Мақалада София Коппола Important Flowers атты импринті мен өзге де журнал үстелшесін сәндейтін кітаптар жайлы айтамыз.
Әйгілі режиссёр, эстетика шебері София Коппола су жаңа Important Flowers импринтін ресми түрде ұсынды. Ерекше баспа бағыты британдық Mack баспасының қолдауымен жүзеге асып отыр. Important Flowers-тің алғашқы кітабы ретінде Копполаның 1999 жылы шыққан культтік фильмі «Өз-өзіне қол жұмсаған бикештер» туралы фотоальбом жарық көреді. Нақтырақ айтсақ, кадр сыртындағы сәттер көрініс табады. Альбомға өмірден ерте өткен британдық фотограф Коринн Дэйдің түсірілім кезінде таспалаған әрі еш жерде жарияланбаған фотосуреттері енгізілген. Кітап фильмнің 25 жылдығына орай 2025 жылдың сәуірінде оқырманға жол тартады.
Important Flowers тек осы кітаппен шектелмейді. Алдағы уақытта Chanel Haute Couture-дің ауқымды визуалды тарихын қамтитын ерекше жинақ басылып шығады. Бұл жоба Софияның жасөспірім кезінен бері сүйіп көретін Chanel брендінің сән әлеміндегі рөліне арналған. Жинаққа Копполаның жеке полароид суреттері мен бірегей фотолары енгізіледі.
София үшін Important Flowers — өзіне жақын әрі шынайы жобаларды іске асыру алаңы. Сонымен қатар ол баспаға жетпей қалған сирек кітаптарды да қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Important Flowers топтамалары София Копполаның ерекше талғамымен үндескен және кез келген үйдің журнал үстеліне сән қоса алады. Коллекцияңызды өзге де басылымдардың өнімдерімен толықтыруды ойластырып жүрсеңіз, басқа да бірегей кітаптар жайлы біле отырыңыз.