Ким Кардашьян мен Nike корпорациясы әйелдерге арналған NikeSkims коллаборациясын биыл ұсынбақ
Спорттық сән әлемі жаңа дәуірге қадам басып келеді. Nike мен SKIMS бірігіп, әйелдерге арналған фитнес киімдерінің жаңа желісін ұсынбақ. NikeSkims деп аталатын бұл коллаборация әйел денесінің ерекшеліктерін ескере отырып, қозғалысқа барынша ыңғайлы әрі стильді спорттық киімдер өндірісіне бағытталған. Жинақы силуэт, жоғары сапалы материал және кеңейтілген өлшемдік тор. Желінің басты ерекшеліктері осындай.
Nike бұған дейін де әйелдерге арналған спорттық киімдер шығарғанымен, SKIMS-пен серіктестік – бренд үшін жаңа тәжірибе. Бұған дейін компания тек атақты спортшылармен жұмыс істеп, оларды өз өнімдерінің бет-бейнесі ретінде ұсынатын. Ал енді Ким Кардашьянның сән империясымен тандем жасап, Lululemon мен Alo секілді әйелдерге арналған спорт киімдері брендтерімен бәсекеге түспек.
Айта кету керек, бұл серіктестіктің астарында Nike-дің қаржылық қиындықтары да жатыр. Соңғы бір жылда компанияның акциялары құлдырап, инвесторлар көңілінен шықпай жүрген еді. Бірақ жаңа коллаборацияның жариялануы бұл жағдайды біршама өзгерткенге ұқсайды. Осы бір жаңалықтан кейін Nike акцияларының құны 3%-ға артқан.
NikeSkims коллекциясы алдымен 2025 жылдың көктемінде Солтүстік Америка нарығында онлайн сатылымға шығады, ал офлайн-дүкендерде 2026 жылы саудаланады.