IMAGE Ван Хельсинг (2004) | imdb.com

Гротескілік Носферату мен заманауи Эдвард — кинодағы вампирлердің бет-әлпеті туралы

Режиссер Роберт Эггерстің Nosferatu атты готикалық қорқынышты фильмі — немістің 1922 жылы шыққан, әйгілі Nosferatu: A Symphony of Horror фильмінің ремейкі жарық көрді. Картинаны мезі болған вампирлер тақырыбының жаңа интерпретациясы деп сипаттауға болады. Вампирлердің шығу тегі туралы мифтер көптеген мәдениеттерде бар. Алайда бұлар толыққанды шығармашылық архетип болып XIX ғасырда ғана қалыптасты. Брэм Стокердің «Дракуласы» вампирлер туралы хикаялардың, сондай-ақ кейін шыққан шығармалардың көбіне негіз болды деуге болады. Граф кітап беттерінен сахна мен көгілдір экранға көшіп, бұқаралық мәдениет иконасы беделіне ие болды. Осылайша вампирлер әмбебап, кез келген жанрға, оның ішінде классикалық қорқынышты фильмдерге, сондай-ақ мелодрама мен комедияға кіріктіруге болатын образға айналды. Сән тарихы рубрикасы аясында түрлі фильмдердегі вампирлер образдарын талдаймыз.

Nosferatu: A Symphony of Horror (1922)

Фридрих Вильгельм Мурнау

Неміс киноэкспрессионизмі классикасын қорқынышты фильмдердің визуалды стандарты деуге әбден болады. Картина кезінде «көлеңкелер ойынымен», қатерлі атмосферасымен және рөлін актер Макс Шрек сомдаған граф Орлоктың гротескілік образымен ерекшеленген еді. Фильм жанрдың дамуына айтарлықтай әсер етіп, вампирлердің кинодағы архетиптік образының негізін қалады. Граф Орлоктың киімі мен гримі оның адам емес екенін айқындайды. Етегі ұзын, қара плащы, қырлы келген фигурасы және гротескілік гримі оның жауыздығын одан әрі күшейте түсетін сияқты.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Nosferatu (2024)

Роберт Эггерс

Су жаңа Nosferatu классикалық хикаяға деген жаңа көзқарас ұсынады. Роберт Эггерстің жобаларындағы тұрақты костюм жөніндегі шебер Линда Мьюир детальдерге салатын зейінімен танымал. Авторлар шынайы әрі айқын образ жасаймыз деп сюжеттегі дәуір мен ондағы жердің аймақтық ерекшеліктерін әбден зерттепті. Анахронизмнен сақтану мақсатында Мьюир зерттеу жұмыстарын препродакшн кезеңінде жүргізген екен. Нақыштарға да, 1830-жылдардағы тарихи сән журналдарына да үңіліпті. Бас кейіпкерлердің костюмдері мен аксессуарлары, тіпті қолғабы мен шұлығына дейін арнайы жасалған екен. Ауқымды фактурашылар командасы қолданылатын матаны әдейілеп ескіртіп, бояпты. Граф Орлоктың костюмдеріне ерекше көңіл бөлінген-ді. Бұл — поп-мәдениеттегі вампирлердің романтикалық әрі сексуалды бейнесіне қарама-қарсы образ.

«Халық вампирі дегеніміз салтанатты костюм киген талғампаз арбаушы не тәні жылтыраған кейіпкер емес. Халық вампирі дерттің, ажалдың және сексуалдықтың ең қатыгез әрі рақымсыз формасын бейнелейді. Заманауи көрерменнің алдына дәл осындай вампирді әкелгім келді», — дейді Роберт Эггерс.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia
Tatler Asia
IMAGE Instagram @lindamuircostumedesign
Tatler Asia

Bram Stoker's Dracula (1992)

Ф.Ф. Коппола

«Дракуланың» Фрэнсис Форд Коппола түсірген адаптациясында костюм жөніндегі шебер кызметін Эйко Исиока атқарды. Оның еңбегінің арқасында фильм ең үздік костюм дизайны номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығына ие болды. Nosferatu фильмінің тарихи нақтылығына баса назар аударған Линда Мьюирмен салыстырғанда Исиока ішінде әр түрлі дәуір мен мәдениеттердің элементтері астасқан, қияли, символистік әлем құрды. Оның костюмдерінен жапондық және еуропалық сарындарды, сондай-ақ Византияға, стимпанкқа және Густав Климттың картиналарына нұсқайтын детальдерді байқауға болады.

