IMAGE Meruert Tolegen F25

Meruert Tolegen брендін құттықтаймыз және LVMH Prize финалын да тағатсыздана күтіп жүрміз.

Қазақстандық дизайнердің бренді жайлы біз жуырда ғана Нью-Йорк сән апталығын талқылау барысында айтқан едік. Сол кезде редакция ұсынылған образдардың ерекшелігін атап өткен еді. Бүгін француздық LVMH конгломераты Meruert Tolegen брендін сән индустриясындағы ең беделді марапаттардың бірі – LVMH Prize сайысының жартылай финалына өткенін жариялады.

2025 жылдың 5-6 наурызында 20 жартылай финалист өз топтамаларын таныстырып, сегіз финалистің қатарына қосылу үшін бақ сынайды. Жеңімпаздар мынадай марапаттарға ие болады: негізгі жүлде – €400 000, Карл Лагерфельд атындағы сыйақы – €200 000 немесе Savoir-Faire марапаты – баламалы сомадағы қолдау. Біз енді отандасымыз үшін тақым қысып, жеңіске жетуіне тілектес болудан артық көмек көрсете алмайтын сияқтымыз.