Сохо жастары, твисті бар гардероб және Thom Browne-ның үміті. New York Fashion Week қалай аяқталды?
Нью-Йорктегі 2025 жылдың күзіне арналған Сән апталығы өз мәресіне жетті. Минималистік коллекциялардан басталған апталық әртүрлі стильдегі образдармен аяқталды. Coach классиканы жастарға жақындата түссе, Tory Burch smart casual стилін қайта жаңғыртты, ал Thom Browne тауашалы бренд атағынан арылды. Нью-Йоркте ұсынылған ең қызық күзгі коллекциялар жинағын әзірледік.
Coach
Күзгі Coach топтамасын «сәнді, стильді, жастарға лайық» деп сипаттауға болады. Креативті директор Стюарт Веверс брендтің былғары сөмкелер мен сырт киімдерді қамтитын классикалық кодын сақтай отырып, оны Z буынына бейімдей алды. 90-шы жылдардағы америкалық жастар мәдениетінен шабыт алған британдық дизайнердің идеялары Сохо және Гринпойнт жастарының стиліне негізделген. Кейіпкері кең әрі белі төмен джинс шалбарын былғары дубленкамен үйлестіріп, тозыңқыраған кеды киіп, мамасының Coach сөмкесін жұмсақ ойыншық тағып ұстайды.
Tory Burch
Жаңа Tory Burch коллекциясы мамаңыздың көңілінен шығатыны сөзсіз. Киюге қолайы әрі ыңғайлы коллекция. «Қазіргі заман әйелдері өз гардеробын қалай құратыны туралы ойладым. Біз жылдар бойы киюге болатын киім алғымыз келеді», – деп түсіндірді Берч. Ұмытылған smart casual подиумға твистпен оралды. Твист сөзін тура мағынада қолданып отырмыз, өйткені дизайнер көйлектің матасын айналдыра бұрап, бүрмелеген екен. Алыстан қарағанда қарапайым көрінгенімен, жақыннан көргенде күрделі фактуралар ойынын бейнелейтінін анық байқауға болады. Коллекцияның басты элементі ретінде қалтасы көп былғары күрткені айтуға болады. Әйелдер енді сөмке ұстамай-ақ қойса болады.