Рэпердің YZY SL-01 мен брендінің жаңа коллекциясын қалай насихаттап жатқаны туралы әңгімелейміз
Америкалық рэпер Йенің (бұған дейін Канье Уэст атымен танымал болған) YZY бренді жаңа аяқ киім моделін шығарды. Резеңкеден жасалған қара түсті SL-01 тәпішкесі 20 доллар тұрады. Бұл – YZY шығарған екінші аяқ киім моделі. Алғашқысы табаны резеңкеден жасалған ұзын Yeezy Pods шұлығы болатын. Еске сала кететін жайт, желтоқсан айында YZY брендінің дизайнер Гоша Рубчинскиймен бірге әзірленген коллекциясы жарық көрді.
YZY SL-01 тәпішкесі мен жаңа YZY коллекциясынан гөрі Йенің өз өнімін қалай насихаттайтыны қызық. Бұларды шығарар алдында рэпер өзінің Instagram-дағы парақшасында YZY сайтының видеосын, шаң басқан ноутбук пен тау ешкісінің оғаш суреттерін жариялаған болатын. Сондай-ақ рэпер посттарында басқа брендтерді сынап, кемсітеді, өзінің тәуелсіздігіне нұсқайды, жетістіктерімен мақтанады, ешкімге тәуелді емес екенін көрсетуге тырысып жатады.
«Yeezy-ден басқа брендтер, **********. Шаң мен тот басқан ноутбуктарыңды жабыңдар. Сендерді жек көремін, өзімді ғана жақсы көремін», – дейді Йе.