Графтың бұл екі образы арасында бір ұқсастық бар — олар вампирлер туралы хикаяларға тән романтикалық тартымдылықтан жұрдай. Bram Stoker's Dracula — символдарға қаныққан костюмдерге бай фильм. Вампир образында әдетте қара түс басым болады. Алайда Исиока бұл дәстүрден бас тартып, қызыл, алтын түстес және ақ реңктерге бет бұрды. Граф Орлок көрермен алдына алғаш көрінгенде алтын кесте салынған, қызыл түсті жібек халат киіп шығады. Халатының қаннан қалған ізге ұқсаған етегі сүйретіліп жүреді. Шебердің айтуынша, бұл — жапондық кабуки театрында қолданылатын костюмдерден шабыт ала отырып жасалған образ.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia
Tatler Asia

What We Do in the Shadows (2014)

Тайка Вайтити

Тайки Вайтитидің жаңазеландиялық-америкалық мокьюментари стиліндегі комедиясы вампирлер тобының өмірін көрсетеді. Фильмде әжуа да, готикалық эстетика да бар. Фильмде ежелден бері келе жатқан вампирлер салық төлеу, ойын-сауық кештеріне бару сияқты адами жайттарға бейімделуге тырысады.

Аманда Нил және Ра Винсент атты шеберлер шын мәнінде эклектикалық вампир гардеробын жинай алды. Кейіпкерлердің костюмдері олардың өзіндік дәуірін бейнелейді. Мысалы, Виаго XVIII ғасыр аристократтарының киімін киеді, Владиславтан Шығыс Еуропа стилінің элементтері байқалады, ал 8000 жыл жасаған Петир Nosferatu: A Symphony of Horror фильміндегі құбыжыққа ұқсайды. Бұл тәсіл кейіпкерлердің ескішілдігіне нұсқап, олардың заманауи әлемге кірігуге деген ұмытылысын комедияға айналдырады.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Queen of the Damned (2002)

Майкл Раймер

Interview with the Vampire фильмінің сиквелі ежелгі вампирлер патшайымы Акашаны қайта дүниеге оралтқан Лестат атты вампир әрі рок-жұлдыз туралы баяндайды. Готика, фэнтези және музыкалық драма жанрлары астасқан фильмнің жарқын визуалды стилі ерекше көзге түседі. Гейбриелла Пескуччи ойлап тапқан костюмдер фильмнің мистикалық атмосферасын күшейте түсіп, әр кейіпкердің бірегейлігін айқындайды. Алғашқы әйел вампирлер туралы мифтер Мысыр, Месопотамия және Үндістан сынды шығыс елдерінің көне мәдениеттеріне тиесілі. Патшайым Акашаның оның таңғажайып болмысына нұсқайтын темір элементтер мен сәнді аксессуарлардан тұратын образы дәл осы мифтерге негізделген. Лестаттың костюмінен оның екі жақты тұлғасын айшықтайтын готикалық романтика мен рок эстетикасын байқауға болады.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Only Lovers Left Alive (2013)

