Джон Туртурро, дизайнерлердің үйлену тойы және Prada: Милан сән апталығы тағы несімен есте қалды?
Миланда 2025 жылдың күз-қыс маусымына арналған ерлер киімінің сән апталығы өтті. АҚШ президенті Трамптың инаугурациясымен қатар өткен іс-шарада италиялық дизайнерлер ерлер киімі дизайнының болашағын көрсеткен таңдаулы топтамаларын ұсынды. Ел-жұрттың назары әсіресе Prada сән көрсетіліміне ауды. Оған шақырту ерекше түрде жасалып, әр қонаққа металл түтікше берілді. Ал Zegna көрсетілімінде көрермендерді әйгілі «Severance» сериалының актері Джон Туртурро (Ирвинг) таң қалдырды. Ол ол ма, дизайнерлер Джордан Боуэн мен Лука Маркетто сенсация жасады. Жас жұбайлар некелерін дәл подиумда тұрып қиды.
Миланнан Парижге жол тартқан сән басылымдары, инфлюенсерлер мен сатып алушылар легі арасында таңдаулы топтамаларға көз жүгіртіп шығыңыз.
Prada
Миучча Прада мен Раф Симонс жаңа топтамада адамның табиғаты мен негізгі инстинктілерін зерттеген сияқты. Көрерменге аңшылардың трофейлерін еске түсіретін пальто мен жилеттегі өңделмеген терілер примитивизмнен хабар беріп тұрды. Кең иық пен нақты сызықтары бар силуэттер өзінше бір батылдыққа басымдық бергендей. Коллекцияда қолданылған тері алғашқы қауымдық адамды еске түсіріп, оны заманауи Prada стиліне бейімдегендей болды.
Ковбой образы коллекцияның негізгі элементіне айналған, бірақ нақты кинокейіпкерлерге сілтеме жасалмаған. Раф бұл жерде көрерменге өз интерпретациясын жасауға мүмкіндік берген сияқты. Топтамадағы ерекше бойтұмар тәрізді әшекейлер: зәкір тастары, беде жапырақтары және баскетбол доптары ерекше назар аудартады. Олар, бәлкім, ырымшыл адамдар үшін талисманға да айналуы мүмкін.
Айта кететін тағы бір жайт, Prada сән көрсетіліміне қазақстандық модель Әли Данияров қатысты.