Больцаноның алма бақтары мен жасанды былғарының байланысы туралы оқи отырыңыз.
Тері өндірісі мен қоршаған орта әрдайым үйлесімді бола бермейтіні белгілі. Cascale мәліметінше, сиыр терісінен жасалатын былғары – материалдар арасында ең үлкен үш ластаушының бірі. Этикалық және экологиялық өндірісті қолдау үшін көптеген брендтер алма қалдықтарынан жасалған жеміс былғарысына көшіп жатыр. Италияның солтүстігінде жыл сайын шамамен 30 000 тонна алма қалдығы пайда болып, әдетте қоқысқа тасталады. Осы мәселеге назар аударған италиялық Mabel және Frumat компаниялары жағдайды өзгертуді ұйғарып, 2010 жылдан бастап алма пектині негізінде былғары өндіруді бастады. Бұл былғарыға UPPEAL атауы берілген, оқылуы «a peel» (ағылш. «қабық») сөзін де еске салады.
UPPEAL өндірісі үшін пектин биологиялық өндірістік қалдықтардан алынады. Frumat компаниясына оны жеміс шырыны мен тосап өндірушілер береді. Алмаларды олар Италияның солтүстігіндегі Больцано бақтарында өсіреді. Былғары жасау үшін алма еті, сабағы мен дәндері ұнтақ күйіне дейін ұсақталып, полиуретанмен араластырылады. Кейін дайын өнімге бедерлі өрнектер салынады. Бұл былғарының икемділігі жануар терісіне ұқсайтын текстураны мінсіз имитациялауға мүмкіндік береді, сондықтан Stella McCartney, Coperni, MoEa сияқты брендтер қазір соны пайдаланып жүр.
Stella McCartney бренді UPPEAL материалын алғаш рет 2023 жылы қысқы топтамасында қолданды, онда ол крокодил терісінің орнына жүрді. Стелла сән индустриясындағы жануарларға «қатыгез, этикаға сай келмейтін, адамгершілікке жат» көзқарас мәселесін көтерді. Америкалық PETA жануарларды қорғау ұйымының мәліметінше, крокодил терісінің ең ірі экспорттаушысы – Вьетнам, ол жыл сайын 30 000-нан астам өнім шығарады. МакКартнидің идеясын Тейлор Свифт сияқты жұлдыздар қолдады. Мысалы, америкалық әнші бірнеше рет Frayme сөмкесімен жұрт назарына түскен.