Milan Fashion Week-тің алғашқы күніндегі 2025 жылдың күзгі маусымының ең қызықты топтамаларына көз жүгірте отырыңыз.
Кеше 2025 жылдың күзгі маусымына арналған Milan Fashion Week басталды. Қазірдің өзінде оның болашағынан көп үміт күтуге болады. Gucci сән көрсетіліміне қарап «тарихы тереңде жатқан ірі брендтерге креативті директор қажет пе өзі?» деген сұрақ ойға оралады. Ал Dsquared2 жылдың ең шуақты кешін ұйымдастырып, блэкджек пен Doechii-дің қатысуымен нағыз сән мерекесін подиумға әкелді. Осының бәрін парақтап отырып, сән әлемі редакторларын мазмұнға толы һәм қарбалас апта күтіп тұрғанын байқауға болатын сияқты.
Gucci
Gucci-дің 2025 жылғы күзгі топтамасы креативті директорсыз жасалды және онысы алғашында көзге тым қарабайыр болып көрінді. Брендке тән ат әбзелі коллекцияның негізгі элементіне айналып, түрлі пішінде сөмкелер мен белдіктерді безендірді. Киім үлгілерінде Том Форд дәуірінің әсері байқалса, кейбір текстуралар Фрида Джаннинидің қолтаңбасын еске түсірді. Ал жалпы атмосферада Алессандро Микеленің сюрреалистік максимализмі сезілді. Тіпті Сабато де Сарноның стилінің ұшқындары да көрініс тапқан. Бұрынғы креативті директорлардың шексіз референстеріне қарамастан, топтама біртұтас әрі үйлесімді шыққан. Осы тұста креативті директорсыз-ақ сән әлемін дөңгелете беруге бола ма деп қалдық Люкс сегментіндегі алыптардың дизайнерлік лауазымдарда «музыкалық орындық» ойнап кете беруі бәрімізді шаршатқаны рас. Бәлкім, Gucci сияқты бай мұрағаттары бар брендтерге шығармашылық топтың үйлесімді жұмысының өзі жеткілікті шығар. Ал маркетинг қалған істі өзі реттей алады емес пе?
Dsquared2
Dsquared2-дің 2025 жылғы күзгі топтамасы брендтің 30 жылдық мерейтойына арналған нағыз сәнді кешке айналды. Оны креативті директорлар Дэн және Дин Кейтендер ұйымдастырды. Нью-Йорк айлақтарының бейнесіндегі сет-дизайн күтпеген жерден импровизацияланған түнгі клубқа айналды. Мұнда түрлі дәуірдің автокөліктерімен түнгі өмірдің жарқын өкілдері бірінен соң бірі келіп жатты. DeLorean көлігімен Грейс Джонс образындағы модель келсе, Амелия Грэй Шер стиліндегі бейнемен Rolls-Royce-тан түсті, ал автозактан нағыз рэпер Doechii атып шықты. Гламур мен кэмп шарықтау шегіне жетіп, Doechii-дің «fuck, I like pills, I like drugs… I like getting money, I like strippers, I like to fuck… I like day-drinkin’ and day parties and Hollywood» сөздерімен өрілген гимні бізді 2000-шы жылдардың ессіз кештеріне қайта әкеткендей әсер қалдырды. Не дейміз, мұндай кештен қалғың келмейді екен.