«Severance» сериалындағы құпиясы көп Lumon корпорациясының стилі туралы спойлерсіз мақаламызды оқи отырыңыз.
«Біздің жұмысымыз маңызды әрі құпия», – дейді бас кейіпкер С. Марк «Severance» сериалының алғашқы бөлімінде жаңадан келген қызметкер Р. Хэллиге. Олар – Lumon атты жұмбақ корпорациядағы макродеректерді өңдеу бөлімінің «бөлінген» қызметкерлері. «Бөлінген» дегеніміз – қызметкердің жұмысқа қатысты естеліктерін сыртқы өмірінен медициналық процедура арқылы ажыратып, бөліп тастайтын бағдарламаның жұмысы. Осылайша, қызметкерлердің жеке тұлғасы екіге ажырайды: the innies («ішкілер» – кеңсе ішінде ғана өмір сүретіндер) және the outies («сыртқылар» – жұмыстан тыс өмір сүретіндер). Бөлімде Ирвинг Б. мен Дилан Д. да жұмыс істейді, ал олардың үстінен қатаң басшы Хармони Кобелл мен оның орынбасары мистер Милчик қадағалайды.
«Severance» – психологиялық триллер, және ондағы көптеген элементтер, соның ішінде декорациялар, көрерменнің көкейінде мазасыздық сезімін тудырады. Оқиға сыртқы әлемнен оқшауланған «бөлінген қабатта» өрбиді. Lumon ғимаратына кірген сәттен бастап, ондағы үздіксіз бақылау мен корпоративтік қысымның суық лебі бірден сезіледі. Нақты өмірде бұл – Нью-Джерси штаты, Холмдел қаласындағы Bell Works кешені. Ғимаратты ХХ ғасырдың ортасында атақты сәулетші Ээро Сааринен жобалаған. Оның алып айнадай жылтыр шыны қабырғалары мен қатаң симметриясы адамға үрей ұялатып, өзін «Үлкен ағаның» қадағалауында жүргендей сезіндіреді.

