Versace сән иконасы, Tod’s-тың теңдессіз қолөнері – Milan Fashion Week-те ұсынылған соңғы топтамалар несімен есте қалғаны туралы оқи отырыңыз.
Көз тартарлық көрсетілімдерге толы Milan Fashion Week өз мәресіне жетті. Сән апталығының соңғы күндерінде Moschino қоғамдағы жағдайларды әжуалап, Dolce & Gabbana жастарға бетбұрыс жасады. Донателла Версаче Versace бренді сән иконасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал Tod’s шеберлердің қолөнер бұйымдарының маңыздылығына екпін жасады. Аптаның ең әсерлі сәттері туралы толыққанды шолуымызды ұсынамыз.
Ferragamo
Максимилиан Дэвистің Ferragamo үшін жасаған 2025 жылғы күз-қыс топтамасы еркіндіктің нышанына айналған 1920-шы жылдардан шабыт алған. Дизайнер сол кезеңнің бүлікшіл мінезін трикотаж мата мен белді төмендету арқылы жеткізгісі келді. Коллекцияның музасы – ерлер костюмдерін жібек халатпен үйлестіріп киген хореограф Пина Бауш. Шілтермен әрленген слип-көйлектер, жібек сатиннен тігілген шапандар, күнделікті көйлекке айналған кашемир жемпірлер – барлығы қозғалыс пен еркіндікті айшықтайды. Hug сөмкесі коллекцияның негізгі элементі болды. Оны белдік ретінде тағып көрсетуді ешкім күтпесе керек, дәл сол әдіс расында ерекше есте қалды.
Versace
Бұл топтама Versace-нің сән әлеміндегі мәңгілік беделін тағы бір мәрте дәлелдеді. Донателла Версаче брендтің шарықтау кезеңі саналатын 80-ші жылдардың силуэттерін алып, оларды жібектегі барокко өрнектері мен диско стиліндегі «сақиналы» текстурамен толықтырды. Versace Home интерьер топтамасынан алынған жамылғылардан тігілген көйлектер көрсетілімнің ең тосын элементі болды.