Джеймс Дин болса футболка мен жастық жалын арасындағы байланысты нығайта түсті. Жак-Люка Годардың Breathless фильміне түскен Джон Сиберг футболканы француз стилінің бөлшегіне айналдырды.

