Минимализм, тағы да минимализм және бір шым-шым Sandy Liang. Нью-Йорк сән апталығының өткен демалыс күндеріндегі fashion рецепті несімен ерекшеленгенін оқи отырыңыз.
New York Fashion Week-тің 2025 жылғы күзгі маусымының жартысы өте шықты. Сіздің қарбалас жүргеніңізді сезіп, ең есте қаларлық топтамаларды осы мақалаға жинап қойдық. Мен-мен деген дизайнерлер Нью-Йорк әйелінің бейнесін әртүрлі кейіпте сипаттап бақты: Brandon Maxwell оны жоғары талғамдағы базалық образда көрсетсе, Calvin Klein ұстамды әрі мінсіз сәнделген минимализм падишасы етіп сипаттады. Ал Khaite femme fatale бейнесімен таңғалдырды. Көптеген сәнгерлер Нью-Йорк әйелін салмақты кейіпте көрсеткісі келгенін байқауға болады, тек Sandy Liang керісінше жеңіл һәм ойынқұмар образды жасап, «арпа ішінде бір бидай» атанды.
Brandon Maxwell
Нью-Йорк сән апталығын Brandon Maxwell коммерциялық тұрғыда тартымды топтамамен ашты деуге болады. Дизайнер заманауи әйелдің гардеробын жасауда оған сәнді базалық киімдерді қосқан. Бірақ күтпеген шешімдер де болмады емес, болды. Мысалы, ұзартылған жолақ жейделер, спорттық стильдегі төмен белбеулі шалбарлар және былғары мен шілтеріден жасалған текстуралы жолақты белдемшелер шоппинг сүйер бикештерді баурай жөнелетін секілді. «Менің басты мақсатым – адамдар шынымен кигісі келетін киімдерді жасау», – деп «бөсіп» қалды Максвелл мырза.
Calvin Klein
Алты жылдық үзілістен кейін Calvin Klein алғашқы подиумдық топтамасын ұсынды және бұл таза минимализм бейнесі ретінде есте қалды. Алайда Calvin Klein-нің дәстүрлі минимализмі батыл әрі тартымды болғанын ескерсек, осы жолы креативті директор Вероника Леонидің стилі біршама ұстамды һәм классикалық кейіпте өңделгенін байқайсыз. Бұл бағыттың коммерциялық әлеуеті жоғары, Батыстың ғана емес, Азияның нарықтарында да сұранысқа ие болары сөзсіз. Оған қоса аксессуарлар да көздің жауын алады: CK One парфюміне ұқсайтын шағын бөтелке-сөмкенің өзі «ал мені, ал» деп тұрғандай. Тек әдемі емес, шарап сияқты сусын атаулыға да жарамды шөлмек бола алса болды.