IMAGE «Өткен жылы Мариенбадта», 1931 ж

Классикалық Голливудтан француздың жаңа толқынына дейін: Коко Шанель қандай фильмдерге киім әзірледі?

Биыл Джошуа Оппенхаймердің «The End» атты алғашқы мюзиклінің тұсаукесері өтті. Басты рөлді Тильда Суинтон сомдаған туынды жиырма жыл бойы сәнді бункерде өмір сүрген ауқатты отбасы туралы. Тильданың кейіпкері — отанасы, гардеробында он түрлі эксклюзивті киім бар. Оларды талантты костюм суретшісі Фрауке Фирл Chanel сән үйімен бірлесіп әзірлеген-ді. Осылайша әйгілі бренд Джошуа Оппенхаймердің режиссёрлік дебютіне айрықша қолдау көрсетті.

Chanel сән үйі 1931 жылдан бастап кино әлеміне араласа бастады. Сол жылы Габриэль Шанель Голливудқа шақырту алған еді. «Бүгінде сәнді кино арқылы насихаттауға болады», — деп айтқан дизайнердің сөзі бар-тын. ХХ ғасырдағы шоқтығы биік тұлғалардың бірі киноиндустрия әлеміне твид костюм мен қолына темекі ұстаған кейіпте еніп, өзіндік із қалдырды. Подиумдарды бағындырған айрықша талғам иесі кинематография әлемінен де ойып тұрып орын алды. Осы мақалада Коко Шанельдің қолынан шыққан костюмдер бар фильмдерді тізіп шықпақпыз.

Голливуд

1931 жылдың ақпанында Габриэль Шанель америкалық продюсер Сэмюэл Голдвиннің шақыруымен Голливудқа аттанды. Дизайнер United Artists киностудия актрисаларының гардеробында стиль мен жоғары талғам пайда болуын көздеген еді. Шанель Tonight or Never (1931), The Greeks Had a Word for Them (1932) және Palmy Days (1931) фильмдерінің костюмдерін әзірледі. Алайда бұл киімдерді актрисалар тек түсірілім алаңында емес, күнделікті өмірде де Chanel костюмдерін ел-жұртқа паш етуге мәндеттелді. Осылайша Габриэль 1930 жылдарда-ақ қазіргі заманғы «бренд амбассадоры» деген түсінікті қалыптастыра білді.

Tatler Asia
IMAGE Tonight or Never (1931)
Tatler Asia
IMAGE The Greeks Had a Word for Them (1932)

Француз кезеңі

Коко Шанель Голливудта ұзақ тоқтамады, мол қаламақы мен маңызды байланыс сыйлаған әлемнен бір демде алыстап кетті. Оның жаңа жеке клиенттерінің қатарында Грета Гарбо, Марлен Дитрих және продюсер Сэмюэл Голдвиннің әйелі Франсис Голдвин болды. Францияда оны бірнеше ауқымды жобалар күтіп тұрды. Шанель Марсель Карне, Луи Маль, Роже Вадим және Жан Ренуар сияқты атақты режиссёрлердің фильмдеріндегі кейіпкерлерге арналған костюмдерді әзірледі.

30-шы жылдардың соңына қарай реализм авангардтық киноны алмастыра бастады. Көрермен абстракциядан шаршап, қарапайым адамдардың соғыс алдындағы қиын кезеңдерді бейнелейтін оқиғаларды тамашалығысы келді. Марсель Карненің «Le Quai des Brumes» (1938) фильмі поэтикалық реализмнің символы деп есептеледі. Фильмнің басты кейіпкеріне арнап костюмдер әзірлеу өтінішімен Шанельдің кеңесіне жүгінген кезде, дизайнер: «Мұндай фильмге көйлектер қажет емес. Берет пен плащ та жеткілікті!» — деп жауап берген. Оның бұл шешімі дұрыс болды: Неллидің (Мишель Морган) осы минималистік, бірақ әсерлі бейнесі есте қалар, қайталанбас образға айналды.

Tatler Asia
IMAGE Мишель Морган Нелли рөлінде, Le Quai des Brumes, 1938
Tatler Asia

Шанельдің стильге деген көзқарасы Ла-Манштың о жағында да, бұ жағында да өзекті болды. Вестминстер герцогымен байланысы бар кезде ағылшын стилінің сан түрін меңгере бастады. Бұл стиль Шанельдің культтік трикотаж жемпірлерін, твид костюмдерін және жұмсақ пальтоларды дайындауға арқау болды. Жан Ренуардың «La Règle du Jeu» фильмінде дизайнер француз шеберлігі мен ағылшын талғампаздығын үйлестіре білді. Фильмдегі аңшылық сахнасында кейіпкерлер Кристин мен Женевьёв твид костюм киеді. Байқасаңыз, сол кинокартинадан белдемше мен қыпша бел жакеттерді де көресіз. Бұл элементтер әйелдердің еркін қозғалуына мүмкіндік беріп, фильм мағынасын айшықтай түсті.

«Ascenseur pour l’échafaud» (1958) фильмі Луи Мальдің француз нуары классикасы және жаңа толқынның алғашқы фильмдерінің бірі болды. Триллер қылмыс пен махаббат жайлы сыр шертіп, Майлс Дэвистің культтік джаз саундтрегімен сүйемелденген еді. Ал басты рөлді сомдаған Жанна Моро нуар стиліндегі әйел бейнесінің эталонына айналды. Шанель Мороның образына минимализм мен нәзік әсемдік сыйлады. Шағын футляр көйлек, нақ түскен сызықтар мен табиғи сұлулық кейіпкердің драматизмін күшейтіп, мәңгі бақи есте қаларлықтай етті.

