IMAGE imdb.com

Armani костюмі мен әскери дүкеннен шыққан күртке: костюм шеберлері Курт пен Барт визуалды контраст жасап, кейіпкерлердің қарым-қатынасын қалай көрсетті?

Режиссер Халина Рейн түсірген Tech-CEO Роми Матис (Николь Кидман) пен жас тағылымгер Сэмюэль (Харрис Дикинсон) арасындағы құмарлықты бейнелейтін, сексуалды энергияға толы психотриллер – Babygirl фильмі жақында жарық көрді. Картинада билік, ынта, өзін-өзі тану және сексуалдық сияқты тақырыптар қамтылған. Рейн заманауи адамдар арасындағы қарым-қатынасты мейлінше аршып, көрерменді бір жағынан еліртсе, енді бір жағынан ыңғайсыздандырады.

Фильмнің бас кейіпкері Роми – талғампаз әрі сәнді жан, ал Сэмюэль дөрекілігімен ерекшеленеді. Ромидің стилі – Armani костюмдері мен жібек жейделерден құрылған кеңселік салтанаттылық. Сэмюэль Ромидің ірі фирмасына сай келмейтін, қонымсыз костюм киеді. Алайда бұл визуалды дихотомия – фильм бейнелейтін билік үшін тартыстың басы ғана. Индустрияда Курт пен Барт ретінде танымал костюм жөніндегі шеберлер Курт Свонсон мен Барт Мюллер образдар арасындағы дәл осы контрасты дұрыс бейнелей алды.

Фетиштік деуге келетін киім киген, өктемшіл Роми қатал болып көрінгенімен, Сэмюэль оның әлсіз тұсын оп-оңай таба қояды. Роми арзан костюм киген жас баланың арбауына түсіп қалады. «Костюм жағын алғанда, Никольге ашық түсті Armani костюмін кигізген қызық болып көрінді. Ол бөлмеге баса көктеп кіруі керек еді. Алайда ескі, жарасымсыз костюм мен көк жейде киген Сэмюэль динамиканы толық өзгертіп, доминанттың рөлін сомдай бастайды», – дейді Барт.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Кейін Ромидің гардеробы өзгеріске ұшырап, құдды бір жан-дүниесінің айнасына айналады. Сэмюэльмен алғаш кездескенде Ромидің YSL жейдесіне тағылған мінсіз бант шешіліп, алдағы қиындықтарға нұсқағандай болады. Арзан мотельдегі кездесуге Роми әлеміштене киінсе (қонымды қарындаш пішіндес юбка, жеңіл Etro шілтерлі жейдесі және биік өкшелі туфли), Сэмюэль тозыңқы джинс шалбары мен ескі худиін киіп барады. «Ромидің билікке деген, сондай-ақ оны жоғалтуға деген ұмтылыс арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайтынын көрсеткені қызық болды. Бұл қарама-қайшылық детальдардан анық көрінеді. Мысалы, ол жолдасының көрмесіне әдемі киініп барып, кешірек көңілдесімен кездеседі немесе кеңсе костюмін рейвке киіп барады», – деп ой бөліседі Барт.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Сэмюэль – сырға толы тұлға, фильмде оның өмірі туралы айтылмайды да. Кейіпкердің мінезіне негізделген бүкпе мән де ғажап құрылған. «Метрода тұрған тағылымгер» сөз тіркесін гуглға салып көрдік. Үлкен рюкзак ұстап, киіміне дым үйлеспейтін пальто киген жас жігіттің фотосуретін таптық. Тоңғаннан, басқа киімі болмағаннан киген болар», – дейді Курт. Сэмюэльдің образы сондай-ақ Meet Joe Black фильміндегі Брэд Питтен шабыт ала отырып жасалған. «Харриске бірнеше қынама костюм кигізіп көрдік, болмады. Үлкен кісінің костюмін киіп алған балаға ұқсатқымыз келді», – деп түсіндірді Курт. Кейіпкердің талғамы жоқ екенін техкомпания тағылымгерінен гөрі мафия басшысына дөп келер алтын Фигаро алқасынан-ақ білуге болады.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Кербез Роми салпиған костюм мен добалдай бәтеңке киген Сэмюэльге еш қарамайтындай болып көрінеді. Алайда Babygirl адам баласы кей кезде миға сыймайтын нәрсе қалайтынын көрсетеді. Өмірін түпкілікті басқаруға үйренген Роми шектеулерден босап шығып, еркін өмір сүруді қалайды. «Саған не істеу керек екенін біреуден естіген ұнайды деп ойлаймын», – дейді Сэмюэль Ромиге. Дәл осы сөз басымдық көрсету, басқару және әрқайсысымыздың бойымызда бар қайшылықтардан құралған хикая соңының басы болды.

Темы