Jacquemus-тің жаңа топтамасы несімен есте қалды: сәнді Trad Wife образы мен көңіл көтеру дәуірінің аяқталғаны рас па?
Симон Порт Жакмюс өзінің ауқымды әрі ерекше сән көрсетілімдерімен танымал. Франциядағы саябақ, алтын түсті бидай алқабы, Гавай аралдарындағы Оаху жағалауы немесе Эг-Морттағы тұзды батпақтар – мұның бәрі әп сәтте-ақ шебердің туындылары жарқырайтын алаңға айналып кете алады. Биылғы маусымда ол Париж сән апталығының ресми кестесіне қайта оралып, La Croisière (фр.«Круиз») топтамасын әдеттегідей үлкен шоу форматында емес, ерекше камералық жағдайда ұсынды. Шоу тек 40 қонаққа шақталып жасалып, архитектуралық ар-деко стилінің шедеврі саналатын Огюст Перренің пәтерінде өтті. Ағаш панельдері мен бетон бағаналары бар тарихи пәтер сән көрсетілімінің ерекше атмосферасын көзі қарақты көрерменге дәл жеткізе алғандай. Тағы бір қызық дерек: шоу Apple-мен серіктестік аясында түгелдей iPhone 16 Pro Max камераларына түсірілді.
«Мен бұл топтаманы шынайы түрде таныстырғым келді. Тек силуэттерді Огюст Перренің пәтеріндегі интимді жағдайда көрсеткім келді», – деп ағынан жарылды Симон мырза Jacquemus-тің Instagram парақшасында.
Бұл топтамадан Симон Жакмюстің байсалды әрі консервативті стильге бет бұрғанын байқайсыз. Бұл әрекеті қазіргі таңда танымал Trad Wife (немесе traditional wife – дәстүрлі үй шаруасындағы әйел) трендінің ескіргенінен хабар беретіндей. Көңілді кештерге арналған жеңіл-желпі киімдерден гөрі шебер 1950-ші жылдардағы үй шаруасындағы әйелдердің бейнесінен шабыт алған жинақы және ұстамды образдарға көбірек мән берген сияқты. Симонның айтуынша, ол бұл жинақты жасамас бұрын архивте жатқан өткен ғасырдың образдарынан шабыт алған. Сол себепті кейбір силуэттер Balenciaga, Schiaparelli, Alaïa және Bottega Veneta стильдерін еске түсіруі мүмкін.
Осылайша ол өзінің Instagram парақшасында мәңгілік мерекенің атмосферасын ерекше шеберлікпен жеткізе алды. Енді бұл трендтің арқасында көңілді кештерді ұнататындар да талғамын консервативті бағытқа бұратын секілді, сіз қалай ойлайсыз?