Джейн Эйр, Prada киген үй шаруасындағы әйелдер және готикалық Blumarine – Milan Fashion Week-тің үшінші күні ұсынылған 2025 жылғы күз-қыс маусымының ең қызық коллекциялары
Милан Сән апталығы қызып жатыр. Max Mara заманауи Джейн Эйрді, ал Prada 50-ші жылдардағы үй шаруасындағы әйел образын көрсетті. Blumarine аясында брендтің эстетикасын озбыр салтанаттыққа айналдырған enfant terrible атты Давид Команың дебюті көрермен назарына ұсынылды. Материалымыздан Milan Fashion Week барысында тағы қандай коллекциялар паш етілгені туралы оқыңыздар.
Max Mara
Max Mara 2025 жылғы күз-қыс маусымы коллекциясын әзірлеу барысында креативті директор Иан Гриффитс апалы-сіңлілі Бронтелердің еңбектерін тағы бір оқып шыққан көрінеді. Соның арқасында коллекция романтикаға, құмарлыққа және әсемдікке толы еңбек болып шықты. «Джейн Эйр» романының бас кейіпкеріндегідей ұзын белдемшелер желпілдеп, капюшоны үлкен пальтолар «Найзағайлы асудағыдай» желге қарсы тұратындай әсер қалдырды. Соның өзінде дизайнер гардеробты XXI ғасырда киюге тиімді қылып жасауға тырысыпты. Коллекцияда қалтасы үлкен киімдер, ыңғайлы кросс-боди сөмкелері және стильді күнге киетін көзілдіріктер қамтылған.
Blumarine
Blumarine 2025 жылғы күз-қыс коллекциясы креативті директор Давид Команың дебюттік еңбегі болды. Оның басшылығымен Blumarine-ге тән жайбарақат Y2K эстетикасы готика мен озбыр салтанаттыққа айналды. Мұның еш жамандығы жоқ, себебі 2000-шы жылдар тренді әлсіреп келеді. Жеңіл ғана флер жетеді. Кома өзінің танымал құрылымды элементтерін Blumarine-нің жеңілдігімен, дәл пішімді тұрақсыз силуэттермен, тері мен металдың қаттылығын трикотаж бен гүл-гүл кестенің нәзіктігімен үйлестіре білді.