IMAGE Мишель Баскиат және галерист Аннина Носай | Instagram @makemefamousmovie

Қылқалам ұшындағы құдіретінен туған Калифорния пейзаждарындай етіп галстукты үйлестіріп таққан Дэвид Хокни, әйелдер көйлегін киген Марсель Душан — суретшілердің жеке стиліне шолу

Өнер әлемінде суретшінің образы әдетте оның үні, көркемөнерінің жалғасы саналады. Олардың киімін қылқалам мен кенептен еш кем емес шығармашылық құралы деуге болады. Мысалы, Фрида Калоның туындылары мен образынан оның саяси көзқарасы, жаны неден күйзелетіні туралы білуге болады. Дадаистер перформанстарын, поэзиясын, оғаш костюмдерін, яғни қол ұшы тиген нәрсенің бәрін абсурдқа айналдыратын. Ал Марсель Дюшан парик тағып, әйелдердің көйлегін киіп, Роз Селяви атты альтер-эгосының рөлін сомдай отырып, өз сәйкестігіне зерттеу жасайтын. 

Олардың киімдері заман талабын, сол кездегі наразылықты, мәдениетті, болашаққа деген көзқарасты айшықтады. Осылайша киім суретшілердің өнерін жалғастырып, олардың болмысын ашып көрсету құралына айналды.

Қоғамдық талғамды шапалақпен тартып жібергендер: авангард пен оның радикалдары

Соңғы Met Gala-да жалаңаш тәніне ақжайма іле салған Doja Cat елді бір таңқалдырды. Бұдан жүз жыл бұрын бірқилы суретші әрі әуесқой боксшы Артюр Краван да солай киініп, жұртшылықты бір шошытқан еді. «Аренсбергтердің балға дейінгі кешіне Краван үстіне бір қабат ақжайма жамылып, басына тюрбан тәріздес қылып орамал байлап келді» — Амелия Джонс, «Иррационалды модернизм. Нью-Йорк дадасының неврастениялық тарихы». Алайда Doja Cat үшін бұл қылық әбден ойластырылған пиар шарасы болса, Краван мұны өзінің өнерге және өмірге деген радикалды көзқарасының ажырамас бөлшегі деп білді.

Бұдан бірнеше жыл бұрын саяси тұрғыдан бейтарап Цюрих қаласында жаңа көркемөнер бағыты — дадаизм пайда болған еді. Хуго Балль бастаған бұл топқа суретшілер мен ақындар кірді. Перформанстарды, коллаждарды, поэзия мен оғаш сырт келбетті қару көрді. Балльдің естелігі: «Янко екеуіміздің эскизімізге қарап тігілген арнайы костюм кидім. Аяқты көк түсті, жылтыр картоннан жасалған жіңішке келген қос колоннаның ішіне жасырдым, ол сосын беліме дейін жетіп тұрды. Құдды бір ескерткіш болдым. Үстіме іші шымқай қызыл, сырты алтын түстес, картоннан жасалған, үлкен жаға тағулы еді. Таққан жағам қолыммен бірге қанат секілді жоғары-төмен қозғалатын. Басыма цилиндр пішінді, биік, ақ және көк жолақ салынған бақсының бас киімін кидім».

Дәл сол кезеңде италиялық футуристер өнерге деген радикалды көзқарасымен ерекшеленді. Өнермен қоймай, әлемді жаңартуға тырысты. 1914 жылы жарияланған «Футуристік ерлер киімі манифесті» еңбегінде Джакомо Балла былай дейді: «Жабысқан, түссіз, қайғылы, декаденттік, көңілсіз әрі лас нәрсенің бәрін және ПАССЕИСТІК КИІМДІ ТҮГЕЛДЕЙ ЖОЮ КЕРЕК». Балланың манифесті ерлер киіміне қатысты толықтай жаңа да заманауи өмірдің динамикасы мен шапшаңдығын бейнелейтін көзқарас ұсынды.

Tatler Asia
IMAGE Хуго Балль, 1916 ж
Tatler Asia
IMAGE Джакомо Балланың эскизі, 1914 ж.

Олардың замандастары — Бурлюк, Маяковский, Каменский сияқты кубофутуристер ерекше кейпімен Мәскеу және Петербург жұртшылығын аң-таң қылатын. «Кеше Сумская көшесінде бір таңғажайып оқиға болды. Көше бойы толған адам. Не болып қалды? Өрт пе? Жоқ. Әйгілі футуризм көсемдері — Бурлюк, Каменский, Маяковскийлер қараша халық арасында жүр екен. Бастарында цилиндр, пальтоларының астынан сары түсті жемпір күлімдейді, ілгектеріне шалғам ілулі. Бойлары біршама ұзын екені алыстан байқалады, басқалардың көңілді жүргеніне қарамастан, паңдана қадам басады» — Харьков қаласының «Утро» газеті, 1913 жыл. Бурлюктің құлағынан ұзын сырғасы түспейді, ал Маяковский мойнына сары түсті бант таққанды ұнатады. «Я сам» атты автобиографиясында Маяковский: «Галстук тағуды бәрі біледі. Ақша жоқ. Апайымнан сары лента сұрап алдым. Тағып алдым. Фурор. Адамды ерекшелеп, әрлендіретін зат — галстук».

