Олимпиада чемпионының Dior амбассадорына айналуы туралы әңгімелейміз
Теннисші Чжэн Циньвэнь француз сән үйінің жаңа әлемдік амбассадоры атанды. 22 жастағы спортшы Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) 2025 жылдың басында жариялаған рейтингінде әлемдегі ең үздік ойыншылар бестігіне кірген еді. Алтыншы орында қазақстандық теннисші Елена Рыбакина тұрғанын айта кету керек.
Чжэннің кәсіби мансабы жеті жасында басталса, дебюті 2019 жылы Палермода өткен WTA турнирінде болды. Сондай-ақ Чжэн 2024 жылғы Париж Олимпиадасында алтын алған алғашқы азиялық теннисші болды. Содан бері жанкүйерлері спортшыны тегінің ағылшын тіліндегі нұсқасына (Qinwen) ұқсайтындай етіп «Queen Wen», яғни «Патшайым Вэнь» деп атап кетіпті.
Dior спорт пен сәнді ұштастыруға ұмтылады. Бренд амбассадорларының арасында ямайкалық жеңіл атлет Элейн Томпсон-Хера, америкалық футболшы Алекс Морган және австралиялық жүзуші Эмма Маккеон бар. «Чжэн Циньвэнь мәңгі қозғалыста болатын әйел болмысын, сондай-ақ Dior стиліне тән кербездік пен батылдықты айқындайды», – дейді Dior өкілдері.