Желбіршек немесе желпей — кейінгі кезде сән әлемінде салтанат құрып тұрған coquette core трендінің бір элементі
Желбіршек немесе желпей — кейінгі кезде сән әлемінде салтанат құрып тұрған coquette core трендінің бір элементі.
Бұл декор әлемдік фэшн өндірісте ‘рюш’ атауымен танымал. XVI ғасырда француз ақсүйектері өз мәртебесін осылай айқындаған. Кез келген, тіпті бас киімдерді бір немесе бірнеше қатпар желпеймен сәндеген. Уақыт өте бұл патшалар мен байлардан қара халық гардеробына өтіп, кейін бар әлемге кең тараған. 1930, 1950 және 1970 жылдары сәнге романтикалық стильмен бірге оралып отырған.
Ал биыл желпейлер подиумдардан бастап қызыл кілемдерге дейін жаулап алды. Мысалы, биылғы Канн кинофестивалінде Сиенна Миллер Chloé сән үйінің тұтас желпіншекпен безендірілген мөлдір көк көйлегін киіп шықты. Ал алты жыл үзілістен кейін қайта оралған Victoria’s secret шоуы да рюшті елеусіз қалдырмады. Оның бірнеше киімде көрініс табуы рюштің әлі де трендте екенін көрсетеді. Модель Девин Гарсия үстіндегі нәзік желбіршек бренд модельдерінің «періште» атауына дәл келіп тұрғандай.

Біз баян еткен желпіншектің тарихы шындығында тым тереңде жатыр. Себебі жоғарыда көрсетілген киімдерге назар сала қараған кез келген, тіпті, сәннен хабарсыз адамның өзі қазақ ұлттық көйлектеріне ұқсастығын байқамауы мүмкін емес. Алматыдағы мемлекеттік орталық музейге бара қалсаңыз да, осы сөзге дәлел болар Сиенна Миллер аутфитінен айнымайтын түрлі желпейлі қазақы көйлектерді таба аласыз.
Қазақ энциклопедиясында қазақ әйелдерінің көйлегіне мынадай анықтама берген: «Қыздар мен әйелдер көйлегін бүрмелі, тік етек, қос етек деп бірнеше түрге бөледі. Қос етек көйлек бір етектің үстіне тігіледі. Мұндайды орта жастағы әйелдер үстінен көресіз. Ал қос етек көйлекті жас келіншектер мен қыз балалар, етегі үш қатпарлы көйлекті жаңа түскен келіншектер мен бойжеткендер киеді. Етегінің қатпарына сай жеңіне де қатпар түсіреді.»
Сондықтан, бұл трендке сай киім үлгілері этно бағытты ұстанатын жергілікті брендтерде де бар. Мысалы, тұңғыш коллекциясынан-ақ көпшілік көзайымына айналған Әсем Сапарғалидың неоэтника мәнеріндегі киім үлгілерінде де рюш көрініс табады.