Tatler Asia
IMAGE Жанна Моро, Ascenseur pour l’échafaud, 1958

1961 жылы Ален Рене түсірген «L'année dernière à Marienbad» фильмінде басты рөлді Дельфин Сейриг сомдады. Бұл Мариенбадтағы сәнді шипажайда ер адамның әйелмен кездесуі туралы сюрреалистік, шытырман оқиғалы әрі әсерлі фильм еді. Басты кейіпкер бір жыл бұрын дәл осы жерде кездескенін айтқанымен, әйел оны есіне түсіре алмайды. Тіпті фильмдегі киімдерге аса мән бермейтін көрерменнің өзі костюмдердің қай-қайсысы да оқиғаның астарын аша түсетінін бірден байқары сөзсіз. Ал басты кейіпкердің муслин матадан тігілген қара көйлегі сол кезеңнің көптеген сән иконаларының көңілінен шыққан «Marienbad көйлегі» деп аталып кеткен еді.

Tatler Asia
IMAGE «Les Liaisons Dangereuses» (1959) фильміндегі Жанна Моро.
Tatler Asia
IMAGE «Ascenseur pour l'échafaud» (1959) фильміндегі Жанна Моро.
Tatler Asia
IMAGE Дельфин Сейриг «Marienbad көйлегінде»
Tatler Asia
IMAGE «L'année dernière à Marienbad» (1931) фильмі.
Tatler Asia
IMAGE «L'année dernière à Marienbad» (1931) фильмі.

2011 жылы Карл Лагерфельд осы фильмнің 50 жылдығына арналған көктем-жаз топтамасын — Last Year at Marienbad коллекциясын шығарды. Лагерфельд фильм стилінен шабыт алып, оның өткіншілік пен екіұштылығын айрықша көрсете білді. Бұл топтама 20-шы жылдардың сән-салтанаты мен 60-шы жылдардың минимализмін үйлестіріп, фильм атмосферасын уақыттан тыс құбылыс ретінде бейнеледі. Лагерфельд топтамаға кірісу кезінде фильмді де, оның сценарисі Ален Роб-Грийенің еңбектерін де бірнеше қайтара көріп, туындының терең мәніне үңілуге тырысқанын айтқан. Ал Chanel-дің 2023 жылғы көктем-жаз топтамасында Карл Лагерфельдтің ізбасары Виржини Виар 60-шы жылдардағы кинематограф, соның ішінде «L'année dernière à Marienbad» фильмінен шабыт алған.

Tatler Asia
IMAGE Chanel-дің 2011 жылғы көктем-жаз топтамасы

Театр

Коко Шанель әрдайым маңғаз шығармашылық ортаның назарында болғаны көпке мәлім. Ол өзінің дос-әріптестеріне рухани және қаржылай қолдау көрсетуден еш жалықпаған. 1922 жылы Коко Шанель Жан Коктоның «Antigone» спектаклінің киім үлгілерін әзірлеумен айналысты. Бұл спектакльге ол көне Грекиядан әсер алып, қылшық жүннен костюмдер дайындаған. Дәл сол костюмдерді өз қолымызбен ұстап, өз көзімізбен көре алмаймыз, алайда Vogue журналына арнап түсірілген фотосуреттерден тамашалай аламыз.

1924 жылы Коко Шанель Сергей Дягилевтің соңғы балеттерінің бірі — «Le Train Bleu» үшін костюмдер әзірледі. Балеттің аңызға айналған шымылдығын Пабло Пикассо салған, ал костюмдері күтпеген жерден спорттық стильде жасалған. Бұл киімдер спорттық сәнге еліктеген болып, сол уақытта үлкен танымалдыққа ие болды. Мұндай тәсіл балет үшін революциялық қадам болып, Дягилевтің батыл қойылымдарының белгісі ретінде есте қалды.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia
IMAGE Виктория мен Альберт музейі, Лондон
Tatler Asia

Кино әлеміндегі Шанель

Chanel бренді уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпайды. Кристен Стюарттың «Sils Maria», «Personal Shopper», «Spencer: The Mystery of Princess Diana» фильмдерінде кейіпкерлер Chanel киімдерін киіп, аксессуарларын тақты. Сонымен қатар Chanel бренді «The Devil Wears Prada», «Anna Karenina», «Moulin Rouge!» және «Sex and the City» сияқты фильмдер мен сериалдарда да жиі кездеседі. 35 жыл бойы брендті басқарған Карл Лагерфельд Габриэль Шанель сияқты кино үшін костюмдер жасауды жақсы көрді. Ол «La Dame dans l'auto avec des lunettes et un fusil», «Callas Forever», «Before Night Falls» фильмдеріндегі киім үлгілерімен жұмыс істеді.

Қорыта келгенде, Шанель мұрасының сән әлемінде алар орны — бір төбе. Сонымен қатар әйел адамның тәуелсіздігіне қатысты жаңа көзқарас, жаңа леп сыйлаған философияға айналды. Тіпті өнер мен киноға үлкен өзгеріс әкелген бейнебір қозғалыс іспетті мәдени феномен десек, артық айтпаспыз.

Темы