Джим Джармуш

Мұндағы бас кейіпкер — Адам есімді вампир де рок-музыкант. Костюм жөніндегі шебер Бина Дейгелер фильмге арнап уақыт талабынан тыс образдар құрастыра алды. Әр түрлі тарихи кезеңдердің элементтерін біріктірген бұл образдар вампирлердің мәңгі өмір сүретініне меңзейді. Кейіпкерлер үйде салтанатты кимоно мен кесте салынған халат киеді, вампир екенін тек бозарған тәні мен күнге киетін көзілдіріктерін білуге болады. Олар күнге шыға алмайды ғой. Ал ерекше шаш үлгілері хайуандарға тән бір қасиетке нұсқайтын сияқты — актерлердің шаштары мен париктеріне қой және қодас жүні қоса өрілген екен.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Twilight (2008)

Кэтрин Хардвик

Вампирлер туралы романтикалық сага классикаға айналды, ал бас кейіпкерлердің поп-мәдениетке енген образдары әлі де өзекті. Костюм жөніндегі шебер Венди Чак шынайы әрі заманауи образ құрастырды. Кейіпкерлер қарапайым әрі жайлы киім киеді. Белланың гардеробы ұстамды әрі тиімді. Эдвардтың киетін көк-сұр түсті киімі оның салқынқандылығына нұсқайды. TikTok желісінде пандемия кезінде қайта жанданған Twilight сагасына деген қызығушылықтың арқасында Twilightcore эстетикасы пайда болды. Бұл тренд қою әрі басыңқы түстерді, боз тері реңкін және 2000-жылдардың соңына тән стильді қамтиды.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Night Watch (2004) және Day Watch (2006)

Т. Бекмамбетов

Night Watch пен Day Watch — заманауи әлемдегі Жарық және Түнек күштерінің шайқасы туралы фильм. Бұл ғаламда вампирлер қарапайым, қалалық ортаға енген адамдар кейпінде бейнеленген. Мұндай киноға арнап костюм тігу оңай болып көрінгенімен, костюм жөніндегі шеберлер Варвара Авдюшко мен Мария Швачкина біршама қызық шешім таба білген екен. Фильм кейіпкерлері жарқын әрі есте қаларлық болып шықты. Мысалы, Night Watch фильмінде Костя есімді вампир фломастер жағылған жейде, Тайлер Дерденнің стиліне сай келетін, ашық қызыл түсті былғары күртке және панама киеді. Бұл образ еркін әрі жас адамның рухын бейнелейді. Алайда Костяның әкесі жасы әлдеқайда үлкен адамға ұқсайды — киген киімі тозған, азу тістерінің орнына күміс протез салынған вампир заманауи әлемнен қалып қалған қарияға көбірек келеді.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Blade (1998)

С. Норрингтон

90-жылдары вампирлер туралы фильмдерге деген қызығушылық Buffy the Vampire Slayer сериалымен бірге оралды. Blade көрермендерге қорқынышты кино мен киберпанк элементтері бар атыс-шабыс жанрындағы фильм ұсынып, бұл трендті жалғастыра түсті. Фильм комикске негізделгенімен, авторлар карикатураға тым қатты кете қойған жоқ. Бас кейіпкердің костюмдері динамикалық көріністер үшін ыңғайлы болатындай етіп тігілген екен. Былғары киім визуалды образды одан әрі күшейтіп, актердің жайлылығын қамтамасыз етті. Сондай-ақ бас кейіпкер таққан Black Flys көзілдірігі әлі де сатылымда бар.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Van Helsing (2004)

С. Соммерс

Костюм жөніндегі шеберлер Габриэлла Пескуччи мен Карло Поггиоли тарихи элементтерді, фантастиканы және стимпанкты біріктіретін образдар жасады. Осының арқасында Van Helsing әлемінде шынайылық пен фэнтези үйлесе кетті. Фильмге арналған костюмдерді Atelier Tirelli тіккен болатын. Дракула мен оның қалыңдықтарының образы вампирлердің сексуалды тартымдылығы жөніндегі дәстүрлі түсінікке негізделген. Графтың костюмдері оның аристократтық тегін айқындайтын детальдермен әрленсе, қалыңдықтарының жеңіл көйлектері оларды еліктіргіш елеске ұқсатты.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Темы