IMAGE Nike бренді мен модельер Юн Ан арнайы тіккен көйлекті киген теннисші Наоми Осака | about.nike.com

Рене Лакост, Стэн Смит және басқалар – корттағы және одан тыс теннис стилі

Жақында Мельбурнде Australia Open финалы өтеді. Теннис әлемінің қызықтарына жарыстармен қатар оларға қатысушылардың сәнді эксперименттерін жатқызуға болады. Өйткені корт теннисшілердің өз болмысын паш ететін жерге айналғалы қашан... Бұл үрдістің неден басталғанын еске алып, атын атап, түсін түстеуге лайық теннис аутфиттерінің тарихына көз жүгіртейік.

Элитарлық спорт түрі

О баста теннис ағылшын ақсүйектерінің ойыны болды, ойыншылардың стилі тиімділікке емес, этикетке негізделді. Ерлер кортқа жейде мен шалбар киіп шықса, әйелдер ұзын көйлек пен ыңғайсыз корсет киетін. Дәстүрлі ақ түс ойынның элитарлық қасиетіне нұсқайтын. Уақыт өте келе «теннис ағы» қатал регламентке айналды. Уимблдон аясында бұл дәстүр уақыт сынынан өтіп, турнирдің мызғымас каноны болып қалыптасты. Дресс-кодтың қаталдығы соншалық, бір ғана артық түстің өзі жанжалға әкеп соғуы мүмкін.

Tatler Asia
IMAGE Неміс теннисшілері, 1902 жыл

XX ғасырдың басында арнайы спорт брендтері болмағанымен, дизайнерлер сәнді әрі функционалды теннис киімдерін жобалап жатты. Кортқа сән революциясы лебін әкелгендердің бірі француз теннисшісі Сюзанн Ленглен болды. Иығы ашық жейде, тізеге дейін ғана жететін бүрмеленген белдемше және дәстүрлі қалпақтың орнына әдемі байлауыш тартқан спортшы шу шығарды. Парижден шыққан дизайнер әрі Коко Шанельдің қарсыласы Жан Пату әзірлеген образ әйелдер спорттық сәннің жаңа дәуірін бастады.

Теннис стилінің дамуына ерлер де үлес қосты. 1926-1927 жылдардағы әлемнің бірінші ракеткасы әрі Үлкен дулыға турнирлерінің он дүркін чемпионы Рене Лакост теннистің және ондағы стильдің дамуына зор үлес қосты. Лакост поло жейдесін алғаш рет 1926 жылғы Ашық АҚШ чемпионатында киген болатын. Кейін 1929 жылы спортшы мансабын аяқтап, 1933 жылы трикотаж фабрикасының иесі Андре Жильемен бірігіп, поло жейдесін шығаратын компания құрып, Lacoste брендінің негізін қалады. Пике мақтасынан тігілген, қысқа жең жейде алғашында тенниске, гольфқа және желкенді спортқа арнап жасалды. Бұл теннис кортынан тыс алаңқайларда да танымал болған, заманауи поло жейдесінің түпнұсқасы болатын. 1951 жылға дейін тек ақ түстісі қолжетімді болды.

Tatler Asia
IMAGE Париждік дизайнер Жан Пату тіккен көйлекті киген теннисші Сюзанн Ленглен, 1920 жыл | Getty Images
Tatler Asia
IMAGE Рене Лакост, 1925 жыл | Getty Images

Спорттық сипатқа ие бола бастаған форма

50-ші жылдары әйел спортшылардың киімі қысқара түсті. Мини киюді сәнге айналдырған америкалық теннисші Гасси Моран болған сыңайлы. Британдық дизайнер Тед Тинлинг тіккен униформаны киіп шыққан спортшы корттағы киім этикетін осылайша түбегейлі өзгертті.

Tatler Asia
IMAGE Пьер Бальмен Уимблдон чемпионатына арнап тіккен теннис формасын киген Гасси Моран | Getty Images

Дамыған технологиялар спорттық киімнің функционалдығын арттырды. Спандекс пен нейлон сынды жаңа синтетикалық материалдардан жеңіл әрі жайлы, жаттығуға да, матчқа да жарамды киім тігіле бастады.

