Лилия Рах, Гаухар Жексен, Меруерт Берікқызы, Әзиза Айбадуллина және Мөлдір Матжанова Алматыдағы ең үздік химиялық тазалау орындарын ұсынды.
Сүркей қыс артта қалды. Қар еріп, көктемгі самал тұмшаны да, қысқы мұңды да сейілтті. Енді ауыр тондар мен күртелерді, бас киімдер мен қыстық аяқ киімдерді шешіп, жылылықтың рахатын сезінетін кез келді. Бірақ оларды жинап қоюдан бұрын, жаңартып, таза күйінде сақтау да маңызды. Оның ең сенімді жолы – қымбат және нәзік материалдардан тігілген киімдерді кәсіби тазалауға тапсыру.
Инфлюенсерлер мен сән индустриясы мамандарынан люкс киімдерді сеніп тапсыруға болатын Алматыдағы химиялық тазалау орындары туралы сұрадық. Лилия Рах, Гаухар Жексен, Меруерт Берікқызы, Әзиза Айбадуллина және Мөлдір Матжанова көңілден шыққан жерлер туралы ақпаратты бөлісті. Ал сапасын өз көзімізбен көру үшін стилист Асылхан Қанибаевпен бірге ұсынылған орындарға барып қайттық.
Clean
Мекенжайы: Желтоқсан даңғылы, 134
Лилия Рах пен Гаухар Жексеннің таңдауы. Clean химиялық тазалау қызметімен қоса, дизайнерлік киімдерді қалпына келтіру, аксессуарларды реставрациялау, сондай-ақ тоқыма, былғары, күдері және нубуктан жасалған бұйымдарды бояу қызметтерін де көрсетеді. Мұнда «есіктен есікке дейін» жеткізу жүйесі де қарастырылған. Киім тазалауда экологиялық таза, адам мен қоршаған ортаға қауіпсіз Green Earth технологиясы қолданылады.