arrow left arrow left
arrow right arrow right
Фото 1 из 3 Владимир Маяковский, 1914 ж. | Фото: russiainphoto.ru
Фото 2 из 3 Василий Каменский | Фото: togdazine.ru
Фото 3 из 3 Дэвид Бурлюк | Фото: kirov-artmuzeum.ru

Дадаистер Нью-Йоркте де бар еді. Олардың қатарында суретші әрі өнерпаздар қоғамдастығының аутсайдері баронесса Эльза фон Фрейтаг-Лорингофен де болды. Баронесса реди-мэйд (суретші еш өзгертпей-ақ өнер туындысы атайтын қарапайым зат – Tatler) бағытын алғаш ашқандардың бірі делінеді. Бұл бағытқа, мысалы, Марсель Дюшанның жанжал тудырған «Субұрқағын» жатқызуға болады. Баронесса стилінен көрініс тапқан нонконформизмімен, сондай-ақ өнер мен өмірге деген радикалды көзқарасымен танымал суретші еді. Сондай-ақ ол ел алдына не жалаңаш күйде, не өзі тіккен өрескел киім киіп шығатын. «Ерні қап-қара, қолында темекі, жартылай жалаңаш күйі, яғни өте қысқа юбкамен, төсін қара түсті шілтерге орап алып, Бесінші авенюді кезіп жүрді. Көпшілік алдында лезде шешіне салатын, кептірілген жемістен жасалған моншақ, кулонның орнына шай сүзгісін, сырғаның орнына қасық пен шыршаға ілетін шар тағатын. Сары грим жапқан бетінде қызғылт пошта маркасы тұратын, душ пердесін ілетін сақиналардан жасалған білезік тағып, түрлі-түсті қиқымнан жиналған жемпір киетін...» — Амелия Джонс, «Иррационалды модернизм. Нью-Йорк дадасының неврастениялық тарихы».

Tatler Asia
IMAGE Эльза фон Фрейтаг-Лорингофен | Фото: arthive.com

Жеке бренд пен гендер ойыны

Дадаизм рухы Еуропа мен АҚШ-қа лезде таралып, сюрреализмнің пайда болуына жол ашты. Оның ең көрнекті әрі танымал өкілдерінің бірі Сальвадор Дали еді.

Дали гардеробында бар элементтерді, яғни әйгілі мұртын, пішіні жағынан лобстерге келетін галстуктарын, классикалық костюммен келістіріп таққан інжу алқаларын, қабылан терісіне ұқсас шұбар пальтосын жеке брендінің бөлігіне айналдыра алды. Сальвадор Дали сәнгер болмағанымен, оның ерекше стилі көптеген дизайнерлерге сюрреалистік принт пен аксессуар жасауға шабыт бергені рас. Дизайнер Эльза Скиапарелли екеуінің достығы да біршама табысты коллаборацияның жарыққа шығуына себеп болды. Мысалы, Дали лобстердің суретін салған көйлек қазіргі уақытта Филадельфия өнер мұражайында ілулі тұр.

Tatler Asia
IMAGE Сальвадор Дали | Фотограф: Bertrand Rindoff Petroff
Tatler Asia
IMAGE Эльза Скиапареллидің лобстер бейнеленген көйлегі | Фотограф: Сесил Битон

Тағы бір провокация шебері Марсель Дюшан киімге концептуалды тұрғыдан қарады. Дюшанның Роз Селяви есімді әйел кейпіндегі альтер-эгосы да бұл идеяны тым жақсы бейнеледі. Киім маскаға, пародияға, ойынға және қоғамға деген сыни көзқарасқа ұласқан болатын. 1923 жылы Марсель Дюшан шахмат ойынына беріліп, шығармашылық мансабын тастағанда, Роз сатиралық сурет жариялап, абсурдтық мәлімдеме жасауды жалғастыра түсті. Осылайша Роз Селяви өнер саласындағы сәйкестік және гендерлік нормалар ойыны символына айналды.

Tatler Asia
IMAGE Роз Селяви, 1920 ж. | Фотограф: Ман Рэй

Терапия түріне айналған стиль: Фрида, Бойс және басқалар

Кейбір суретшілер киімге провокация құралы деп қана емес, терапия түрі деп те қарады. Мысалы, Фрида Калоның ерекше стилі әрі саяси мәлімдеме, әрі бойында бар физикалық және эмоционалдық жарақаттарға жасаған рефлексиясы еді. Фрида өз сәйкестігін дәстүрлі мексикалық көйлек киіп, туған дәстүрі мен тегіне деген жақындығын көрсету арқылы айқындайтын. Ауыр апатқа ұшырағаннан кейін Фрида гипс корсет киіп жүрді. Ол да уақыт өте келе суретші имиджінің ажырамас бөлшегіне айналды. Фрида корсет бетіне өз нанымдарын, сезімдерін түсірген еді: кеуде тұсында саяси көзқарасын бейнелейтін қызыл түсті орақ пен балта бейнеленсе, одан төмен әлі тумаған бала бейнесі болды.

