Матье Блази ресми түрде Chanel-дің креативті директоры атанды
Сән әлемінде тағы бір дүрбелең! Егер тек екі күн бұрын бәріміз Джон Галияноның Maison Margiela-дан кетуін талқылап жатсақ, бүгін тағы бір драма: француз-бельгиялық данышпан Матье Блази Bottega Veneta-мен қош айтысты. Айтпақшы, оның орнына Луиз Троттер келеді деп хабарланды.
Матье Блази ресми түрде Chanel-дің креативті директоры атанды. Маусымнан бері бос тұрған бұл лауазым ақыры сән әлеміндегі ең батыл дизайнерлердің бірімен толықты. Осыған дейінгі сыбыстар расталды: Bottega Veneta-мен қош айтысқан Блази енді Chanel-де өз қиялы мен талғамын жаңа деңгейге шығарады.
Оның фантазиясының шегі жоқ екенін біз SS25 коллекциясынан-ақ көргенбіз. Матьенің Bottega Veneta үшін жасаған соңғы топтамасы барша көрерменді тамсандырды. Коллекция балалық шақтың жылы естеліктеріне толы: үлкен силуэттер, ата-ана киімін киіп көргендей әсер, жарқын түстер мен көңілді детальдар — бәрі Блази-дің ерекше қолтаңбасы. Көрсетілім соңында кір себеттен жаңа ғана алынғандай қыртыс көйлектерді көріп, «бұл haute couture ма әлде шынайы өмір ме?» деп таң қалдық.



