Креативті дуэт 2017 жылдан бері Jil Sander брендіне жетекшілік етіп келген еді.
Милан сән апталығы аясында Jil Sander бренді өз топтамасын ұсынды. Шоу аяқталған соң бренд өкілдері ресми мәлімдеме жасап, Люси мен Люк Мейерлердің креативті директор қызметінен кететінін хабарлады. Олар бұл лауазымды 2017 жылдан бері атқарып келген. OTB холдингінің президенті Ренцо Россо жұпқа брендтің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
Ерлі-зайыптылар өздерінің әлеуметтік желілерінде қысқаша қоштасу хатын жариялады:
«Jil Sander үшін соңғы топтамамызды таныстыру – біз үшін үлкен құрмет. Бұл жерде сегіз жыл жұмыс істегеннен кейін осы жолда бізбен бірге болған, өз шеберлігі мен шығармашылығын, күш-жігерін ортаға салған барша жанға алғысымыз шексіз. Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімізді мақтан тұтамыз, бірақ ең маңыздысы, осы жылдары иық тіресе жұмыс істеп, керемет достықтың куәсі болғанымызға қуаныштымыз».
Қазіргі таңда Jil Sander-дің жаңа креативті директоры кім болатыны белгісіз. Сондай-ақ Мейерлер жұбының алдағы жоспары да жұмбақ күйінде қалып отыр. Дегенмен олардың Loewe брендіне қосылуы мүмкін деген сыбыстар айтылып жүргеніне біраз болғанын ескерсек, бұл сұрақтың жауабы көп күттірмейтін сияқты.