Неміс суретшісі Йозеф Бойс бақсы болған қырым татарлары құтқарған Люфтвафф есімді ұшқыш туралы миф ойлап тапқан еді. Мифке сенсек, татарлар оны малдың майымен сылап, киізге орап, суықтан сақтап қалған екен. Бұл образдар Бойстың стиліне де әсер етті. Ол көпшілік алдына жұқа киізден жасалған қалпақ киіп шығатын. Бұл деталь оның жеке мифіне сай киіз материалының маңызын айқындайтын. Тастамай киген жұмыс желеткесі де әскери ұшқыштың құтқару жилетіне ұқсайтын.

Tatler Asia
IMAGE Гипс корсет киген Фрида Кало, 1950 ж.
Tatler Asia
IMAGE Йозеф Бойс, 1982 ж. | Фотограф: Франц Хубманн

Ал Энди Уорхол бойындағы комплекстерін стильге айналдыра білді. Мысалы, оның баршаға таныс күміс түстес паригі шашының ерте түсе бастауына қатысты комплексінен пайда болған екен. Бұл деталь проблеманы жасырудың орнына жеке брендті айқындайтын нышанға айналды. 1980-1981 жылдары Кристофер Макоспен бірге әйелдерге арналған парикті киіп түскен автопортреттер сериясы Марсель Дюшанның альтер-эгосы Роз Селявиге нұсқайды. Алайда, жалпы алғанда, Уорхол үйреншікті киім кию формуласына адал болды: бір түсті қара водолазка, Levi’s джинс шалбары, классикалық оксфорд туфли, әйгілі былғары күртке және сұқтанған көзден сақтайтын күнге киетін көзілдірік.

Tatler Asia
IMAGE Энди Уорхол
Tatler Asia
IMAGE "Lady Warhol", 1981 ж. | Фотограф: Кристофер Макос

«Лас өнер» мен киім картинаның жалғасы бола ала ма?

Шығармашылығы бояу сынды тазалықтың жауы саналатын материалдармен байланысты суретшілердің киімі бір уақытта кенеп болып кетеді. Киімге түскен дақтар олардың визуалды стилінің бөлшегіне айналады. Кейбір суретшілер, әсіресе Кацуо Сирага сияқты action painting бағытының өкілдері (сурет салу процесін өнер туындысының түпкі элементі деп білетін абстрактілі экспрессионистер – Tatler), киімін әдейі кірлетіп, мұны эстетикалық ым-ишарат санайтын. Жан-Мишель Баския мен Кит Харинг бұл идеяны одан әрі жандандырып, шеберханада қалған шығармашылық жұмыс іздерін өзіндік стиль элементіне айналдырды.

Tatler Asia
IMAGE Кацуо Сирага | Фото: whitestone-gallery.com
Tatler Asia
IMAGE Кит Харинг | Фото: www.artsy.net
Tatler Asia
IMAGE Жан-Мишель Баския | Instagram @basquiatofficial

Кейбір суретшілер өз шығармашылығының дәлме-дәл бейнесі бола кетті. Мысалы, австриялық суретші әрі сәулетші Фриденсрайх Хундертвассер ашық түсті, шиыршық тәріздес оюмен әрленген киім киетін. Өмір мен табиғат символы іспетті шиыршық оның картиналары мен сызбаларында да кездеседі. Ал Дэвид Хокни картиналарының палитрасымен, әсіресе өзі салған Калифорния пейзаждарымен үйлесетін кардигандар мен галстуктарды ұнататын. Яёи Кусама өнерінің басты элементтері саналатын шеңберлер суретшінің образдарынан да байқалатын. Соня Делоне де стилін геометриялық сарындарға негіздеген. Оның контрастылы түстері мен пішіндері қозғалысты, ырғақты бейнелейтін. Бұл стиль киім, текстиль және интерьер дизайнында әлі де қолданылады.

Tatler Asia
IMAGE Дэвид Хокни
Tatler Asia
IMAGE Фриденсрайх Хундертвассер
Tatler Asia
IMAGE Яеи Кусама | Instagram: @artsociety.alm
Tatler Asia
IMAGE Гран-Огюстен көшесінде орналасқан шеберханадағы Соня Делоне (оң жақта) мен манекенші қыздар. Париж. 1924 ж. | Фото: domrz.ru

Көптеген суретшілер киімді өз-өзімен, көрерменмен және әлеммен құрған диалогы деп білді. Олар трендтерге ермей, жаңа ереже енгізді. Сондықтан да олардың стильдерінен еркіндік лебі еседі. Суретшінің образы өнер мен күнделікті өмір арасын жақындата түсетін қарапайым ғана арт-жобаға айналады.

Темы