Денелі жігіттер, «ақ жағалылар» және ковбойлар – маскулиндіктің барлық түрін қамтитын Acne Studios топтамасы
Acne Studios швед сән үйі Париж сән апталығы аясында 2025 жылдың күзіне ерлер киімі топтамасын ұсынды. 24 образдан құралған лукбук креативті директор Йонни Йоханссонның заманауи маскулиндікті қалай зерделейтінін айқындайды. Коллекцияда денелі жігіттер, «ақ жағалылар» және ковбойлар сынды алуан түрлі стиль бойынша сараланған.
Үш ұл баланың әкесі ретінде Йонни жастардың не қалайтынын біледі. Мысалы, бала кезінде Acne жарнамасына түскен 21 жастағы ұлы Фрассе қазір Стокгольм қаласындағы винтаж дүкенін басқарады. Стилін эклектикалық деп сипаттауға болады: бір күні Ленни Кравицке ұқсаса, ертеңінде жапондық гот рөлін сомдайды.
Топтама стилизациясы өзіндік плюрализмімен ерекшеленеді: галстуктің бір шеті шалбардың астында, джинс шалбарына ковбой етігі бейнесіндегі тромплей принті басылған, ал тоқыма пиджактың ішінен Pink Gym for everyone деген жазумен көркемделген ішкөйлек көрінеді. Ерлер архетиптеріне деген жаңа көзқарасы осылайша коллекцияны әрі жеңіл, әрі ойнақы етті: «Иронияға ұмтыламыз деп айта алмаймын, алайда сәнге ойнақылық жарасады деп ойлаймыз. Тым салмақты болуға тырысқан кей нәрсе жасанды көрінеді», – дейді Йоханссон.