Jil Sander-дегі жарық пен түнек арпалысы және «бұзылған» Chanel – Milan Fashion Week-тің екінші күніндегі 2025 жылғы күз-қыс маусымының ең қызықты топтамалары
Milan Fashion Week-тің екінші күні эмоцияға толы болды. Jil Sander көрсетілімінен кейін көрермендердің көңіл күйі құлазып қалды, себебі бренд Люси мен Люк Мейерлермен серіктестіктің жуық арада аяқталатынын мәлімдеді. Diesel Chanel-ге бәсекелес бола алатынын ашық айтса, Fendi отбасылық мұрағаты парақтап, 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Екінші күннің басты көрсетілімдері туралы толық шолуымызды оқи отырыңыз.
Jil Sander
2025 жылғы күз-қыс маусымына арналған Jil Sander топтамасы Люси мен Люк Мейерлер үшін қоштасу сәтіне айналды. Сондықтан да ерекше драматизмге толы болды. Қараңғы жатыр тәріздес сет-дизайн, бүлікшіл мінез және дизайнерлердің «күш пен төзімділік» жайлы айқын месседжі көптің есінде қалғаны сөзсіз. Мейерлер бұл топтамада әлемге қарсы тұрудың өз сұлулығы мен қуаты барын бейнелегісі келгендей. Қоршаған түнектің аясында олардың образдары жарық пен жарқылды паш етті. Контраст реңктер мен жалт-жұлт еткен элементтер металл тойтармалар, шиптер, жылтыраған шашақтар мен пайеткалар арқылы жасалып, ерекше назар аударды. Коллекцияның «асаулығы» костюмдердің бөлшектерінен де байқалды: былғары мен винил элементтері, болат люверстер, өңделмеген жиектер мен пирсинг стиліндегі әшекейлер алыстан көз тартты. Соңғылары қос белбаудан салбырап, топтаманың басым бөлігін толықтырды. Топтамаға арналған жазбаларда оның басты идеясы ретінде «қарама-қайшылықтардың шиеленісі» аталған. Осылайша, ол бір мезетте қатал әрі нәзік болып көріне алды, өйткені «жарық түнектен туады, ал түнектен жарық тарайды».
Diesel
«Командама берілген контекст шамамен былай болды: Коко Шанель Балморалға барады, патшайыммен кездеседі және… тас-талқан болады» – Diesel-дің 2025 жылғы күз-қыс топтамасын осылай сипаттады брендтің креативті директоры Гленн Мартенс. Мадам Кокоға жасалған сілтеме тікелей әрі батыл шықты, себебі коллекцияда оның культтік матасы саналатын деконструкцияланған твид молынан қолданылды. Ирония мұнымен бітпеді: модельдер «өлі көз» эффектісін беретін линзалар тағып, зомбиге ұқсады. Ал твид кей жерлерде мүлде ұнтақталған күйге дейін жетті. Коллекцияның ең айрықша элементі ышқыры белден тым төмен тұратындай етіп тігілген джинс шалбары болды. Ол модельдердің бөксесінің жартысын «жалаңаштады». Мұндайды ешкім сұрамаған-ды, бірақ бұл тренд 2000-шы жылдардың Y2K дәуірінен қайта оралып, күш ала түскені даусыз.