Кутюрье Ульяна Сергеенко өз шығармашылығында жаңа кезең бастау үшін туған жері Қазақстанға сағынышқа толы сапар жасады
Біз Римде жолықтық. Ульяна бұл қаланы ерекше жақсы көреді. Жылына бірнеше рет келіп, үлкен жобалардан кейін тынығып, демалып қайтады. Мұнда оның сүйікті қонақ үйі бар, ішінде бәрі гүлмен көмкерілген сүйікті бөлмесі де, сүйікті мейрамханасы да осында. Мен кездесулер кестесін жасағым келіп, қарбаласқа сүңгіп кетуге тырысқаныммен, Римге келгенде Ульяна тыныштықты қалайтындай. «Бүгінмен өмір сүргім келеді. Тим, зиратқа барайықшы?» — дейді ол. Мұндайды әлемдегі ең сымбатты әйелдердің бірі айтады дегенге екінің бірі сенбес. Десе де зират жаққа беттедік.
Verano — Римдегі ең үлкен, сән мен салтанаты жарасқан зираттардың бірі. Мұнда италиялық киноның даңқты тұлғалары жерленген. Ульяна кино тарихын жетік біледі, культке айналған фильмдердің көбін көрген. Кіреберісте құшақ-құшақ гүл шоғын сатып алды да, бірін — Марчелло Мастроянниге, енді бірін — Витторио де Сикаға, тағы бір шоқ гүлді — Роберто Росселлиниге қойып шықты. Жазушы Джанни Родари жерленген орынға келгенде соңғысын қойып, тағзым етті. «Бала күнімде оның кітаптарын жақсы көретінмін. «Чиполлиноны» бәрі білетін шығар, бірақ маған әсіресе «Жаңа жылдық сыйлық» деген кітабы ұнайтын, мұқабасында қызыл түсті ойыншық атқа мінген бала бейнеленген — біздің логотиптегіге ұқсайды. «Рим қиялдары» деген тағы бір жинағы бар, ертегі мен хикаяларға толы. Бәлкім, Римге деген сүйіспеншілігім сол кезден басталған шығар? Дегенмен бала күнімде тек Өскеменді ғана көріп өстім ғой», — деп өткен шақтың еншісіндегі жылы сәттерді еске алды.

Рим, зират, мүсіндер сырттай нуарға толы көрініс сияқты. Алайда қазіргі Ульяна баяғы меланхолиялы нуар кейпінен әлдеқашан арылған. Енді ол — өмірге құштар, қуаныш пен шабытқа толы жан. Римнің тарихи зиратынан шыға бере көмекшісіне әзіл-шыны аралас: «Менімен келіспей, ескерткішіме қандай да бір сұрықсыз сурет қойсаңдар, рухым тыныштық таппай, елес болып келіп, мазаларыңды қашырамын!» — деп нұсқау беріп жатты.