Dior-дың 2025 жылғы күзгі ерлер топтамасын барша әлемге таныстырған Ким Джонс араға бір-ақ апта салып, сән үйінен кететінін жариялады

Dior-дағы жеті жылдық дәуір аяқталды! Британдық дизайнер Ким Джонс сән әлемін дүр сілкіндіріп, Dior-дағы ерлер топтамаларының көркемдік жетекшісі қызметінен кететінін жариялады. Бұл жаңалық Dior-дың 2025 жылғы күзгі ерлер топтамасының көрсетілімінен кейін небәрі бір апта өткен соң шықты.

Ким Джонстың сәндегі жолы

Оның Dior-дағы әрбір шоуы – көркем қойылым. Ол Kaws, Daniel Arsham, Shawn Stussy, 1017 Alyx 9SM және Raymond Pettibon секілді танымал суретшілермен және дизайнерлермен ерекше коллаборациялар жасап, Dior Air Jordan 1 OG шектеулі мөлшерде жасалған кроссовкаларын шығарғанда, оған 5 миллионнан астам адам тапсырыс берген.
51 жастағы дизайнер өзінің жеке брендімен қатар, Hugo Boss, Topman, Umbro, Mulberry, Iceberg және Kanye West-тің Pastelle брендтерімен жұмыс істеді. 2008 жылы ол британдық ерлерге арналған люкс бренд – Alfred Dunhill-дің шығармашылық директоры болып тағайындалды. Кейін 2011-2018 жылдары Louis Vuitton, 2018-2025 жылдары Dior, Fendi сән үйлерінде жұмыс істеді.

Ким Джонс қайда бет алды?

Біреулер Chanel-ге барады деп болжаса, басқалары Versace немесе Burberry-ден көргісі келеді. Қазіргі уақытта Dior Ким Джонстың орнына кім келетінін жариялаған жоқ. Алайда сән сарапшылары Loewe-дің шығармашылық директоры Джонатан Андерсонның Dior-ға 2025 жылы ауысуы мүмкін екенін болжап отыр.