70-ші жылдары классикалық теннис сәні орнықты. Спортшылардың стилі күнделікті гардеробқа еніп, брендтер олармен коллаборация жасай бастады. Fila мен Бьорн Борг арасындағы серіктестік элитарлық делінген спорттың бейнесінің астан-кестенін шығарды. Уэс Андерсонның The Royal Tenenbaums фильміндегі кейіпкерлердің бірі сол Бьорн Боргтың стиліне негізделген.

Дәл сол кезде Ашық Франция чемпионаты аясындағы кеште adidas компаниясының негізін қалаушының ұлы Хорст Дасслер мен теннисші Стэн Смит кездеседі. Кездесудің нәтижесі – ең әйгілі әрі қалаулы спорттық аяқ киім моделі Stan Smith. Бес жылға жасалған келісімшарт «стэн смиттердің» танымалдығының арқасында ғұмырлық серіктестікке айналды. Теннисші әлі күнге дейін осы аяқ киім моделін киеді.

Tatler Asia
IMAGE 1977 жылғы Forrest Hills жарысына қатысқан Бьорн Борг бейнеленген жарнамалық плакат | galerie123.com
Tatler Asia
IMAGE Уимблдон чемпионатына қатысқан америкалық теннисші Стэн Смит, 1968 жылдың 27 шілдесі | Getty Images

Ереже бұзушылар мен бүлікшілер

80-ші жылдардағы теннис сәні батыл әрі адуынды болды. Әсіресе Үлкен дулыға турнирлерінің сегіз мәрте чемпионы атанған Андре Агассидің орны бөлек. «Теннис бүлікшісі» кортқа ылғи да қысқа джинс және «велосипедка» шалбарларын, неше түрлі жейде киіп және маллет шаш үлгісімен шығатын. 88-90-шы жылдары спортшы ақ түсті форма кию міндеттемесіне қарсы болғаны соншалық, Уимблдонда өнер көрсетуден бас тартты.

Tatler Asia
IMAGE US Open-де ойынды бастап жатқан америкалық теннисші Андре Агасси, 1989 жыл | Getty Images

1985 жылы америкалық теннисші Энн Уайт Уимблдонға комбинезон киіп шықты. Спортшының қылығы ұйымдастырушылардың көңілінен шықпай, ол келесі күні дәстүрлі форма киіп шығуға мәжбүр болды. Бұл жайт қатал теннис ережелері мен спорттық киімге деген еркін көзқарас арасындағы қақтығыстың жарқын мысалы болды.

Tatler Asia
IMAGE Теннисші Энн Уайт Уимблдон чемпионаты барысында, 1985 жыл | Getty Images

2018 жылы Ролан Гарросқа қара түсті Nike комбинезонын киіп шыққаны үшін ұйымдастырушылардан сөз естіген Серена Уильямс былай деген болатын: «Осы комбинезонды кисем, жеңімпазға, қаһармандар ханшайымына, Ваканда патшайымына ұқсап кетемін». Келесі турнир барысында спортшы ассимметриялы белдемше, топ және Mère, championne, reine, déesse (Ана, чемпион, патшайым, құдай) фразасы жазылған жамылғыдан құралған Вирджил Абло мен Nike бірігіп шығарған форманы киген болатын. Апалы-сіңлілі Уильямстарды – Серена мен Винусты теннис әлемінің фэшн-иконалары деуге әбден болады. Спортшылар халықты ойынымен де, жарқын образдарымен де тамсандырғанды жақсы көретін.

Tatler Asia
IMAGE Теннисші Серена Уильямс French Open-де, 2018 жыл | Getty Images
Tatler Asia
IMAGE Вирджила Абло мен Nike әзірлеген форманы киген Серена Уильямс French Open-де, 2019 жыл | Getty Images

Биылғы Australia Open-дегі ең сәнді образ Дестани Айяваға тиесілі. Спортшы бос уақытында Мария Шарапова, Каролина Возняцки, Ана Иванович сынды әйгілі теннисшілердің формасы коллекциясын жинаумен айналысады. Алғашқы матчына Айява Мария Шарапованың 2012 жылғы US Open барысында киген екі түсті Nike көйлегін киіп шықты.

Tatler Asia
IMAGE Мария Шарапованың көйлегін киген Дестани Айява Australian Open 2024-те | Instagram @desaiava
Tatler Asia
IMAGE Мария Шарапова US Open-де, 2012 жыл | Getty Images

Темы